Жаңа оқу жылынан бастап Астана қаласында орта білім беру мекемелерінде «Біртұтас» тәрбие бағдарламасы жаңа мазмұнда оқытылып жатыр. Оның ерекшелігі – биылдан бастап барлық пәнді оқытуда мұғалімге баланың бойына білім мен қатар ұлттық тәрбиені қоса беру міндеттелді.
Астана қаласының Білім басқармасы Біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында 2024-2025 оқу жылына арналған жаңа жоспарды бекітті. Бүгінгі таңда барлық ұстаз оқушылардың бойына ұлттық мүддені сіңіре отырып білім беруді бастап кетті. Атап айтсақ, «Күй күмбірі», «8 минуттық оқу», «Үнемді тұтыну», «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы», «Өнегелі 15 минут» сынды оқыту шаралары күнделікті өткізіледі. Оған қоса, аптаның әр күні «Әдеп күніне», «Денсаулық күніне» «Ұлттық құндылықтар күніне» арналады.
Жаңа әдістемеге бағытталған жұмысты тиімді ұйымдастыру үшін тамыз айында қаладағы барлық мектепке оқыту семинары ұйымдастырылды. Семинарға мектепке дейінгі, орта, кәсіби-техникалық сонымен қатар қосымша білім беру ұйымдарынан, жеке мектептерден 10 мыңнан аса педагог қатысты. Оларға ұлттық құндылықтары және оларды оқу үдерісіне интеграциялау, жүзеге асыру механизмдері мен алгоритмдері, мұғалімдердің практикалық дағдыларын арттыру, сондай-ақ, аймақтық білім беру ұйымдарында бағдарламаны іске асыруды басқару және үйлестіру туралы ақпарат берілді.
Қазіргі таңда педагогтер жаңартылған әдіске сүйеніп білім беруді жалғастыруда.