06-09-24 |
11190 рет қаралған
Астанада бірнеше жерде этноауыл ашылады.
Астанада бірнеше жерде этноауыл ашылады

Астана қаласында өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында елордада 5 этноауыл ашылады. 2024 жылдың 6-14 қыркүйек аралығында «Қазақ елі» монументі, «Ататүрік» саябағы, «Бәйтерек» монументі және Орталық саябақ аумағында этноауыл жұмысын бастайды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Этноауыл аумағында концерттік бағдарламалар және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.
Концерттік бағдарламада Мәдениет басқармасының ведомстволық бағынысты мекемелерінің шығармашылық ұжымдары мен солистері, сондай-ақ белгілі өнер қайраткерлері мен отандық эстрада жұлдыздары қатысады.

Концерттік бағдарлама этноауылдарда сағат 18:00-ден 20:00-ге дейін ұйымдастырылады.
Есіл ауданының аумағында этноауыл «Бәйтерек» монументінің алаңында ұйымдастырылады
Алматы ауданының аумағында этноауыл «Қазақ елі» монументінің жанында орналасқан.

Байқоңыр ауданының аумағында этноауыл «Ататүрік» саябағында ұйымдастырылады.

Нұра ауданының аумағында этноауыл Орталық саябақта орналасатын болады.

Ал 7 қыркүйек күні сағат 11:00-де «Қазанат» ипподромының жанында 10 гектар жерде басты «Көшпенділер Әлемі» этноауылы ашылады. Этноауыл бірнеше орынға бөлінеді: Орталық алаң, ұлттық ойындарға арналған балалар ойын алаңы, халық музыкасына арналған шатыр, ашық аспан астындағы көшпелі Өркениеттер мұражайы, спорттық іс-шаралар, ұлттық тағамдар, басты сахна, аймақтардың этно-қоныстары, қолөнершілер және шығыс базары бар арнайы қала. Сондай-ақ этноауыл аумағында көптеген кәдесыйлар табуға болатын шығыс базары ұйымдастырылады. Еліміздің екі жүзден астам қолөнершілері өз өнімдерін ұсынады.

Этноауылда туристер мен қонақтар дәстүрлі және ұлттық тағамдардан дәм тату үшін қазақ ұлттық тағамдарының мейрамханалары ұсынылады.

Балалар үшін «Балалар алаңы» ойын алаңы қарастырылған, онда олар көңілді және танымдық бағытта уақыт өткізе алады.

Айта кетейік, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өтеді, оған әлемнің 89 елінен 2500-ден астам қатысушы қатысады.

Елорда тұрғындары мен қонақтарын Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу орындарына қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мақсатында 15 қыркүйекті қоса алғанда №18, 37, 303, 323 маршруттардың қозғалыс сызбалары уақытша өзгертілді.

Елорда тұрғындары мен қонақтары қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлап алғаны жөн.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.