Астанада белсенді Ермек Нарымбай сот шешімін орындамағаны үшін бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы ҚазТАГ хабарлады.
Сот қаулысында Нарымбайды тәртіпке шақырып, қоғамға ескерту жасау мақсатында қамауға алу қажет деп көрсетілген.
ҚР ӘҚБтК 669-бабының 1-бөлігіне сәйкес, мұндай құқықбұзушылық үшін айыппұл немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамау қарастырылған.
Полиция хаттамасында 2025 жылдың 20 наурызы мен 21 сәуірі аралығында Нарымбай Facebook желісінде әлеуметтік-экономикалық және саяси тақырыпта 10 жарияланым жасағаны көрсетілген.
Сотта Нарымбай өз ісін Конституциялық сотқа жіберуді сұрап, бұған дейінгі үкімнің заңсыз екенін мәлімдеді. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмады.
Сот оның 2023 жылғы 19 қыркүйекте Қонаев қалалық сотының шешімімен қоғамдық қызметпен айналысуына тыйым салынғанын және әлеуметтік, саяси тақырыпта жарияланымдар жасауына шектеу қойылғанын еске салды.
Бұл — Нарымбайдың әлеуметтік желідегі жазбаларынан кейін биылғы алғашқы әкімшілік қамауы емес.
2022 жылы қазақстандық құқық қорғаушылар оны «саяси тұтқын» деп таныған.