arasha.kz

АСТАНАДА ОТБАСЫЛАР БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Бүгін Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының зейнеткерлері «Ата. Бала. Немере – Әже. Келін. Немере» атты отбасылық байқауға қатысты.

Байқау қалалық Ардагерлер кеңесінің мұрындық болуымен «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында ұйымдастырылды.

Іс-шара отбасылық қарым-қатынасты нығайту және ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында өтті.

Байқауға Алматы, Байқоңыр, Нұра, Есіл, Сарыарқа аудандарынан 5 отбасы жарысқа түсті.
Байқауда өнерлі отбасылар «Таныстыру», «Бата беру», «Презентациялық бейнеролик, «Әже шеберлігі», «Көрініс», «Сұрақ-жауап», «Өнер» бөлімдері бойынша сынға түсіп, шаңырақтағы шаттық пен берекені көрсете білді.

Отбасылар байқауының шарты бойынша атасы бата берсе, немересі өнер көрсетіп, әжесі мен келіні қол өнер бұйымдарын ұсыну қажет еді.

Байқау соңында «Ұлағатты ата, саналы ұрпақ», «Асыл әже, ибалы келін», «Үлгілі ана, үкілі ару», «Үлгілі әке, мейірімді ұл» және «Ағайындар –әулет тірегі» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталып, бағалы сыйлықтар табысталды.

Қазылар алқасының қорытындысы бойынша Алматы ауданының Дукесовтер отбасы «Үлгілі ана – үкілі ару» номинациясын, Байқоныр ауданының Исхаковтар отбасы «Ағайындар – әулет тірегі» номинациясын, Есіл ауданынан келген Хамзиндер отбасы «Үлгілі әке, мейірімді ұл» номинациясын, Нұра ауданының Ахметжановтар отбасы «Ұлағатты ата, саналы ұрпақ» номинациясын және Сарыарқа ауданының Ахметовтер отбасы «Асыл әже, ибалы келін» номинацияларын өзара бөлісті.
Кеш соңында «Есіл толқындары» халықтық ардагерлер ансамблі, № 106 мектептің көркем өнерпаздары мен Қазақ Ұлттық Өнер университетінің студенттері өнер көрсетті.

Exit mobile version