arasha.kz

Астанада ірі жеке секторда үйлерді газға қоса бастады

2021 жылдың қазан айының ортасында Оңтүстік-Шығыс ірі тұрғын алабында үйлер газға қосылды.

Бұл жеке сектор түтіннің негізгі көздерінің бірі болып саналады.

Осылайша, бүгінде келесі аудандар газ берумен қамтамасыз етілді: 1) «Промышленный» т/а (Қошқарбаев даңғылынан оңтүстікке қарай толығымен); 2) Момышұлы даңғылы – Абылайхан даңғылы – Қошқарбаев даңғылы – Қордай көшесі шекарасында; 3) Құдайбердіұлы даңғылы – Бурабай – Абылайхан даңғылы – Мұстафин көшесі; 4) Қобыланды батыр көшесі – Лепсі көшесі – Құдайбердіұлы даңғылы – Бурабай көшесі.

Осы аудандарда тұратын тұрғындар үйді газға қосуға өтінім беру үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ға (Республика даңғылы, 24) жүгінуі қажет. Толық ақпарат алу үшін +7(7172)55-89-75, ішкі нөмірлері: 1530, 1527, 1534.

Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабының қалған бөлігі бойынша іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде, газды іске қосу кезең-кезеңімен бір ай ішінде орындалады. Қазақауыл (Қараөткел) шағын ауданы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. 

«Бұл біз үшін өте қуанышты оқиға. Кеше үйіміз газға көшірілді. Енді түнімен пешті күзетіп, тексерудің қажеті жоқ. Таңертең қазандықты тексердім, бәрі таза, үй де таза, жылы. Бұрын түнде 3-4 рет пешке көмір салуға тура келетін. Қазір мұның бәрін жасаудың қажеті жоқ», – деді Оңтүстік-Шығыс тұрғыны Ерден Омаров.

«Біздің Оңтүстік-Шығыс елді мекенінде тұрғанымызға 20 жыл болды. Пеш жағып, соның түтінімен демалатынбыз. Енді бізге газ келді. Өте қуаныштымыз. Бізге жеңіл болып қана қоймай, экология да жақсарады», – деді Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабының тұрғыны Әміржан Болсанбеков.

Нұр-Сұлтанда қаланы газдандыру бойынша ауқымды жұмыстар жалғасуда. Екі жыл ішінде елордада 645 шақырымнан астам кварталішілік газбен жабдықтау желілері салынды. Газға Көктал-1, Көктал-2, Теміржолшылар, Агроқалашық бөлігі және Оңтүстік-Шығыс тұрғын алаптарының тұрғындары қосылды. 

Осы күзде Промышленный, Агроқалашық және Оңтүстік-Шығыс (қосылмаған бөліктер) тұрғындары газға қосылу мүмкіндігін алады. Сондай-ақ, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный елді мекендерінде газбен жабдықтау желілерінің құрылысын жүргізуде.

Газдандыру — Елбасының ауқымды жобасы. Жоба қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, қала экологиясын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. 

Қаланы газдандыру мәселесі мемлекет басшысының бақылауында.

Exit mobile version