13-11-24 |
2640 рет қаралған
Ата-аналар «Келешек» жүйесі арқылы балаларының оқуына ақша жинай алады.
Ата-аналар «Келешек» жүйесі арқылы балаларының оқуына ақша жинай алады

Мәжіліс кейбір заңнамалық актілерге ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив істері салаларындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасында Президенттің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауын іске асыру аясында әзірленген «Келешек» біріңғай ерікті жинақтау жүйесінің қызметін құқықтық реттеуді көздейтін нормалар қарастырылған.

«Келешектің» негізгі моделі Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің қолданыстағы тұғырнамасы аясында жүзеге асырылатын болады. Әрбір ата-ананың кез келген банкте немесе өмірді сақтандыру компаниясында кез келген жастағы баласының атына шот ашуға құқығы бар. 5 жасқа толған балалардың шотына мемлекет бюджеттен 60 АЕК, жетім балаларға 120 АЕК мөлшерінде біржолғы бастапқы білім беру капиталын береді.

Ата-аналар үшін баланың шотына жыл сайынғы ең төменгі жарна талаптары бар. Ол әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балалары үшін – 12 АЕК және қалғандарына – 24 АЕК. Жинақ барлық бала үшін 5 пайыз, әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балалары үшін 7 пайыз. Сондай-ақ банктің немесе сақтандыру компаниясының белгіленген табыс көлемі үшін жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақы алады.

Ең төменгі жылдық жарнаға қойылатын талаптар бұзылған жағдайда бастапқы білім беру капиталы бюджетке қайтарылуға тиіс.

Жиналған қаражатты Қазақстандағы немесе шетелдегі колледждер мен университеттерде оқуға жұмсауға болады. Егер сіз мемлекеттік білім грантын алсаңыз, жинақталған қаражатты басқа білім деңгейін алуға, ақшаны үшінші тұлғаның депозитіне/сақтандыру шартына аударуға, білім туралы құжатты ұсынған кезде капиталдандырылған сыйақымен қаражат алуға немесе қаражатты заңнамаға сәйкес тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсауға болады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.