Атбасар маңындағы саяжайда ер адам еріген қар суынан қоршалып қалып, үйдің шатырына шығып, сол жерде өмір сүрген. Бұл туралы КазТАГ хабарлады.
Әлеуметтік желіде ер адам Атбасар қаласы маңындағы су басқан саяжай үйінің шатырында тұрған видеосын жариялады. Оның айтуынша, ол еріген қар суы кесірінен сыртқы әлеммен байланыссыз қалып, үйдің шатырында тұруға мәжбүр болған – сол жерде тамақ дайындап, ұйықтаған.
Жергілікті билік саяжай аумағында ешкім тұрақты тұрмайтынын мәлімдеді.
«Бейнежазба авторының тұрақты мекенжайы жоқ және ол саяжай қоғамының қарауылы да емес. Видео жарияланғаннан кейін Төтенше жағдайлар қызметкерлері азаматты құтқару жұмысын жүргізді. Кейін ол Атбасар қаласындағы №5 мектепте орналасқан эвакуациялық пунктке жеткізілді», – деп хабарлады әкімдік.
Сонымен қатар, Шортанды ауданының Оксановка ауылында да үйлерді су басты. Мұнда су өткізу құбырлары судың көлеміне төтеп бере алмай, нәтижесінде еріген су тасқыны ауылдың орталық көшесіне бағытталған.
Коммуналдық қызметтер экскаватормен жолды ашып, еріген судың өтуіне жағдай жасады. Қазіргі кезде су деңгейі төмендеді, тұрғын үйлерге қауіп жоқ.