Атырау қаласындағы көпқабатты тұрғын үйдің ауласына 54 орындық орнатылып, тұрғындар тарапынан қатты сынға ұшырады. Қалалықтар бұл — жайлылық үшін емес, артық шығын мен орынсыз жоспарлаудың көрінісі деп есептейді. Бұл туралы «АқЖайық» басылымы жазды.
— Қалада бірде-бір орындық жоқ аулалар жетіп артылады. Ал мұнда бір қатарға тізіп қойған. Кейбір саябақтардың өзінде бұлай көп емес, — деп наразылық білдірді тұрғындар.
Олардың айтуынша, бұл аулаға 10–20 орындықтың өзі жеткілікті болар еді, себебі аумақ онша үлкен емес.
Атырау әкімдігі бұл жұмыстар «100 аула» жобасы аясында атқарылғанын, және бәрі бекітілген жоба бойынша жасалғанын түсіндірді. Алмагүл шағын ауданындағы бұл аулада екі 9 қабатты және төрт 5 қабатты үй бар.
— Жоба бойынша орындықтар әрбір метр сайын орнатылуы тиіс. Бір қатарға қойылғаны — бос орынның жетіспеуінен, — деді қалалық ТКШ бөлімі сектор меңгерушісінің м.а. Ербол Айтқалиев.
Бұған қоса, мемлекеттік сатып алу порталында 30 миллион теңгеге орындықтар мен қоқыс жәшіктері сатып алынғаны анықталды:
Арқасыз 50 орындық — әрқайсысы 200 мың теңгеден,
Арқасы бар 54 орындық — 212 мың теңгеден,
100 композиттік мәрмәрден жасалған қоқыс жәшігі — 100 мың теңгеден.
ТКШ бөлімі бұл сатып алу «100 аула» жобасына қатысы жоқ деп отыр. Алайда нақты қай жерлерге орнатылатыны белгісіз.
Әлеуметтік желідегі сыннан кейін әкімдік тапсырмасымен кейбір орындықтар қайтадан алынған.
Фото: Ақжайық