Бұл еліміздің аударма және жоғары оқу орындарындағы білім беру саласындағы жаңа тәжірибе болғандықтан, үйренетін және ескеретін мәселелер көп болды. Р.Кенжеханұлы айтып өткендей, аударма ісіне 200-ден астам маман жұмылдырылды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, AlmaU университеті, Нархоз, Сүлеймен Демирел университеті секілді іргелі оқу орындарының білікті ұстаздары аудармаға белсене араласып, қазақ тілінің ғылым тілінде орнығуына зор алғышарт жасады. Аударманы мейлінше сапалы шығару үшін жұмысқа тәжірибелі аудармашылар мен жоғары оқу орындарының ұстаздары шақырылып, ғылыми редакция жасауға – еліміздің белгілі ғалымдары, әдеби редакцияға қарымды қаламгерлер, білікті редакторлар мен баспагерлер тартылды.
Аудармаға кіріспес бұрын, алдын ала арнайы талаптар мен ескерілуге тиіс мәселелер топтастырылды. Қазақ тілінің заман тудырып отырған жаңалықтары мен ерекшеліктері ескерілді, жаңа термин қалыптастырудың барлық заңдылықтары қаперге салынды. Аударманың тілін жатық, ұғынықты ету мақсатында аударма ережелері мен қағидалары дайындалып, бекітілді. Жаңа терминдерге балама іздеуде қарабайырлыққа ұрынбау, ұғымдар мен түсініктерді халықаралық ғылыми және кәсіби лексикадан алшақтатпай, мағыналық сәйкестігін сақтау, мазмұнға нұқсан келтірмей, грамматикалық құрылымдарды мейлінше жеңілдету, мысалдар мен кейстерді, суреттер мен кескіндерді мүмкіндігінше қазақстандық баламалармен алмастыру сияқты ұстанымдар келісілді.
Осындай негізде қазірдің өзінде жоба сөздігіне 3000-нан аса ғылыми термин, ұғым мен түсінік жинақталды. Олардың бірсыпырасы бұрыннан қолданыста бар, енді бір бөлігі – мүлде жаңа сөздер мен халықаралық қолданыстағы түпнұсқасын сақтай отырып тілімізге енген ұғымдар.
Мысалы, психологияда «бихевиор» термині бар. Ситуацияға орай, осы ұғым бірде – «мінез-құлық», бірде – «жүріс-тұрыс», енді бірде «іс-әрекет» болып аударыла алады. Демек, аудармашы әр сөзге, әр тіркеске мән беріп, дәл де ұғынықты аударылуына мән беруі қажет. Аударма ісі алғашқы «жолма-жол аударма» – ғылыми редактура –әдеби редакция сатылары арқылы жүргізілді. Әрине, бұрын-соңды қазақ тіліне аударылмаған 18 оқулық бірден төрт аяғын тең басып кетті десек, артық айтқан болар едік. Дегенмен биылғы күзден бастап студенттер қолына тиетін кітаптар қазақы мазмұнға толы екеніне күмән жоқ.
Ұлттық аударма бюросы кітаптардың мазмұнына ғана емес, атауларына да өте сергек қарады. Мысалы, 2017 жылдың тамыз айында қазіргі аударма теориясы мен тәжірибесіне арналып, Алматы қаласында өткен ғылыми конференцияда ғалымдар мен қаламгерлер Э.Аронсонның The Social Animal және К.Армстронгтың A History of God атты еңбектерінің қазақша атауы төңірегінде көп пікір таластырды. Әрине, Аронсон еңбегін орыс тіліндегі нұсқасындай «Қоғамдық жануар» («Общественное животное») деп алуға болар еді. Бұл анықтауышты есте жоқ ескі замандарда Аристотель бірінші болып айтқанын келтірсек те жеткілікті. Дегенмен адамға «жануар» деп анықтама беру қазақ ұғымына қашанда ауыр. Бюро қызметкерлері ғалымдар арасында сауалнама жүргізіп, әлеуметтік желілерде көпшілік пікіріне сүйене отырып кітап атауын «Көпке ұмтылған жалғыз» деп алуды ұйғарды. Бұл атауды шығыстанушы Ғ.Боқаш ұсыныпты. Ал Армстронг еңбегін «Құдай тарихы» деп контекстен аулақтамай алу да аса сорақы бола қоймас еді. Мұнда да ғалымдар мен жауапты азаматтар ұлттық ұғымның мейлінше кең кеңістігін зерттеп-зерделеп, «Құдайтану баяны» деген атауға бірауыздан келісті. Астанада өткен жиында осы атауға мемлекет басшысының ризашылық білдіргені де бекер болмаса керек.
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024