Жетісу облысындағы Кербұлақ аудандық ауруханасында медицина қызметкерлері басшылыққа қарсы шықты. Олар видеоүндеу жариялап, кадр бөлімінің басшысы тарапынан қысым мен заңсыз әрекеттерге шағымданды. Мысалы, медицина қызметкері Айгерім Қаптағаева жариялаған бейнежазбасында аурухана қызметкерлерінен ақша бопсалау деректері туралы мәлімдейді, деп жазды Ratel.kz.
Бұл емдеу мекемесінде мұндай жағдайлардың расында орын алған-алмағаны әзірге белгісіз, әрі біз нақты бір қорытынды жасамаймыз. Өйткені, тәжірибе көрсетіп отырғандай, мұндай бейнероликтердің мазмұны кейде жала жабумен аяқталып, авторлары кейін көпшіліктен кешірім сұрап немесе тіпті сот алдында жауап беріп жатады.
Соған қарамастан, наразылық білдірген медицина қызметкерлері Талдықорғанға барып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке ресми арыз түсірген. Арызда және видеода медбике Айзат Есімханқызы өзінің кәсіби жарамдылығын растап беру үшін одан ақша талап етілгенін айтады.
Медқызметкерлердің айтуынша, олар Кербұлақ аудандық ауруханасының бас дәрігері Қанатбек Абдрахмановпен кездесіп, ол кадр бөлімінің басшысына қатысты мәселені шешуге уәде берген. Алайда Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан бейнежазбада Абдрахманов ешқандай уәде туралы айтпай, керісінше, жалған ақпарат таратқандар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескерткен.
– Қазір ауруханада тексеріс жүргізілуде. Егер айтылған жайттар расталмаса, бейнеролик авторлары жауапқа тартылады, – дейді видеода Қанатбек Абдрахманов.