arasha.kz

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев отставкаға кете ме?

Қазақстандық фермерлер ауыл шаруашылығы министрінің алдында тұрып, оның отставкаға кетуін талап етті. Бұл туралы «КТК» арнасы хабарлады.

«Орныңыздан кетуіңіз керек. Ал сіздің орныңызға халқына жаны ашитын жақсы маман табу керек. Ренжімеңіз, бірақ Маңғыстау тұрғындары сіздің жұмысыңызға көңілдері толмағандықтан ашулы. Біздің қалауымыз – тезірек әрекет етіп, аймаққа қолдау көрсетіңіздер. Қыстың екі айы ғана қалды, аман өтуге көмектесіңіз. Өткен жылмен салыстырсақ, Маңғыстауда малдың тек төрттен бірі ғана қалды. Егер қалған мал басы Ақтөбеге немесе Оралға сатылды десем, өтірік айтқаным емес», – деді Маңғыстаулық фермер Әділбек Сағындықов. 

Шаруалар қырылған мал басын қайта санауды талап етті. Бұрын жарияланған  1 700 басты олар аз деп есептейді. Сонымен қатар жем-шөптің қымбаттауына да шағымданды. Ең қымбат шөп Маңғыстау облысында екен. Егер бұлай жалғаса берсе, қыста аман қалған төрт түлік қырылып қалуы мүмкін дейді. Шаруалар министрден бұл іске араласып, баға мәселесін шешуді сұрады. Айта кетейік, фермерлердің көпшілігі мемлекеттік субсидия жайлы білмейтін болып шықты.

Шаруалар олардың ойын ескерместен, заңға өзгеріс енгізілетініне де шағымданды. Ал өз тарапына шағым естіген министр барлық сынды тыңдап, мәселені шешуге уәде берді.

«5 қаңтарда депутаттармен бірге комиссия жібереміз. Қаржыландыру мәселесін де шешеміз, тек бұл үшін Қаржы министрлігімен бірлесу керек. Алайда жолға шықпас бұрын «Zoom» платформасында жиын өткізіп, барлық тақырыптарды талқылауымыз қажет», – деді ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев. 

Exit mobile version