Әлемдік білім беру нарығының жылдық айналымы – 100 млрд доллардан астам, соның ішінде 50-70 млрд АҚШ доллары жоғары оқу орындарына тиесілі.
Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы (ЭЫДҰ) есебі бойынша, қазір әлемде 140 млн студент 36 000 жоғары оқу орнында білім алуда. Сарапшылардың болжамы бойынша, негізінен Азия мен Еуропада жоғары білім алушылар қатарының көбеюі себебінен 10 жылдан кейін студенттер саны екі есе артады. Жаһандану үдерісі де білім беру саласын теріс айналып өтпейді; Education at a Glance 2012 ЭЫДҰ баяндамасында 2000-2010 жыл аралығында шет елде білім алушылар 99% артқан – 2.1 млн адамнан 4.1 млн жеткен дейтін мәлімет келтірілген.
Шикізат бағасы құбылмалы кезеңде әлемдегі көптеген мемлекеттер бұл салада тұрақты түрде қыруар пайда көруде. Мәселен, былтыр Австралияда білім беру экспорты көлемі 28 млрд долларды құраған, әрі бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді.
Ал АҚШ әлемнің білім беру нарығындағы қаржы айналымының үштен бірін уысында ұстап отыр. Олардың жоғары мектептеріндегі халықаралық студенттерді оқыту арқылы түсіретін пайдасы АҚШ үкіметінің осы салаға бөлетін қаржысынан он бес есе артық. Білім беру саласы америкалық экспорт үшін маңыздылығы жөнінен бесінші орын алады.
Дегенмен де, соңғы жылдары нарықтың осы саласында бәсекелестік артуда. Мысалы, техника мен технологиясы қарыштаған Жапония 2025 жылға дейін 300 мың шет елдік студент тартуды жоспарласа, осы нарықтан Иордания да өз үлесін үзіп алғысы келеді. Олардың арманы 2020 жылға дейін еліне 200 мың шет елдік студент әкелу.
Білім беру экспорты мәселесінде Малайзия моделі де назар аударуға тұрарлық. Білім беру мен ағылшын тілін үйрету жақсы жолға қойылған осы мемлекетте қазіргі таңда 100 мыңнан астам шетелдік студент білім алуда. Ал 2020 жылға қарай малайлықтар бұл көрсеткішті 200 мыңға жеткізуді жоспарлауда. Осы елде оқыған әр студент жылына ең кемінде 10 мың доллардан астам қаржы қалдырады. Сондай-ақ, Малайзияда британдық, австралиялық жоғары оқу орындарының орналасуы осы мемлекеттің білім беру нарығындағы беделін айғақтай түссе керек.
Шетелдерден келіп оқитын студенттердің өздерімен бірге әкелетін қаражаты ел экономикасына құйылатыны түсінікті.
Ал Қазақстан осы таусылмайтын ресурс – білім беру мүмкіндігін тиімді кіріс көзіне айналдыра ала ма?
Ол үшін осы Азия-Тынық мұхиты аймағындағы елдердегідей транс-шекаралық оқу орындарын ашу қажет. Алдымен әлемге әйгілі оқу орнынан франчайзинг алынады немесе аккредитациялайды. Қос дипломдық жүйені дамытуға, сондай ақ олардың филиалдарын ашуға да болады. Жас түлек сол танымал оқу орнына қабылданады, университеттің оқу бағдарламасы бойынша білім алады, алайда оқуының негізгі бөлігі Қазақстанда өтіп, тек арасында академиялық ұтқырлық ретінде негізгі университетке барып келеді. Әсіресе соңғы оқу жылының соңында, дипломдық жұмысын қорғауға баруы мүмкін.
Халықаралық білім беру саласының сарапшылары осындай институционалдық ұтқырлық үдерісін жиі сөз етуде. Оның бір мысалы Дубайдағы «Білім ауылы» (Knowledge Village), Катардағы Білім беру қаласы (Education City) тәрізді білімге негізделген шет елдік институттарды аумақтық инновациялық немесе экономикалық даму стратегиясы ретінде қарастырып, офшорлық кампустар ашып, аумақтық кластерлердің құрылуы.
Батыстық үздік оқу орнында білім алу үшін ағылшын тілін білу көп ретте міндетті. «Үш тілділік» саясатының арқасында Қазақстанның ағылшын тілін дамытуды қолға алып, мектептер мен жоғары оқу орындары үштілдікке көшуіне байланысты, еліміздегі ағылшын тілін оқыту жүйесі жақын болашақта әлемдегі алдыңғы қатарды иеленіп, халықаралық студенттер Қазақ еліне қарай көптеп бет бұруы әбден мүмкін.
Бұған бірнеше себеп бар: біріншіден, дәріс беру тілінің маңыздылығы келешекте төмендемей, керісінше, арта түсетінін ескеру керек. Кейбір деректер бойынша, алдағы он жылда әлемде 2 миллиардқа жуық адам ағылшын тілін үйренеді деп топшыланған.
Ал еліміздің білім беру саласындағы соңғы реформалар сәтті жүзеге асып, ағылшын тілі бірінші сыныптан бастап мектептерде, жоғары оқу орындарында тереңдетіліп оқытылса, әрі сапалы мамандар даярлау мен тіл үйрету курстары дұрыс жолға қойылса, еліміздің білім беру жүйесінің жақсы имиджі қалыптасары сөзсіз. Мұндай үдеріс өз кезегінде шетелдік студенттердің Қазақстанға қарай ағылуына әсер етеді.
Халықаралық студенттер елімізде тек сапалы білім алып қана қоймай, сондай-ақ ағылшын тілін де үйреніп шығатын болады. Ал Орталық Азия, Түркия мен Қытайдан келетін студенттерге ағылшын тілімен қатар орыс тілін де игеруге бірегей мүмкіндік туады.
Шетелдік студенттер үшін еліміздің тағы бір артықшылығы – осындағы білім алу, пәтер жалдау, тұрмыстық қызмет және т.б. бағалардың төмендігі.
Үшіншіден, Астана, Алматы және басқа да қалалардың әдемілігі, өмір сүруге жайлылығы, жақсы медициналық қызмет, қауіпсіздік, демалыс орындарының көптігі, Бурабай мен Алатау тәрізді жерлердің табиғатының сұлулығы және басқа да көптеген факторлар халықаралық студенттердің Қазақстанды таңдауда шешуші рөл атқаруы мүмкін.
Әрине, Times Higher Education тәрізді халықаралық академиялық рейтингтерінің жарияланымдарының алғашқы орындарынан табылатын әлемдік университеттермен бәсекеге түсу оңай болмас. Бірақ Ресей, Қытай және Орталық Азия елдері үшін Қазақстан ағылшын тілін меңгеру жолындағы оазиске айнала алады. Көрші елдердің барлығында халық саны жоғары, әрі ешқайсында ағылшын тілі айтарлықтай дами қоймаған. Ағылшын тілді елдер олардан алыс орналасқан. Сол себепті үштілділіктің қарқын алуына байланысты көрші мемлекеттердің алдындағы артықшылығымызды барынша тиімді пайдалануымыз керек.
Білім беру экспорты әлеуетін арттыру міндеті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары – «100 нақты қадамында» көрініс тапқан. Сонымен бірге онда көрсетілгендей, ғылыми жұмыс нәтижелерін коммерцияландыру жүйесін құру және Астана қаласын Еуразияның ғылыми орталығына айландыру жолында студенттерді Қазақстанға тарту – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Сол себепті, Елбасы өзінің бір сөзінде айтқандай, ағылшын тілін меңгеру арқылы көкжиегімізді кеңейтуіміз қажет.
Нұржан ЖЕҢІС
Дереккөздер:
Балкизова Х.Ю.
Миравой рынок образовательных услуг высшей школы
Журнал «Вестник Университета» № 6, 2017
Галичин В.А.
Международный рынок оброзовательных услуг: основные характеристики и тенденции развития
«Век глоболизации» журналы №2(12)2013
Австралия үкіметі Білім және Cауда департаменті. Export income to Australia from international education activity in 2016-17 https://internationaleducation.gov.au/research/Research-Snapshots/Documents/Export%20Income%20FY2016%E2%80%9317.pdf