2019 жылғы 23 қаңтарда Тараз шекара отрядының «Жасөркен» заставасына қарама-қарсы жерде, Қырғыз Республикасының шекара жасағы 10 жылқыны Қырғызстаннан Қазақстанға айдап өтпекші болған 3 шекара бұзушыларды ұстау әрекетін жасаған, деп хабарлайды ҰҚК баспасөз қызметі.
Ұстау кезінде шекара бұзушылар суық қаруды қолдану арқылы қарсылық көрсеткен. Аталған жағдайда қырғыз шекарашылары қару қолданған. Нәтижесінде шекара бұзушылардың біріне оқ тиіп, жарақат алған. Қалған екі белгісіз адам жылқылармен Қазақстан аумағында жасырынған.
Сағат 12.15-те жарақат алған шекара бұзушы (Қазақстан Республикасының азаматы, тергеуге сәйкес мәліметтер жарияланбайды) Талас ауылы ауруханасына барар жолда қайтыс болды.
Қазіргі уақытта Тараз шекара отрядының күштері және құралдарымен шекара бұзушылар мен жылқыларды іздеу іс-шаралары жүргізілуде.
Қайтыс болған шекара бұзушы бұған дейін қылмыстық кодекстің 392 бабы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту» бойынша сотталған.