Ақпараттық-технологиялар заманында бұрын ертегідей көрінетін дүниелер қазір біздің күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Мәселен, жүргізуші куәлігін онлайн алу, түрлі анықтамаларды жұмыстан шықпай-ақ лезде алып, қажетті жерге жіберу, тіркелу, тіркеуден шығу, көлік алудағы көптеген машақаттар да қазір келмеске кетті. Бір сөзбен айтқанда, адам өмірі жеңілдеді, қағазбастылық азайып, ұзақ-сонар кезектер жоғалды. Ендігі жерде азаматтар уақытты үнемдеп, қарбаласпайтын қамсыздық туды. Десе де қазір әркім білетін, қолдана алатындай көрінетін электронды үкіметтің электронды қызметтерін пайдалан алмай отырған да азаматтар жеткілікті. Міне, азаматтарды қиналмай электронды қызмет алудың амалдарына үйретуді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жүзеге асырмақ. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Абылайхан Оспановтың 23-мамырда орталық коммуникация қызметінде өткен жиында айтқан деректеріне қарағанда, корпорация сегіз миллионға жуық адамның цифрлық сауатын ашпаққа бел буып отыр екен. Бұл жұмысты жүргізу үшін ел аумағы бойынша 880 адам арнайы дайындықтан өтіп, қолдарына сертификат алған. Осындай жоспардың қыр-сырын айтқан Абылайхан Оспанов облыс орталықтарының бәрінде Цифрлық халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын жолға қою да жоспарда тұрған іс екенін айта келіп: «Қазір жоба пилотты негізде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында тиімді жұмыс жасауда. Мұндай орталықтардың ерекшелігі – белгіленген кестеге сәйкес цифрлық сауаттылық дағдыларын арттыру бойынша тақырыптық дәрістер өткізетін сыныптарының болуы. 2018 жылдың 4 айында аталмыш сыныптарда 3,6 мың адам білімін жетілдірді», – деді. А.Оспановтың мәліметінше, республика бойынша он мыңнан аса студент цифрлық қызмет алу бойынша машықтанып, дағдыдан өткен. Демек халыққа цифрлық қызмет көрсету жобасының қызметкерлері дайын деген сөз. Әзірге пилоттық жоба ретінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс істеп тұрған халыққа цифрлық қызмет көрсету орталықтары А.Оспанов айтқандай ел ішінде жаппай ашылса, халық өмірі тағы бір жеңілдеп, қағазбастылық пен ары-бері шапқылауға кететін уақыт пен қаржыға үлкен үнем болар анық. Сондықтан да әр азаматтың цифрландырудың сиқырын үйренетін кез келді.
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024