«Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңына өзгеріс енгізіліп, 2018 жылы 2 шілдеде шыққан № 165-VI заңы күшіне енді, – деп Uchet.kz порталы сілтеме жасап, kaz.tengrinews.kz жазады.
Заңға енген өзгеріске сәйкес, 2018 жылдың 14 шілдесінен бастап азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша табыс тапқан жеке тұлға кірісінің 10 пайызына тең зейнетақы жарнасын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төлеуге міндетті, бірақ жарна айлық есептік көрсеткіштің 10 пайызынан төмен (2018 жылы АЕК – 28 284 теңге) және 75-еселенген АЕК-тің 10 пайызынан жоғары болмауы тиіс екен.
Uchet.kz порталы заңдағы өзгерістерді түсіндіре келіп, материалды «2018 жылдың 14 шілдесінен бастап қазақстандықтар пәтер немесе көлік сынды жеке мүлкін сату кезінде зейнетақы қорына жарна төлеуі тиіс деуге болады» – деп қортындылаған көрінеді.
Естеріңізде болса, зейнетақы қоры арқылы инвестицияланған 5 компания банкрот болып, 15 миллиард теңге қайтпайтынын қор басшылары былтыры айтқан еді. Одан бөлек Әзербайжан банкіне аударылған 71 миллиард теңгенің де тағдыры әлі белгісіз.
Бұл жаңалық facebook әлеуметтік желісінде сарапшылар мен өзге желі қолданушылар арасында талқыланып жатыр.