arasha.kz

Азаматтық форумның маңызы қандай?

Маусымның аяғында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева халық алдындағы есеп беру кездесуінде 2020 жылғы қарашада Қазақстанның IX Азаматтық форумын өткізу жоспарланып отырғанын айтқан еді. Екі жылда бір рет өтетін бұл шара 2003 жылдың қазанында тұңғыш рет ұйымдастырылып оның VIII форумы 2018 жылды 27-28 қараша күндері Астанада өткен. Қоғамдық даму министрлігі мен «Қазақстанның азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Серіктестік. Сенім» тақырыбымен ұйымдастырған форумға республиканың түкпір-түкпірінен 850-ден астам делегат қатысып, онда «Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасының» жобасы талқылауға ұсынылды. Бүгінгі таңда ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 2 маусымдағы № 341 қаулысы бойынша ҚР Президентінің қарауында жатқан тұжырымдама елдегі азаматтық белсенділіктің дамуына серпін береді деп жоспарлануда.

Тұжырымдама ҚР Конституциясы мен Мемлекет басшысының «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» 2019 жылғы 19 маусымдағы № 27; 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» 2019 жылғы 10 қыркүйектегі № 152 жарлықтарына, сондай-ақ «Бірге» жалпыұлттық акциясы барысында алынған ұсыныстарға сәйкес әзірленген.

Жалпы елімізде азаматтық коғамның қалыптасуы бұған дейін «Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасында» көрініс тапқан болатын. Ол азаматтық қоғам институттарын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған заңнамалық және өзге де құқықтық актілерді жетілдіру, одан әрі әзірлеу мен қабылдау үшін негіз болды. Мысалы,   Қазақстан Республикасының құқықтық саясатының 2010-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Ол құқықтық идеологияны, құқықты заң практикасын жетілдіруге, Қазақстанның демократиялық, құқықтық, зайырлы және әлеуметтік мемлекет ретіндегі заңды егемендігін нығайтуға өз үлесін қосты. Ал «Қазақстан – 2050: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» стратегиясы мен Ұлт жоспары – 100 нақты қадам үкіметтік емес секторды қайта жүктеудің өзектілігін, азаматтық қоғам институттарымен жұмыс істеу үшін жаңа тәсілдер мен платформаларды қалыптастырудың қажеттігін айқындады.  ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметіне қарағанда, жыл сайын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және гранттық қаржыландыру шеңберінде әлеуметтік жобаларды қаржыландыру көлемі ұлғаюда. Мысалы, 2016 жылдан бастап гранттық қаржыландыру 9 еседен астам өсті. Мемлекеттік тапсырыс аясында биыл мемлекеттік органдар жалпы сомасы 18 млрд теңгеге 2 мыңнан астам әлеуметтік жоба іске асырылмақ. Сондықтан қараша айына жоспарланып отырған Қазақстанның IX Азаматтық форумы үкіметтік емес ұйымдар үшін ғана емес, қоғамның дамуына мүдделі барлық азаматтар үшін де зор маңызға ие. Ол жоспарға сәйкес уақытында офлайн не онлайн формада өте ме әлде карантин жағдайына байланысты кейінге қалдырыла ма әзірге оны ешкім дөп басып айта алмайды. Бірақ көпшілік тағатсыздана күткен басты жаңалық «Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы» болып қала бермек. Бұл тұжырымдаманың азаматтық қоғамның ролін арттырып, азаматтар белсенділігін көтерудегі ықпалы ерекше.

Біз шетелдің өркениетті өміріне, кемеңгер саясатына, ғажап мәдениетіне тамсанып, сол елдердің сән-салтанаты біздің елде де болғанын қалаймыз. Бірақ, бұл жерде әр халықтың өз болмысы, менталитеті, дәстүр-салты барын ұмытпауымыз керек. Алысқа бармай-ақ, іргеміздегі қырғыздардың саяси «ойындарына» қарап бұған нақты көз жеткізуге болады. Себебі, саяси көзқарас бір күнде қалыптаспайды. Соған орай саяси шешімдер қабылдау кезінде асығыстық танытпай, көпшіліктің қалауына бағынған абзал. Қалай болғанда да өзіміз армандағандай әлемнің дамыған отыз озық елінің қатарынан көріну үшін біздің саяси алаңдағы мәселелерге де азаматтық қоғамның араласуын, әр түйткілді бірігіп шешуге мүмкіндік беретін диалог алаңын қалыптастырудың маңызы зор. Міне сондықтан да тұңғыш президентіміздің жолдауларында да, мемлекет басышысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі жолдауында да азаматтық қоғамның белсенділігін көтеріп, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын күшейтуге басымдық берілген. Форумды өткізудегі қажеттілік те осында.

Билік пен халық арасында тығыз байланыс орнап, екі тарап бір-бірінің пікірін естіп қана қоймай, мәселелерді шешуге бірігіп кіріскенде ғана нәтиже жалпының көңілінен шығады. Сонымен қатар, биліктің жұмысына ілесіп, жетістігі мен кемшілігінің өлшемін білу үшін азаматтардың белсенділігін ғана емес, саяси білімін өсіру маңызды. Азаматтар өз позициясын білдірер алдында мемлекет сияқты алып құрылымның қандай бағыт ұстанып, қайда бара жатқанын, қандай шығындар шығарып, нендей нәтиже күтіп отырғанын болжай алатын, сараптай білетін дәрежеде болғаны жөн. Шыны керек, әлеуметтік желілер азаматтардың белсенділігін айтарлықтай өсірді. Бір пікірлес, ортақ қызығушылығы бар азаматтарды бір-бірімен таныстыруға, өзара одақ құруына, ұжымдасып талап қоюына жол ашты.

Жалпы, Қазақстанда азаматтық қоғамның қалыптасып, азаматтардың оянуына әлеуметтік желілер үлкен қозғау салды. Соның ішінде азаматтарды жақсылық жасауға, қайырымды істерге біріктіруде олардың ықпалы күшті болып отыр. Ғаламтордың мүмкіндігі кеңейіп, әлеуметтік желі қолданушылардың саны өскен сайын көмекке мұқтаж жандардың мәселесі де созбалаңға салынбай тез шешіле бастағанын айта кеткеніміз жөн. Яғни, әлеуметтік желілер қазір қарапайым халықтың үнін билікке, құзырлы орындарға жеткізуші ғана емес, түйткілдің оң шешілуіне ықпал ете алатын пәрменді құралға айналып үлгерді.

Бүгінде жекелеген министрлік, әкімдік, құзырлы органдар қызметін, олардың басшыларының жұмысын көпшіліктің дауыс беруі арқылы бағалау үрдісі қалыптасты. Әрине, рейтингтік жүйе нақты бағалаудың көрсеткіші болмауы мүмкін. Азаматтар жұмыстың нәтижесіне қарап бағалаудан гөрі, кейде эмоцияның жетегінде кететін, болмаса танымал тұлғалардың ықпалымен дауыс беретіні де жасырын емес. Дегенмен, дәл осы шара құзырлы орындардың тұтынушылар пікірін сараптауына, өздерінің жетістігі мен кемшілігін таразылуына көмегін тигізетінін мойындауымыз керек.

Ал Азаматтық форум – азаматтық қоғамның жетістігі мен кемшілігін саралаушы. Мұндай жиын олықлықтарды түзеп, азаматтарды салқын ойлап, сарабдал шешім шығаруға да септігін тигізеді.

Руслан Мәлікұлы

Exit mobile version