30-09-24 |
1640 рет қаралған
Азаматтық қоғам – құқықтық мемлекеттің тірегі.
Азаматтық қоғам – құқықтық мемлекеттің тірегі

Кез келген мемлекеттің дамуы қоғамдағы бірлікке, ынтымаққа байланысты. Ал қандай мықты мемлекетті де ілгерілетуде озық идеялар мен тың бастамалардың маңызды екені, елге деген жанашырлық пен отаншылдық рухтың көмегі көп екені баршаға мәлім.

Расында, биліктің барлық буынын біріктіріп отырса да, мемлекет өзінде орын алған проблемаларды тиімді шешуге көмектесетін сенімді серіктестерге зәру. Тек сенімді серіктер ғана кемшіліктерді ашық айтып, жетістікке бірге ұмтылады. Мұндай жанашыр ортаның болмауы қоғамның кез келген прогрессивті дамуын жоққа шығаратыны белгілі. Осы ретте бір мақсатқа ұйыса білетін азаматтық қоғам – құқықтық мемлекеттің тірегі деп сеніммен айтуға болады.

 Азаматтардың белсенді позициясынсыз, демократияның ресми институттары толыққанды жұмыс жүргізбейінше мықты азаматтық қоғам қалыптастыру мүмкін емес. Белсенділік азаматтық қоғамды күшті етеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында азаматтық қоғамды қалыптастыруға, оның жұмысын жүйелеуге, олардың өз позициясын ашық білдіруі үшін мінбер ұсынуға мемлекет тарапынан көп көңіл бөлінді.

Осы жылдары елімізде орын алған маңызды жетістіктерінің бірі ретінде үкіметтік емес ұйымдардың кәсіби, белсенді және тәуелсіз қоғамдастығының қалыптасып, дамығанын ерекше атауға болады. Мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі болғандықтан, азаматтық қоғамға үлкен жауаптылық жүктелді. Бұл маңызды институтын қадамын тең басуы үшін отандық заңнамаға бірқатар құқықтық құжаттар қосылып, кейбір заңдарға пәрменді өзгерістер енгізілді.  Мысалы азаматтық қоғамның функциясын айқындауда «Қоғамдық бірлестіктер туралы», «Саяси партиялар туралы» және «Кәсіптік одақтар туралы» заңның ықпалы зор. Сондай-ақ, «Коммерциялық емес ұйымдар туралы», «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, ҚР үкіметтік емес ұйымдарына арналған гранттар мен сыйлықақылар туралы», «Қоғамдық кеңестер туралы» заңдардың азаматтық қоғам өміріндегі шоқтығы биік.

Осындай мақсат-міндеттері мен жоспар-жобаларын жүзеге асыруға қажетті заңнамалық қолдауды сезінгеннен болар, соңғы жылдары үкіметтік емес ұйымдар қарқынды жұмыс істеуде. Мысалы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әупірімдеп құрылған 100-ге жуық үкіметтік емес ұйым еліміздің әр түкпірінде қылаң берген еді. Ал қазіргі кезде тіркелген Үкіметтік емес ұйымдар саны 22 мыңға дейін өсті.  Бұл үлкен күш. Бұл ұйымдар қазір өзі араласатын саланың жандануына, алға жылжуына айтарлықтай септігін тигізіп жатыр.

Қолдау тұрақты болғандықтан, Үкіметтік емес ұйымдардың бүгінде араласпайтын саласы аз. Олар үнемі жаңа да күшті бастамалардың басы-қасында жүреді. Іс жүзінде азаматтық қоғам институттары жыл сайын мемлекет пен қоғам өмірінің саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларын ілгерілетуде пәрмен үлес қосуда. Соның арқасында бүгінгі таңда қоғамдық кеңестер барлық мемлекеттік органдарда бар. Соңғы жүргізілген талдаулар көрсеткендей, Қоғамдық кеңестер құрамындағы ҮЕҰ-ның үлесі 10% – ға өскен.

Жалпы, кез келген елдік жобалардың жүзеге асуы тек заңдардың тәжірибеге енгізілуіне ғана емес, сонымен бірге, жұмысын жүйелеуге бағытталған арнайы тұжырымдамалардың қабылдануына да байланысты. Мәселен азаматтық қоғамды дамытқан алғашқы тұжырымдама 2006-2011 жылдарды қамтыды. Ол азаматтық қоғам институттарын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған заңнамалық және өзге де құқықтық актілерді жетілдіруде түпкілікті шешімдердің қабылдануына жол ашты. Аталған құжаттар үздік тәжірибелерді жүзеге асыруға және бүгінгі күні сақталып отырған дәстүрлерді енгізуге мүмкіндік берді.

Кейінгі енгізілген заңнамалық өзгерістер азаматтық қоғам мен Үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс алуына, оны іске асыруға, мемлекеттік гранттардың пайда болуына; жаңа институт – қоғамдық кеңестердің тәжірибеге енгізілуіне; Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс стандартын жолға қоюға көмектесті.

Қазіргі уақытта бұл бағытта азаматтық секторды дамытудың негізгі бағыттарын айқындайтын ұзақ мерзімді жоба Президент Жарлығымен бекітілді. Құжат азаматтық қоғам мен билік органдарының өзара іс-қимылы саласындағы негізгі міндеттер мен басымдықтарды айқындайды. Азаматтық қоғамға деген қазіргі талаптарды шоғырландырған жаңа тұжырымдаманы жүзеге асыру 2030 жылға дейінгі мерзімге есептелген. 2020-2025 жылдарға арналған бірінші кезеңде азаматтық қоғамды дамытудағы 5 негізгі бағыт бекітілген.

Ал 2026-2030 жылдарға есептелген екінші кезеңде азаматтық қоғам мен оның институттарын, оның ішінде қоғамдық-саяси салада дамыту үшін қолайлы жағдай жасау көзделіп отыр. Осы тұжырымдаманы басшылыққа ала отырып, азаматтық қоғамды дамыту үшін заңнамалық және институционалдық негіздерді жетілдіру жөніндегі жұмыс күшейтілмек.

Азаматтық қоғамды ілгерілету бойынша қолға алынған бұл тұжырымдаманың іске асуын «Стратегия» Әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы жіті бақылап келе жатыр. Орталыққа топтасқан білікті сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстанда азаматтық қоғамның жұмысын жандандыруға қатысты қолға алынған тұжырымдаманың нәтижесі жоғары. Бүгінде әр салада белсенді жұмыс жүргізіп жатқан волонтерлар бірлестігі соның жарқын дәлелі. Еріктілер – елді бір мақастқа біріктіруге болатынын көрсеткен азаматтық қоғамның бір көрінісі. Қазіргі кезде ірі волонтерлік одақтарды былай қойғанда, әр мектепте, әр жоғары оқу орнында бірнеше еріктілер тобы құрылып, қызмет етеді.

Волонтерлікті жүйелеу азаматтық белсенділіктің нәтижесі. Бұл бастаманың бір сәтте елдік сипатқа ие болуы Қазақстан халқының жақсылыққа да, қайғыға да селқос қарай алмайтынын, бір мақсатқа жұдырықша жұмылатынын көрсетіп берді. Бүгінде еріктілердің әр қадамын бақылап отыру мүмкін емес. Өйткені Qazvolunteer.kz платформасына ресми тіркелген еріктілердің өзі 45 мыңнан әлдеқашан асып кетті. Азаматтық қоғам институттарын жетілдіруде мемлекеттік сыйлықтар мен гранттық қаржыландыру көзінің көп көмек болып отырғанын да айта кеткеніміз жөн.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.