arasha.kz

Азаматтық қоғамды дамыту маңызды

Мемлекеттің дамуына азаматтық қоғамның қосар үлесі өлшеусіз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз Жолдауында «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпымемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет» деп бұл институттың дамуына қолдау көрсетуі сондықтан.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдармен салыстырғанда қазіргі азаматтық қоғамның белсенділігі жоғары. Әсіресе мұндай белсенділікті құзырлы орындарға басшылар тағайындалған кезде, жаңа заңнамалар қабыланған тұста анық аңғаруға болады. Мұндай ахуалдың қалыптасуына әлеуметтік желілердің ықпалы аз емес. Әлеуметтік желілер бұл күнде азаматтардың өз жаңалығымен бөлісетін, өз пікірін ортаға тастайтын мінбер мәртебесінен әлдеқайда биіктеген. Олар қазір кез келген тақырыпты тұздық ете отырып халықты жинайтын, талас тудыратын ашық диалог алаңына айналып үлгерді.

Азаматтық қоғаммен қазір барлығы санасады. Өйткені қоғам бұрынғы марғау, немқұрайды көзқарастан арылып келеді. Жетпіс жыл кеңестер одағының құрамында болған елде масылдық, құлдық психологияның сіңісті болғанын мойындауымыз керек. Жұмыспен қамту, тұрғын үй мәселесін шешу, партияға кіру сияқты өмірлік маңызды дүниелерді тек мемлекеттің шешіп беруіне үйренген халықта тәуелсіздіктің алғашқы кезінде ешқандай қозғалыс, пікір айтуға ынта болмағаны түсінікті. Азат ел, нарықтық қоғамның арқасында ғана азаматтарда бірте-бірте сенімділік артып, бастамаларға пікір білдіру мәдениеті орнықты. Қазақстанды мекен еткен кез келген адам белгілі бір құрылымдармен, бірлестіктерге бірігіп, қоғамның дамуына атсалысса, сол арқылы өзінің, отбасының игілігіне қызмет еткен, көмектескен болып саналады. Сонымен бірге, мемлекеттің дамуына қолғабыс етіп, үлес қосқанына ақы сұрамау да – азаматтық қоғамның дамығанының басты белгісі. Өйткені, отанға деген, елді дамытуға деген ынта ақшамен өлшенбеуі керек қой.

Азаматтық қоғамның басты белгісі неде? Өркениетті елдер мұның басты өлшемі халықтың санасында деп түсінеді. Яғни, халық «мемлекет бізге не береді?» деп өмір сүрмей, керісінше «біз мемлекеттің дамуы үшін не істей аламыз?» деген түйсікпен алға ұмтылса елде оңды бетбұрыс болады. Осы идеяның айналасына бірлескен, құрылған қоғамдық ұйымдар – азаматтық қоғамның негізі, темірқазығы іспеттес. Ал бірақ өз пікіріңді айту, ұсынысыңды жеткізу – азаматтық қоғам қалыптасты дегенді білдірмейді. Және халықтың білімі, құқықтық сауаты өскен сайын азаматтық қоғам күшейеді деген де біржақты пікір. Халықтың белсенділігі алған біліміне ғана байланысты емес. Мысалы ауылшаруашылығымен айналысып, төрт түлікті кәсіп тетігіне айналдырған, жер еміп, жеміс сатып жүрген азаматтардың бәрі жоғары білім алмаған. Бірақ олар өз мәселелерін ашық айтып, соған биліктің назарын аудару арқылы ауылдың тірлігіне жан бітіріп отыр. Немесе бізде ғылымның соңына түсіп, профессор, академик атағын иеленген, өзін айналасына мойындатқан көзі ашық жандар жетерлік. Алайда олардың арасында өзінің азаматтық позициясын ашық білдіріп, қоғамдағы түйткілдерді шешуге білек түре кірісетіндері санаулы. Оқыған-тоқығанар профессорлық деңгейге жеткенімен, болмысы азаматтық сезімін білдіруге жетпейді Яғни, білімді болу, құқықтық тұрғыдан сауатты болу азаматтық қоғам қалыптастырудың кепілі емес.

Саясаттанушы Мөлдір Сатымбаева болашақ агрономдар дайындайтын факультет пен заңгерлер дайындайтын факультет студенттері арасында сауалнама жүргізіп, шәкірттерінің азаматтық белсенділігін сынап, салыстырып көрген екен. «Мені қуантқаны – қазіргі жастар өте белсенді. Ойын ашық, бүкпесіз айтады. Баяғы студенттер секілді ұстаздарға жалтақтамайды. Өзіне ненің ұнайтынын, ненің ұнамайтынын бірден жеткізеді. Талап ету, шарт қою жағынан да қамшы салдырмайды. Өкініштісі, осындай лапылдап тұрған жастарымыз ізденбейді, көп оқымайды. Сондықтан мәселеге де шолақ қарайды. Кемшілікті көрсеткенмен, оны шешудің тетігін ұсынуға, сауатты талап қоюға шорқақ. Жастардың арасында белсенділер көп болғанмен, өз ойын қысқа да нұсқа, көркем жеткізу жағы кемшін. Ал азаматтық позицияны айту, азаматтық қоғамға әсер ету үшін өз ұстанымыңа сендіре білуің, өз сөзіңе ұйыта білуің керек. Бұл біліммен, оқумен келеді» ейі Мөлдір Сатымбаева.

Әрине, азаматтық қоғамның пәрмені бір күнде өспейді. Ол үшін уақыт, еңбек керек. Соңғы жылдары еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың саны артқаны байқалады. Олардың қамтитын бағыттары, жұмыс істейтін кеңістігі біршама кеңейді. Әсіресе жастар арасында волонтерлер институтының танымалдығы артып, қызметі күшейіп келеді. Еріктілер тобына қосылып, айналасына көмектесуге ұмтылатын жастар санының өсуі біздің ертеңгі күнге деген үмітімізді бекіте түседі. Студенттер арасынан құрылған еріктілер тобы әсіресе коронавирус індеті асқынып, ауруханалар науқастарды толық қамтамасыз ете алмай, дәрігерлер жетіспей жатқан шақта көп көмек берді. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенттері де волонтерлық жұмысқа белсене араласты. Сын сағатта шарасыз жандарға көмек қолын созып, пандемияның қауіптілігіне қарамастан дәрігерлердің жанынан табылған студенттерді университет ұжымы марапаттап, олардың әрекетін насихаттауды бір сәт те назардан тыс қалдырған емес. Қайырымдылық жастарға жұғысты болуы керек. Волонтерлар жұмысын дәріптеудің артында үлкен тәрбиелік мән жатыр. Ерікті ретінде халыққа қызмет еткен жандар халыққа не керегін, ел дамуына не кедергі екенін көзбен көреді, ішкі түйсікпен сезінеді. Бұл біреуің айтуымен әрекет етуден анағұрлым маңызды.

Мемлекет те азаматтық қоғамның дамуына, соның ішінде үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдардың нығаюына моральдық, қаржылық жақтан көп қолдау көрсетіп отыр. Азаматтарды үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партиялар жұмысына, саяси процестерге көбірек араластыру қарапайым халықтың белсенділігін арттырады. Олар өз үнінің билікке жететініне, дауысының тиісті адамдарға естілетініне сенімді болуы керек. Мәселен бүгінде e-Gov порталында ашық құқықтық-нормативтік актілер, ашық бюджет, ашық диалог деген бөлімдер қарастырылған. Осы жерге азаматтар өз ұсыныстарын, пікірін бүкпесіз жолдай алады. Бұл да азаматтық қоғамның белгісі. Билік пен қарапайым халық арасында алтын көпірдің міндетін атқарған азаматтық қоғамның пәрменді болуы сіз бен бізге байланысты.

Exit mobile version