Мәжіліс депутаты Ардақ Назаровтың елдегі ажырасу көрсеткіштерін төмендету мақсатында ажырасқан азаматтарға қосымша салық салуды ұсынуы қоғамда қызу пікір туғызды. Бұл бастамаға саяси шолушы Ғазиз Әбішев те үн қатып, оның мәніне тереңірек үңілді. Сарапшының айтуынша, бұл – азаматтардың жеке таңдауын шектеуге бағытталған, адам құқығын елемейтін және мемлекеттік саясаттың қисынсыз бағытын білдіретін ұсыныс.
Ғазиз Әбішев өз жазбасында мұндай бастамалар қоғамдағы күрделі құбылыстарға үстірт қараудан туындайтынын атап өтті.
«Қоғамдағы табиғи, адам болмысына тән құбылыстар тым қарабайырланып, қауіп ретінде сипатталады да, оған қарсы қарапайым, бірақ өрескел шешім ұсынылады. Ажырасу – адам өміріндегі қиын, бірақ кейде жалғыз дұрыс шешім болуы мүмкін. Ал оны салық арқылы жазалау – шектен шыққан тәсіл», – деп жазады сарапшы.
Оның пайымдауынша, бұл тек салық мәселесі емес, жалпы мемлекеттің азаматтың жеке өміріне араласуының көрінісі. Егер екі ересек адам ортақ келісіммен отбасылық өмірін тоқтатса, олар үшінші тарапқа ешқандай зиян келтірмейді.
«Ажырасу – қылмыс емес. Бұл – адам құқығы. Мемлекет адамдардың кіммен бірге тұрып, кімнен кететінін реттеуге құқылы емес. Екі адамның жеке шешімі үшін оларды қосымша салықпен жазалау – бұл заңмен бекітілген кемсітушілік. Ажырасқандарды “кінәлі” деп санайтын ұстаным қалыптасса, бұл Конституция мен халықаралық нормаларға қайшы», – дейді Әбішев.
Саяси шолушы бастаманың әлеуметтік салдарына да назар аударады. Оның пікірінше, бұл ұсыныс отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшыраған немесе психологиялық қысым көрген адамдардың ажырасуына кедергі келтіріп, оларды отбасында күштеп ұстаудың бір тәсіліне айналуы мүмкін.
«Егер адам зорлық көріп отырса, не серігінің жауапсыздығынан зардап шегіп жатса, неге ол адам өз өмірін өзгертуге тырысқаны үшін салық төлеуі тиіс? Бұл мемлекеттің “күйеуі ұрса да, кетпе” деген емеуріні іспетті. Мұндай “шаралар” отбасын емес, зорлықты заңдастыруға жол ашады», – дейді ол.
Ғазиз Әбішев мұндай бастамалардың жастар арасында некеге тұруға деген сенімсіздікті арттыратынын да ескертеді. Егер ажырасқан жағдайда азаматтар қосымша салық төлейтінін білсе, олар некеден мүлде бас тартуы мүмкін.
«Бүгінгі жастар үшін неке – өмірлік шешім. Егер олар мұндай шешімнің соңы қаржылық ауыртпалықпен аяқталатынын білсе, заңды некеден қашқақтайды. Бұл – отбасылық институтқа жасалған нағыз соққы. Мемлекет жастарды қолдаудың орнына, оларды алдын ала жазалауға көшеді», – деп түйіндеді сарапшы.
Айта кетейік, 30 сәуірде мәжілісмен Ардақ Назаров премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында елде несиеге той жасауға қарсы ақпараттық-насихат жүргізуді және ажырасқандарға салықты арттыруды ұсынған еді.
Алайда бұл бастама қоғамда теріс пікір тудырып, сарапшылар мен құқық қорғаушылар тарапынан сынға ұшырап отыр. Көпшілік оны азаматтардың жеке өміріне араласу және әлеуметтік теңсіздікті тереңдету деп бағалауда.