arasha.kz

Ажырасу себептері: «Еркектің бәрі бірдей»

Заманына қарай адамы демекші, әр кезеңнің өз таным-түсінігі, өз өмір сүру салты бар. Отбасы құндылығы да уақыт өте келе өзгергендей. Бұрындары шаңырағын шайқалтып, ошағын өшіргендер жоқтың қасы болса, қазіргі күні ажырасу жиі кездесетін жағдайға айналған. Психологтар ажырасудан ерлі- зайыптылар ғана емес, олардың балалары да зардап шегеді деп дабыл қағады. Қазақстанның ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша былтыр елде 48 239 ажырасу тіркелсе, олардың 39,5% бір немесе одан да көп кәмелет жасына толмаған баласы бар отбасылар екен. Ажырасатындардың көбі бес-он жылдан артық бірге тұрғандар. Нақтырақ айтсақ, бес жылдан тоғыз жылға дейінгілер 26,3% құраса, он жылдан артық отасып ажырасқандар саны 34,1% жетіпті.

Дәрігер психотерапевт Дәуренбек Құдаров ажырасудың көбеюі бүткіл дүние жүзінде жүріп жатқан үрдіс екенін айтады.

– Менің ойымша, оның бірінші себебі құндылықтардың өзгеруі. Бұрын қоғам консервaтивті болған. Дәстүрлер дінге негізделген. Дәстүрден алыстаудың кері әсерін осыдан көріп отырмыз. Қазіргі кезде әйел мен ердің орны ауысып кеткен. Негізі дініміз бойынша ер адам барлығына жауапты. Бірақ Совет үкіметі кезінде қандай процесс болды? Мысалы 150 млн халық болса, оның жартысы ғана еркектер. Олардың барлығын жұмыс күші деп қана қабылдаған. Халықтың тең жартысы әйелдер болғандықтан оларды да жұмысқа тартпаса болмайды деген. Содан «гендердік теңдік» деген идеологиялық лозунг шығарды. Осыдан кейін шахтер әйелдер, металлург әйелдер, жүк көлігін айдаушы әйелдер пайда болды. (…) Бұрынғы заманда әйелдер жалғыз өзі күн көре алмаған. Ал қазіргі кезде әйелдер  еркекпен бірдей жұмыс істеп, ақша таба алады. Оның бәрі, әрине артықшылық. Бірақ қазір құндылықтар өзгерген. Жұмыс істемейтін, бақпайтын еркек не үшін қажет, мен өз өзімді асырай аламын, мықтымын, ешкімге тәуелді болмаймын деген құндылықтар өскен сайын эгоизм мәселесі қоғамның үлкен проблемаларының біріне айналды, – дейді маман.

«Ажырасуға себеп болатын мәселелер қалада да, ауылда да бірдей»

Ресми статистикаға оралатын болсақ, Қазақстанда ажырасатындардың 72,2% қала тұрғындары, ал ауылдықтардың көрсеткіші 27,8% құрайды. Қала тұрғындары не үшін көп ажырасады? Бұл туралы біз психотерапевт маманнан сұрап көрген едік.

– Ажырасуға алып келетін отбасылық проблемалар қалада да, ауылда да бірдей. Бірақ көп адам проблеманы мойындамайды. Еркектің бәрі қыдырады, еркектің бәрі ішеді, барлық еркек әйелін ұрады деген қасаң түсініктің негізінде «шыдай сал», «көне салға» басады. Менің ойымша үндемей төзіп жүретіндер ауылды жерде көбірек. Қалалы жерде мүмкіндік көп қой. Ажырассам да жұмыс тауып, өзімді асыраймын, басқа адамды кездестіремін, адам көп дейді. Әрине, қалада тұратын, қалада өскен, оқыған, көзі ашық әйелдердің амбициясы да үлкен болады. Жақсы нәрсені көргеннен кейін сол жақсыға ұмтылғысы келеді, талаптары да өседі. Сондай үрдіс те бар. Бірақ мұны жаман процесс деп айта алмаймыз. Әйел адам оқуы керек, дамуы керек, өсуі керек, ол жақсы, – дейді Дәуренбек мырза.

«Еркектің бәрі бірдей»

Ал біз сұхбат алған кейіпкеріміз Гүлназ (есімі өзгертіліп алынды) он ай бұрын үш баласын жетектеп, төртіншісіне жүкті күйде күйеуімен ажырасып кеткен. Барар жер, басар тауы болмаған ауыраяқ келіншек «Ана үйі» дағдарыс орталығына келген. Осы жерде аяқтанып алғанша тұра тұрмақ ойы бар. Гүлназ күйеуімен неге ажырасқанын айтты.

– Ауылда ата-енемнен бөлек тұрдық. Күйеуім жалақысын алған сайын қалаға кетіп қала беретін. 250 мың теңге жалақы алатын да, 100 мың теңгесін маған беретін, қалған 150 мың теңгені алып, қалаға барып құмар ойын ойнайтын. Сөйтіп, 4-5 күннен 10 күнге дейін көрмейтінбіз. 20 күн жұмыс істесе, 10 күн қалаға барып демалатын. Ауылда барлығы арзан болғандықтан 100 мың  теңгені отын, газ, су, барлығына жеткізетінмін. Қазір қарыз алмайтын адам жоқ қой. Арасында қарыз алып, оны өтеп, әйтеуір бір күніме екінші күнімді жалғап отырдым. Бірақ мұндай өмірден шаршайсың ғой. Осы уақытқа дейін екі рет ажырасып, қосылғанбыз. Бұған дейін өз төсегімде басқа қызбен ұстап алғанмын. Бұл әрине, кез келген әйелге ұнамайды. Еркектердің барлығы әйелінің көзіне шөп салатынын білемін, бірақ бөтен әйелді үйге әкелгені шектен шыққандық қой, -дейді кейіпкеріміз.

Гүлназ осы жігітке тұрмысқа шыққанына қатты өкінетінін, алдынан өтіп, қанша кешірім сұраса да кешірмейтінін айтады. Әңгімесіне қарағанда, ол бұл жігітке өз еркімен тұрмысқа шықпаған, зорлықпен алып қашқан екен. Оқу мен спортты қатар алып жүрген 18 жастағы арманшыл  қыздың өмірі бір-ақ күнде қалай күрт өзгергенін айтып берді.

– Бұл жігітпен әпкем мен жездем таныстырған болатын. Одан кейін екеуміз бір жылдай кездестік. Кездесті дегенде жай ғана телефон арқылы сөйлесетінбіз. Себебі мен спортпен айналысқандықтан жігітпен жүруге уақытым да, қызығушылығым да болмады. Спортта мансап қуамын немесе массажист боламын деген мақсатым болған. Тұрмысқа шығатын ойым болған жоқ. Байқауларға қатысып, әр түрлі қалада, спортзалда жүретінмін. Оның үстіне колледжде оқыдым. Бұл жігіт мені колледждің үшінші курсында оқып жүргенде төрт рет алып қашты. Үш ретінде терезеден секіріп қашып кеттім, төртінші ретінде қаша алмай қалдым. Себебі бір үйдің 15-ші қабатына әкеліп қамап тастады, ұялы телефонымды тартып алды, есіктің көзіне бір әжені жатқызды да, достарын қасыма отырғызып қойды. Қыз алып қашу дегенді бұрын-соңды көрмеген 18 жасар жас қыз не білсін?! Оның үстіне спортпен басым қатып жүрген болатын, -дейді Гүлназ.

«Әкемді анам үшін ғана қабылдадым»

Гүлназдың ата-анасы да ажырасқан. Апалы-сіңлі төрт қызды аналары жалғыз асырап жеткізген екен. Анам таңғы төрттен түнгі онға дейін жұмыста болатын. Тамақ жасап, отын жарып, үй жинап, барлық үй тірлігін өзіміз істедік деген Гүлназ әкесіне ренжулі екенін айтады.

– Әкем қазір анаммен бірге тұрады. Анам үшін ғана қабылдадым. Әйтпесе ішімде әкеме деген үлкен өкпе бар. Жүрегім қатып қалған. Біз көрген қиындықтардың ешбірінде қасымызда болған жоқ, қол ұшын созған жоқ, – деген сұхбаттасымыздың сөзіне қарағанда ол үшін ер адам образы спорт мектебіндегі жігіттер арқылы қалыптасқан сияқты. Себебі өмірінде ешбір жақын ер адам тәрбиесіне араласпаған.

– Нағашы ағаларым дағдарыс орталығына неге барасың дейді. Ешқашан олармен араласқан емеспін, қиналғанда қасымнан табылған емес, енді не үшін олай айтқандарын білмеймін. Спорт мектебінде оқығандықтан ер жігіттермен көп араластым. Еркектердің бәрі бірдей болады. Барлығы әйелдерінің көзіне шөп салады, ешбірі адал емес. Сондықтан күйеуім де менің көзіме шөп салатынын білдім, -дейді Гүлназ.

«Адамның отбасы туралы сенімдері бала кезде қалыптасады»

«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» десмекші, ата-ана балаға үлгі болуы арқылы баланың қалыптасуына ықпал етеді деп отыр психотрапевт Дәуренбек Құдаров. 

– Бала жеті жасқа дейін фундаменталды сенімдерді қалыптастырады. Сондықтан да отбасы туралы да сенімдер қалыптасқан кезде, әрине бұл болашақ өзінің семьясына да әсер ететін болады. Мысал келтірейін, ер бала отбасында әкесінің анасын ұрып жүргенін көрді. Әкесі әйелді қатты ұстау керек, «Баланы жастан, қатынды бастан», сөйлеткізбе, бастан асырмау қажет деп айтқан. Бұл сенімдер ер балада кішкентай кезінен қалыптасса, оның ертең семья құрғаннан кейінгі іс әрекеттері де соған байланысты болады. Ол да әрине ажырасуға апаратын іс-әрекеттер. Яғни айтайын дегенім жалған, қате сенімдердің қалыптасуынан өз отбасына да дәл сондай қарым-қатынас жасайды. Сол сияқты ажырасқан отбасының балалары да ата-анасының әрекетін қайталауы мүмкін. Бірақ бұл баланың өзіне де байланысты. Бір бала мен ешқашан ажыраспаймын, отбасымды сақтаймын десе, екіншісі ата-анам да ажырасқан мен толыққанды отбасына лайық емеспін деп ойлауы мүмкін, -дейді маман.

«Семьядағы барлық дұрыс емес нәрселер бірінші балаға әсер етеді»

– Екі адам отбасын құрған кезде екеуіне ортақ иммунитет дейміз немесе психо-эмоцияналды өріс түзіледі. Бала дүниеге келген кезде өріс үшеуіне ортақ болады. Егер отбасында жанжал, кикілжің болса, яғни дисгармония болатын болса, өрістің ең әлсіз жері жыртылады. Яғни балаға әсер ететін болады. Сондықтан семьядағы барлық дұрыс емес нәрселер бірінші балаға әсер етеді. Бала да соған қарай өз сенімдерін қалыптастырады. Бұл болашақта баланың өз өмірін құруына әсер етеді. Бұл бір. Екіншіден, бала жартылай әкеден, жартылай анадан құралады. Тіпті генетикадан да білеміз ғой, 46 хромосома болса 23-і анадан,  23-і әкеден. Егер баланың бір жартысы екіншісіне сен жамансың деп тұрса, анасы мен әкесінің бір біріне қарым қатынасы жаман болса баланың қабылдауы қандай болады? Балада екі жас қырылысуы мүмкін, ештеңе етпейді, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды деген түсінік жоқ. Бала мұны мен жаманмын деп қабылдайды. Кей ата-аналар біз балаға көрсетпейміз, көрсетсек те оған ұрсып жатқан жоқпыз ғой, өз арамыздағы проблема ғой деген ойда жүрген кезде бала мұны мүлдем басқаша қабылдайды. Ол мен жаманмын сондықтан осылай болып жатыр деп ойлайды, – деген дәрігер психотерапевт егер ерлі-зайыптылардың арасында бала болса, онда бұрынғы әйелім, бұрынғы күйеуім деген түсінік жоқ, өмір бойына баламның әкесі, баламның анасы болып қалады, бала екеуіне де ортақ дейді.

«Ажырасу проблеманы шешпейді»

– Қазақта мақал бар ғой «Тең – теңімен, тезек – қабымен». Алла тағала екі жасты қосқан кезде қателеспейді. Ерлі-зайыпты қосылған кезде бір-бірін тәрбиелеу үшін, бір-бірін алдыға тарту үшін, біріне бірі көмекші болып, қолдау үшін қосылады. Содықтан адамдардың бір-біріне үйренісуі, түсінісуі, жаңа сенімдер қалыптастыруы оңай емес. Кей кезде ауыр болуы мүмкін. Көп адам проблемадан қашып кетпек болады. Өз мәселесіне басқа біреуді кінәлап, осыдан ажырассам жақсы болып кетем, басқа біреуді кездестіріп, соған үйленсем бәрі тамаша болады деп ойлайды. Бірақ практикада олай емес. Басқа жанға үйленгенімен проблема қалады. Статистика бойынша да ажырасып, қайта үйленгендердің арасында да ажырасу көп, -дейді ол.

Ажырасу отбасының ешбір мүшесіне оңай емес. Әр адам ажырасуды әр түрлі өткізсе, маманның айтуынша  орта есеппен бір жылда жарақаттың орны жазыла бастайды екен. Ажырасуды мүлдем болдырмау, оған тосқауыл қою мүмкін емес, олай істеу дұрыс та емес. Бірақ шаңырақты шайқалтуға асықпау қажет, шешімге саралап, сараптап, ой сүзгісінен өткізіп келген дұрыс дейді психологтар. Себебі бұзу оңай, қайта қалпына келтіру қиын.

Exit mobile version