
Алматы ауыр машина жасау зауытының (АЗТМ) мүлкіне қатысты заңсыз мәмілелердің беті ашылды. Алматы қаласының прокуратурасы жүргізген тексеріс барысында мемлекет меншігіндегі стратегиялық маңызды активтердің күмәнді жолмен жекеге өткені анықталды.
Қадағалау актісі енгізілгеннен кейін Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті сотқа талап арыз беріп, жасалған мәмілелерді жарамсыз деп тануды және зауытқа оның заңсыз сатылған мүлкін қайтаруды сұрады.
Миллиардтаған теңгеге бағаланатын активтер мемлекетке қайтарылады
Тексеріс нәтижесінде мемлекетке тиесілі болған жалпы аумағы 37 гектардан асатын жер учаскелері мен 79 966 шаршы метрді құрайтын 94 коммерциялық нысан заңсыз сатылғаны белгілі болды. Бұл активтер ұзақ жылдар бойы жеке меншік қолында болып, олардың нарықтық құны миллиардтаған теңгеге жетуі мүмкін.
Сот талапкердің дәлелдерін орынды деп танып, аталған активтерді мемлекетке қайтару туралы шешім шығарды. Апелляциялық сот бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.
АЗТМ-ның бұған дейінгі меншік мәселесі: Болат Назарбаевтың қатысы қандай?
АЗТМ-ның меншікке өту тарихы даулы істерге толы. 2007 жылы «Темір Кон» ЖШС «АЗТМ» АҚ акцияларының 86,78 пайызын, оның ішінде 31,9 пайыз мемлекеттік үлесті» Болат Назарбаевқа сатқан. Бұл мәміле елдегі ең ірі өндірістік кәсіпорындардың бірін жекешелендіру процесіндегі күмәнді оқиғалардың бірі ретінде есте қалды.
Кейінгі жылдары зауыттың меншік құрылымында түрлі өзгерістер болғанымен, прокуратураның араласуынан кейін заңсыз келісімдердің беті ашылып, мемлекет мүддесін қорғау үшін сотқа жүгіну қажет болды.
Жоғарғы Соттың шешімі және зауыттың болашағы
2023 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің талап арызын толықтай қанағаттандырып, АЗТМ-ны мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім шығарды.
Бұл оқиға Қазақстандағы жекешелендіру процестерінің қаншалықты ашық әрі әділ жүргізілгеніне қатысты қоғамда көптеген сұрақ тудырды. Алматы ауыр машина жасау зауыты – елдің машина жасау саласындағы ірі кәсіпорындардың бірі, оның болашағы тек Қазақстан экономикасы үшін ғана емес, мыңдаған жұмысшы үшін де маңызды.
Ендігі сұрақ: заңсыз жекешелендіруге жол бергендер жауапқа тартыла ма? Бұл іске кімдер қатысты? Билік бұл мәселені одан әрі тергеуге ниетті ме?
Фото: АЗТМ
-
20.02.2025
-
20.02.2025
-
20.02.2025
-
20.02.2025
-
20.02.2025
-
20.02.2025
-
20.02.2025
-
20.02.2025
-
20.02.2025