arasha.kz

Бізге керегі – рухани серпіліс

Тәуелсіз ел атанғанымызға да отыз жылға жуықтады. Осы аралықта қолымыз жеткен жетістік, ертеңге деп үкілеген үмітіміз аз емес. Бір биікті бағындырып, екіншісіне ұмтылған Қазақстанды түзу жолдан адастырмаған жұмыр жоспар мен білікті бағдар болса керек.

Шекарасын белгілеп, шаруасын бүтіндеген жас мемлекеттің тәуелсіздіктің алғашқы жылдарына әуелі экономика, содан кейін саясат ұстанымымен өмір сүргені мәлім. Өз алдына ел болған Қазақстанға бұл тұста елдің іргесін бекітіп, халықтың әл-ауқатын арттыру маңызды болады. Сананы тұрмыс билеген заманда рухани құндылықты ойлау мүмкін емес еді. Ал қазір сол олқылықтың орнын толтыратын сәт туды. Кәсібін меңгеріп, нәсібін теріп отырған халыққа ендігі керегі серпіліс, онда да рухани серпіліс болатын. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» дегендей, азаматтардың қалауын түсінген тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев сол тұста елге керектіні «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына өзек еткен болатын. Рухани саланың кем-кетігін түзеуді көздеген бұл мақала ә дегеннен көпшіліктің көңілінен шықты. Өйткені дәл осы шақта азаматтардың өз тарихын тануға, рухани құндылықтарын білуге деген құлшынысы артқан еді. Содан болар, рухани жаңғыруға жол ашатын мақала бастапқы таныстырылымнан кейін-ақ көпшіліктің қызу талқылайтын нысанына айналды. Құжатта нақты стратегиялық мақсаттардың айқындалғандығы мәлім.  Осыған орай, стратегиялық мақаланың тұғырына, тірегіне айналған тақырыптар біраз уақыттан бері кең көлемде насихатталып келеді.

Елбасы өзінің мазмұнға бай мақаласында: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. …Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» деген-ді. Расында бүгінгідей ақпараттар заманында заман көшіне ілеспеген елдің ұтылар тұсы көп. Сондықтан күн сайын емес, сағат, минут сайын өзгеріп жатқан әлемдық дамуда жұтылып кетпеудің, кешеуілдеп қалмаудың қамын ойлағанымыз дұрыс. Бірақ, дамудың даңғыл жолын таңдадық деп өкениетті елдердің ізінен бас-көз демей жүгіре беруге, іс-әрекетін қайталай беруге тағы болмайды. Өйткені, бүгінгідей кезеңде өз болмысын сақтамаған, өзінің тарихынан ажыраған елдердің өркениет алаңында жұтылып кетуі оңай. Дамыған мемлекеттердің жасағанын қайталау, солардың таптаурын жолына түсіп, дағдысын көшіру қай елге болсын қиындық келтірмейді. Бірақ онда елдік, жеке мемлекет ретіндегі орның қайсы? Заман алға басқанымен, болашағын ойлаған ел өзінің ұлттық кодынан ажырамаудың қамын жасауы керек. Ұлтық болмыстан ажырау – тарихқа балта шабу. Осындай тұста кез келген халықты тығырықтан шығаратын бір ғана жол бар – ол рухани жаңғыру, рухани серпіліске негізделген.

  Қазақты да ұлт ретінде, тәуелсіз мемлекет ретінде айшықтайтын ерекшеліктері аз емес. Біздің де тарихымыз бай, салт-санамыз сындарлы, әдет-ғұрпымыз қалыптасқан. Сұлу тілі, мықты діні, ең бастысы, бірлігі бекем халқы бар мемлекеттің ертеңі рухани жаңғырумен тікелей байланысты. Мұны елбасы өз мақаласында әдемі түйіндеген. Жаһандану  заманында ұлттық сана, ұлттық идея болмай, жан-жақтан қаумалаған ағымдардан, батыстық бейтарап дүниелерден бас тарту қиын екенін алға тартқан бірінші президент ұрпақ тәрбиесінде рухани байлықтың ықпалына ерекше тоқталған. Сонымен бірге бұл еңбекте ұрпақ тәрбиесіне көмегі тиетін тетіктер тегіс түгенделген.

 «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы басты назар қазақ тілі әліпбиін реформалап, латын графикасына негіздеп жасауға аударылған. Бүгінде Қазақстан халқын бір мақсатқа топтастыруға, бір мүддеге ұйытуға септігін тигізетін латын әліпбиіне қатысты кешенді іс-шаралар қолға алынып отыр. Латын әліпбиін тәжірибеге енгізудің мемлекетке берері мол.Бұл жұмыстың маңызына мін берген  Елбасы өз мақаласында:  «…2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз» деген болатын. Міне содан бері тұңғыш президенттің сөзін бағдар еткен қазақстандық қоғам латын әліпбиінің негізін жасап қана қоймай, азаматтардың сауатын көтеру бағытында да белсенді жұмыс жүргізуде. Соның ішінде латын әліпбиіне үйрететін оқулықтар шығарылып, іс-қағаздарын латынша жүргізуді көздейтін шаралар басталып та кетті. Барын бүтіндеп, жоғын түгендеуге ынталы қоғамның белсенділігі де көңіл қуантады. Ешкім арнайы тапсыма бермесе де жеке кәсіпкерлердің дүкен, асхана, дәмхана атауларын латын қарпімен жазуының өзі жаңа өзгерісті жеделтесек деген үміттен туғаны анық.

Десек те «жаңғыру» сөзін қысқа шеңберде, тар түсінікте қабылдауға болмайды. Өйткені, жаңғыру деген озық елдерге еліктеу дегенді білдірмейді. Рухани жаңғыру – тарихты түгендеу мен салт-сананы жаңғыртумен өзектес. Рухани жаңғыру – халықтың өз салт-санасына, тарихына, тілі мен дініне деген махаббаты. Рухани жаңғыру – ұлттық кодтан ажырамаудың кепілі. Міне, сондықтан да тек көрнекі жерлердегі жарнама, көше, дүкен атауларын латынша жазумен мәселе шешілмейтінін ұғынуымыз керек. Жаңғырудың түп тамырын таныстыру, түсіндіру, санада алыптастыру балабақшадан бастау алып, мектептерде нығайып, жоғары мектептерде өміріміздің негізгі ұстынымына айналуы керек. Санаға сыналап кірген бұл түсінік рухани  жаңғырудың құр жаңғырыққа айналмауына әсерін тигізеді.

Руслан Мәлікұлы

Exit mobile version