Кез келген мемлекет үшін бұқаралық ақпарат құралдарының орны бөлек. Себебі төртінші билік деген бейресми атауы бар журналистердің қоғамды алға жылжытудағы пәрмені ерекше. Журналист ақпаратты таратушы ғана емес, жетістікті насихаттаушы, кемшілікті бүкпесіз көрсетуші. Шындықты айту, жазу, көрсету, қоғамдық пікір туғызу арқылы мемлекеттің дамуына ықпал ететін жауынгер. Ал осы бар күш-жігерін ел ертеңіне арнаған мамандық иелері де қолдауды, ынталандыруды қажет етеді. Дәл осы тетікті құзырлы орындардың ұтымды пайдаланғаны жөн.
Мәселен, Қазақстан Республикасының Судьялар одағы жыл сайын сот жұмысын насихаттап, құқықтық мәселелерді сауатты талдайтын материалдарға байқау жариялайды. Бұл байқаудың одақтың әр өңірдегі филиалдары тарапынан жыл сайын тұрақты ұйымдастырылатыны қуантады. Шындығына келгенде, құқықтық тақырыпқа, заңға қатысты түйткілдерге қазақстандық журналистердің «тісі» бата қоймайды. Құқықтық мәселелерді сөз еткен мақалалардың өзі негізгі тақырып жөнінде ақпарат беруден, деректер ұсынудан әріге бармайды. Көбінесе мұндай материалдар осы саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандар пікірінің арқасында ғана оқылымды болады. Осыған орай, жоғарыдағы байқаудың ұйымдастырылуы Қазақстанның барлық өңіріндегі журналистерді құқықтық тақырыптарды жазуға, күштік құрылымдар жұмысын зерделеуге ынталандырды. Сол арқылы полиция, прокуратура, сот құрылымдарымен тығыз байланыс орнатуға ықпал етті. Жыл сайын өткізілетін бұл байқауға аймақтағы журналистер де үйреніп, қатысуға белсенділік танытып келеді.
Сонымен қатар еліміздің Әділет министрлігі де заң шығармашылығы, заңдарды түсіндіру, халыққа құқықтық кеңес беру тұрғысында жазылған материалдарға республикалық байқау ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Бұл байқаудың да бұқаралық ақпарат құралдарындағы тақырыптық кеңістікті кеңейте түскені ақиқат. Нәтижесінде байқауға қатысқан журналистер біріншіден, қаржылық басымдыққа ие болса, екіншіден, қалың көпшілікке қажетті кеңестер ұсынып, сауапты жұмыс жүргізді.
Алматы қалалық прокуратурасының бастамашылығымен екі жыл қатарынан өткен байқау да журналистерді дін тақырыбын жазуға жетелеген болатын. Мұндай байқаудың тиімділігіне прокуратура алғашқы жылы-ақ көз жеткізді. Себебі, журналистер байқауға тек сапалы дүниелерін ұсынып, көпшіліктің қызығушылығын тудыратын тың тақырыптарды қаузауға, маңызды тұлғаларды сөйлетуге талаптанады. Осы арқылы ұйымдастырушылар дін тақырыбын сауатты жаза алатын журналистер шоғырын қалыптастырып қоймай, сонымен бірге, осы мәселенің ел біле бермейтін көлеңкелі тұстарын көрсетуге, жат ағымдардан халықты сақтандыруға, көпшіліктің діни көзқарасын өзгертуге, жастарды теріс тәрбиеден қорғауға қол жеткізеді.
«Еркін сөз» деген атаумен өткізілетін байқау да биыл үшінші мәрте үздік журналистерді анықтауға қадам жасап отыр. Халық банк пен Түркітілдес журналистер қорының бірлесіп ұйымдастыратын бұл байқауы тек қазақтілді тілшілерді қолдауды көздейді. Соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықтың қаржылық сауатын көтеріп, осы тақырыпты жазуға қабілеті бар журналистер легін жасақтауды мақсат етеді. Банк өкілдері, қаржы саласының сарапшылары мен білікті журналистер қазылық ететін бұл байқау да журналистер арасында кең танымал. Әрі байқау алғаш ұйымдастырылғалы бері үміткерлер ұсынған материалдарды сүзгіден өткізген қазылар алқасы қаржы мәселесін жазуда ізденістің артып, ынтаның көбейгенін алға тартуда. Яғни, қаржылық қолдау – журналистерді, әсіресе жас тілшілерді бұрын тәуекел ете қоймайтын қаржы тақырыбында жазуға ынталандырды.
Түркітілдес журналистер қорының жетекшісі Нәзия Жоямергенқызының айтуынша, бұл байқау қазақтілді журналистерді қаржылық тұрғыдан көтермелеуді мақсат етеді. Өйткені, Қазақстандағы жарнама берушілердің, өз ісін насихаттағысы келетіндердің көбі орыстілді БАҚ-ты таңдайды. Сәйкесінше жарнамадан түсетін табыстың басым бөлігі орыс редакцияларына беріліп, ондағы журналистердің айлығы мен қаламақысына оң әсерін тигізеді. Ал бүгінгідей нарықтық заманда барлық бұқаралық ақпарат құралдары қосымша қаражатқа тәуелді. Мықты, талантты журналистерді жұмысқа тарту үшін міндетті түрде қаржылай мүмкіндік болуы керек. Осы ретте аталмыш байқау қаржы саласын тұрақты жазып жүрген, халықтың қаржылық сауатын көтеруге атсалысып жүрген журналситерге айтарлықтай көмек екенін мойындағанымыз жөн.
Бұған қоса, қаржылық қоры айтарлықтай жоғары байқаулардың ақпарат құралдары мен жекелеген журналистердің жұмысын жандандыруға септігін тигізіп келе жатқанын айта кеткеніміз жөн. Жыл сайын ақпарат өкілдеріне тағайындалатын Қазақстан Республикасы президенті атындағы сыйлық, стипендия осы ынталандырулардың басында тұр. Одан бөлек, «Нұр Отан» партиясы беретін «Нұр-Сұңқар» сыйлығы да жүйріктерді даралап, журналистерді желпінтетін байқаудың бірі. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Медиа дамыту қорының» бастамашылығымен өтетін «Үркер» сыйлығының да қаламды серік еткен жандар үшін орны ерекше.
Бұдан басқа облыстық әкімдіктер мен мемлекеттік құрылымдар тарапынан қолға алынған байқаулардың қазақ журналистикасын дамытудағы ықпалы өлшеусіз. Жалпы, ақпараттық «майданда» аянбай еңбек етіп жүрген тілшілер қауымын қалай марапаттасақ та, қалай ынталандырсақ та жарасады.
Руслан Мәлікұлы
-
17.11.2024
-
16.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024