Көше бағандарына, полиция бөлімдерінің алдындағы тақтайшаларға, кісі көп жүретін орындарға ілінген хабарламаларда өрімдей жастардың бейнесін жиі көреміз. Және солардың біразы қылмыс істеп іздеуде жүргендер емес, өз үйінен белгісіз себеппен кеткендер.
Екі ұлы үйіне келмей, Медеу аудандық полициясын айналшықтап жүрген Жанат Сейдахметқызы алты баланың анасы. Алғашқы төрт ұлының тәртібіне ешкім шағым айтып көрген емес. Ал кенже екі ұлы мектепті де, көршілерді де қақсатып болды. Балаларының үйден безіп кетуі бірінші рет емес. Былтыр екеуі жаздың соңғы айында жоғалып кетіп, туыстары күдерін үзген кезде аяқ астынан пайда болған еді. Ол кезде бірі 12, екіншісі 14-ке келген екі бала «бізді бір ағалар ұстап алып, мал бақтырып қойды» деп ақталған болатын. Кейіннен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор сұрағанда малшының үйі қайда екенін, кімдердің қамап мәжбүрлеп ұстағанын айтып бере алмаған. Сол жылы екеуі де сабақтарына уақытында барып, оғаш қылық көрсетпеген. Алайда, ата-ананың үміті ақталмады. Сырт көзге тыныш жүрген балалар күннің жылынғанын күткен сияқты. Мамырдың мамыражай шағы туысымен екеуі тағы да ғайып болды.
Жанат Сейдахметқызының айтуынша, бұлар дабыл қағып, алдымен мектептегі балалардан сұраған. Олардан толымды мәлімет болмаған соң Алматының маңайындағы малшы ауылдарын тексеріпті. Көрдік, білдік деген ешкім жоқ. Тек балалардың үйден кеткеніне бір айға жуықтағанда ата-анасына Әуезов аудандық полициясынан хабарласады. Сөйтсе, екеуін бұған дейін де, осы жолы да ешкім үйден кетуге мәжбүрлемеген. Екеуінің аңсағаны – бостандық, еркіндік. Өздері секілді бір топ бала жиналып Тастақ базарының жанынан түнейтін жер тапқан. Ұйқылары қанғанда бәрі «жұмысқа» шығады. Сондағысы көп қабатты үйлердің есігін қағып, қайыр сұрау. «Ата-анамыз ерте қайтыс болған. Балалар үйінде бізді ұрады, тамақ бермейді» деген сөздеріне сендіре білетін балақайларға қарасатын жандар аз емес екен. Тек кеше есік қаққан баланың күндіз базар жағалап жүретінін байқаған бір тұрғын Тастақтағы олар тұратын жерді байқап құзырлы орындарға хабарласқан екен. Полициядан арнайы келіп түнде ұсталған алты баланың екеуі Жанат Сейдахметқызының ұлдары.
Қит етсе үйден кететін балалар мектептің де, полицияның да тізімінде. Думан ықшамауданында тұратын екі баланың үлкенінің қазір қайда жүргені тағы белгісіз. Осыған орай олар білім алатын мектепке арнайы барып, психологтың нұсқауымен бүгінде 14-ке келген Дәуренмен тілдескен едік.
– Бізді ешкім үйден қуған жоқ. Өзіміз ойнап барып, бір топ баламен достастық. Олар Тастақ базарының жанындағы ескі үйдің жертөлесінде тұрады екен. Тамақ та, ақша да бар. Алаңсыз ұйықтап, қалаған нәрсемізді жедік. Қыдырдық, Сайранға суға түстік. Ол бізге ұнады. Бірігіп қайыр сұрадық. Бірақ, көшеде қайыр сұрағанымызды көрген бір ағалар енді көздеріне түссек оңдырмайтынын айтты. Сосын амал жоқ үйлердің есігін қағып, ақша сұрадық, – дейді ол.
Адам құқығын қорғау ұйымының зерттеуінше өз үйінен көбінесе Әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балалары қашады. Мамандар 7 мен 17 жас аралығындағы балалардың үйден кетуі жиі дейді. Ал енді неге кетеді дегенге келейік?
Психологтардың пайымынша, ең алдымен бұған баланың өз жақындарынан қолдауды сезінбеуі, үйде өзара сыйластықтың, түсіністіктің болмауы себеп. Әсіресе, ата-анасы ішімдікке әуес, тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларда баланың тамағының тоқ екеніне көңіл бөлінбейді. Мұндай жағдайда оның ішкі жан дүниесіне ешкімнің үңілмейтіні бесенеден белгілі. Содан кейін бала жылуды сырттан іздейді.
Сондай-ақ, ата-анасы ажырасқан, анасы басқа азаматпен бас қосқан үйдің балалары да үйден кетуге бейім. Анасына ұнаған адамның баланың көңілінен шыға қоймайтыны мәлім. Тіпті, жаңа әйеліне жақсы көрінген азаматтардың оңаша қалғанда өгей ұл-қызына тісін батырып, өзінше тәрбиелемек болғанының соңы үйден қашуға ұласып жатады.
Үшінші бір себебі – баланың ортасына байланысты. Мұндай балалар ата-анасы назарынан тыс қалған. Жақындары кіммен араласып, немен шұғылданып жүргенін қадағалап отырмаған соң мұндай балалардың күмәнді топтың ықпалында кетуі оңай. Осындай топтың дегенімен жүріп жаңа өмір бастамақ болған, соңынан опық жеген жасөспірімдер аз емес.
Төртінші топты еркіндікті сүйетін балалар құрайды. Жаңаға әуес, ешкімнің ақыл айтқанын қаламайтын балалар кейде үйден кетіп, өзінше өмір бастағысы келіп жатады. Бірақ, үйден кетуіне өзінің ішкі амбициясы себеп болған балалардың қайтымы тез.
Психологтардың үйден қашушыларға берген жалпы сипаттамасы осы. Адам құқықтарын қорғау ұйымы бұдан бөлек өз зерттеулеріне сүйене отырып, балалар көбінесе үйлерінен отбасындағы жиі ұрыс-керістер мен төбелестер (37.1%) кесірінен, әкесі немесе шешесі есірткі, ішімдікке әуес болғандықтан қиындық туындағандықтан (28.6%), ата-анасы оларға қажетті, мысалы киім, азық-түлік, медициналық қызмет көрсету және қауіпсіз тіршілік ету ортасымен қамтамасыз етпегендіктен (24.7%) үйден кеткендерін айтқан. Ал, енді осы жағдайдың салдары қандай? Үйінен кетіп, жаңа өмір бастағысы келген балалардың бәрінің жолы бола бермейді. Кейбірі қылмыстық топтың шылауына түсіп, кейбірі адам саудасының құрбанына айналады. Есірткіге тәуелді болып қалатындар да осындай осал топтардан шығады.
Сондықтан, балалар үйден қашпауы үшін ең алдымен оларға жайлы орта қалыптастыру керек. Балаға қаншалықты жағдай жасалса, соншалықты бақылау да мықты болғаны дұрыс. Араласатын ортасы, мектептегі достары, мұғалімдермен ара-қатынасы да басты назарда ұсталғаны жөн. Сонымен бірге, бүгінгідей ақпараттық заманда балалардың әлеуметтік желілердегі азғырушылар құрбанына айналуына жол бермеу – ана-ананың қолында,
Перизат Омарова, arasha.kz