06-09-18 |
2380 рет қаралған
Бала құқығын қорғайтын уәкілдің міндеті үлкен.
Бала құқығын қорғайтын уәкілдің міндеті үлкен

Шымкенттегі зорлық көрген жеткіншек оқиғасынан кейін балалар құқығын қорғайтын омбудсмен лауазымына көбірек мән бере бастағанымыз рас. Бұл кім өзі? Көне скандинавия тілінен шыққан бұл сөз өкіл ету, тапсыру дегенді білдіреді. Яғни, көп елдерде әділдіктің орнауына бақылау жасайтын, мемлекеттік атқарушы орган қызметіндегі белгілі бір азаматтық топтың қызығушылығын қорғау өкілеттігі жүктелген лауазымды тұлғаны омбудсмен деп жатады. Әрине, әр елде бұл міндет жүктелгендер әр түрлі атаумен аталады. Ал бізде омбудсмен, дұрысы уәкіл деген атау алған. Дегенмен, көбінесе балалар құқығын қорғайтын уәкіл дегеннен гөрі, жоғарыдағылар омбудсмен дегенді тәуір көреді. Уәкіл дегеннен гөрі қазақшаға таңсыз сөздің салмағы басым деп ойлай ма, ол жағы белгісіз. Әйтпесе, омбудсмен деп әлдеқандай қылып, таныстырғанымызбен, бұл міндет жүктелген жанның жұмысы түсінікті. Міндеті – балалар құқығын қорғауға бағытталған.

Жалпы Қазақстанның балалар омбудсмені институты өз тарихының жаңа бетін ашқалы отырғанын байқаймыз. Тарихтан белгілі болғандай,  2016 жылдың ақпанында елімізде балалар құқығын қорғайтын құзіреті бар институт алғаш рет құрылған болатын. Бір айдан кейін Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева Бала құқығы жөніндегі өкіл болып тағайындалды. Одан бері балаларға қатысты біршама мәселелер шешімін тапқанымен, әлі де болса шешуін күтіп жатқан талай мәселе бары аңғарылады.

Балалар құқығын қорғайтын уәкілдің арнайы таңдалып, тағайындалуы дұрыс әрі қажет. Себебі, кішкентайларға қатысты үлкен мәселелердің туындап жатқанын күнделікті өмірден көріп, біліп отырмыз. Әсіресе, балалардың жат адамнан емес, жақындарынан зардап шегуі, қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдардың өзінен әлімжеттік жасаушылардың шығуы қоғам болып ойланатын, шұғыл шешім қабылдауды қажет ететін мәселе. Бұрын балаларды қорғауға мүдделі болып келген Зағипа Балиеваны биылғы жылдан бастап сенатор Сәуле Айтпаева алмастырды. Балиева сияқты Айтпаева да құқықтық мәселелерге қанық, заң саласында ұзақ жыл еңбек еткен білікті маман. Бір артықшылығы, Сәуле Мұханбедианқызының қадағалау органдарындағы тәжірибесі үлкен. Прокуратура саласында табан аудармай ұзақ жыл еңбек еткен бұл кісі қыз-келіншектер арасынан шыққан тұңғыш генерал. Әсіресе, еліміздегі құқықтық мәліметтердің ортақ базасын жасауға елеулі еңбек сіңірген Сәуле Айтпаева Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің жұмысын бірізге түсірген мықты басшы. Сондықтан да, оған балалар қылмысына, қоғамдағы заңбұзушылықтар таңсық тақырып емес. Әрине, мәселеге сырттай үңілу бар да, оның түйінін тарқатып, түйткілін жазу мүлде бөлек әңгіме. Осы тұрғыдан алғанда құқық қорғау саласында беделі мықты Айтпаева балалар мәселесін қаншалықты шеше алады деген сұрақ көпшіліктің көкейінде тұрғаны анық.

Жаңа омбудсмен ханымға балалар мәселесі еш таңсық емес. Айтпаеваның Бас прокуратурада құқықтық статистика және арнаулы есепке алу жөніндегі комитеттің төрайымы болған кезде де, одан соң Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының бірінші орынбасары ретінде де, Сенат депутаты кезінде де отбасы мен балаларды қорғау мәселелерімен белсене шұғылданғаны белгілі. Сондықтан жаңа омбудсменге халық көп үміт артып отыр.

Бір білетініміз, генерал ханым жасөспірімдер жағдайына алаңдайтынын бұрыннан-ақ көрсеткен. Соның дәлелі, парламенттің кезекті отырысында сөз алған Айтпаева Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа сенатор ретінде депутаттық сауал жолдап, нақ осы кәмелетке толмағандардың мәселесіне назар аударуды сұраған болатын. «Ресми мәліметке жүгінсек, биылғы жылдың алғашқы бір жарым айында ғана кәмелетке толмағандарға қарсы 267 қылмыс жасалыпты, оның ішінде 71-і ауыр, ал 21-і аса ауыр. Үш бала өлтірілген, 24 жағдайда олардың денсаулығына ауыр және орташа ауыр зақым келген, он екісі зорланған, жетеуі сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық көрген, 16 жасқа толмаған 57 баламен жыныстық қатынас жасалған, екеуі проституциямен айналысуға тартылған. Кәмелетке толмағандарға қатысты тонау, қарақшылық жасалады, оларды азаптайды, қауіп-қатермен жалғыз қалдырады, тәрбиелеу бойынша міндеттер орындалмайды. 14 бала өздеріне өздері қол жұмсаған. Жүзден астамы заң бұзған» деген қорқынышты мәліметтерді мысалға келтірген Айтпаева балалар мен жасөспірімдер қауіпсіздігіне алаңдаған болатын. Ал қазір осы мәселелердің барлығымен Сәуле ханымның өзі айналысып, балалардың мүддесін қозғағалы отыр.

Өзінің бұрынғы міндетіне көбірек ден қойса, Айтпаеваның омбудсмендік қызметінен көп пайда бола қоймайды. Өйткені, статистиканы жинап, құрғақ сөйлеу екінің бірінің қолынан келеді. Оның үстіне, қорқынышты сандарды тауып алу соншалықты қиын да емес. Айталық, соңғы статистикаға сенсек, кейінгі екі жыл ішінде Қазақстанда балалар мен жасөспірімдерге қарсы 8439 қылмыс жасалыпты. Тек өткен жылы 136 бала өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болған. Осының өзі кішкентайлардың өмір сүруге құлшынбайтынын, өмірге келмей жатып, өмірден кетуге асығатынын көрсетеді. Балаларға қатысты мәселенің көбеюіне алаңдаған эск-омбудсмен Зағипа Балиева 2017 жылдың сәуірінде «бізде бірыңғай орган жоқ. Ол тіпті республикалық деңгейде жоқ. Отбасы, әйел, бала және жастар мәселесі бір-бірімен байланысты. Қазіргі таңда жастар мәселесі бір министрлікте, бала құқығын қорғау басқасында, отбасы еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінен басқа ешқандай мемлекеттік органда қаралмайды» деп жаңа министрлік құру туралы ұсыныс айтқан болатын. Алайда, бұл ұсыныс қоғамымызда қолдау тауып кете қоймады. Ендігі жерде кәмелетке толмағандарқа қатысты мәселенің қалай шешімін табары жаңа омбудсмен ханымға тікелей байланысты болып отыр.

Осыны сезінген жаңа уәкіл де елімізде балалар құқығын қорғау тетіктерінің өзгеруі тиіс екенін айтты. Сондықтан балалар құқықтарын қорғау үшін алдымен ана мен әке институтын күшейтіп, Аналар кодексінің қажеттілігіне де тоқталды. «Ең алдымен бала қоғамда бар жағдайды сезінуі керек, бастан өткеруі тиіс. Біріншіден, ата-аналар өз баласының жағдайын түсінуі керек. Оны қандай мәселелер мазалап жүр? Неге алаңдайды? Соның бәрін білуі тиіс. Екіншіден, мұғалімдер де баланың жағдайын бақылуы қажет. Әлі есімде, біздің кезімізде мұғалімдер анамыз сияқты болды. Отбасының жағдайын, баланың қандай мәселеге алаңдап жүргенін – бәрін-бәрін біліп отыратын. Меніңше, қазіргі сынып сағаттарын мұғалім мен бала арасындағы байланысты орнатуға арнау қажет. Негізі, мұғалімге, анаға, әкеге деген сенім болса, баланың өз-өзіне деген сенімі де мықты болады. Дәл осы сенімді күшейтуіміз керек. Әке кодексі, ана кодексі сияқты бір құжат болу керек сияқты. Сонда нақты ақыл-кеңестерді көрсетуге болады» дейді Сәуле Айтпаева.

Ұлттық тәрбие әлсіреп, қазақы құндылықтарын екінші қатарға сырғыған уақытта генерал ханым айтқандай ана мен әкенің рөлін арнайы кодекспен нақтылаған да дұрыс шығар. Бірақ, ол шын мәнінде мәселені шешуге, отбасылық тәрбиенің олқы тұстарын толтыруға ықпалды болғанда ғана оң нәтиже беруі мүмкін. Жалпы, бүгінгі қасіреттің барлығы отбасындағы тәрбиенің, мектептегі бақылаудың әлсіздігінен екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан, жаңа уәкіл өз жұмысын осы бағытты түгендеуден бастаса жөн еді.

Шынар Лиясханова,

 №172 мектеп-гимназия мұғалімі

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.