Мәдениеттанушы Зира Наурызбаева 9 мамыр қарсаңында кішкентай балаларды әскери формада киіндіріп алып шығатындарды сынға алды.
«Балаларын псевдоәскери форма кидіретін ата-аналар, шынымен де оларды қандайда бір «СВО»-ға (арнайы әскери операцияға) жібергілеріңіз келе ме? Ал егер бұл мектеп пен балабақшалардың нұсқауымен жасалып жатса, онда мұндай бұйрықтардың қайдан келіп жатқанын тексеру қажет шығар?», — дейді мәдениеттанушы.
Оның ойынша, 9 мамыр алаулатып тойлайтын емес, қырғынға ұшырағандарды еске алып, дұға бағыштау күні.
«Нағашы атамның рухына құрмет көрсетемін, Украина мен Ресей арасында бейбітшілік орнауын күтемін, себебі анамның аманатын – Украинадағы нағашы атамның қабіріне барып, құран бағыштау – орындағым келеді. Анам тірі кезінде оны табу мүмкін болмағаны өкінішті. Украинаға Ұлы Отан соғысындағы жеңіс тілеймін! Ресей Чешенстанға, Грузияға, Украинаға шабуыл жасаған кезде, ол Ұлы Отан соғысы мен фашизмге қарсы күрескен бауырлас халықтар идеясын түбегейлі күйретті. Сондықтан 9 мамыр – бұл еске алу күні, қырғынға ұшырағандардың рухына бағышталған дұға күні», — дейді З. Наурызбаева.