13-04-23 |
2850 рет қаралған
Балаларға деген қамқорлық кемімейді.
Балаларға деген қамқорлық кемімейді

Жолдау – мемлекеттің даму бағытын айқындайтын, нақты межелер белгілейтін стратегиялық маңызды құжат. Осыған дейін елімізге бағдар болар 26 Жолдау көпшілікке жол тартқан екен.  Бар мен жоқты саралап, кешегі мен ертеңгі күнді салыстыра отырып дайындалған бұл құжат осы күнге дейін барлық саланың ілгерілеуіне, өңірлердің дамуына серпін беріп келді. Әсіресе, әлеуметтік мәселелердің шешімін тауып, білім мен денсаулық сақтау саласындағы түйткілдерді тарқатуда Жолдаудағы тапсырмалардың маңызы зор. Алматы қаласындағы әлеуметтік жобалардың бастауында да жыл сайынғы Жолдауларда жүктелген міндеттер тұрғаны ақиқат.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы жылдың 1 қыркүйегінде халыққа ұсынған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты кезекті Жолдауында ел болашағына бағдар болар нақты мақсаттар көзделген.  Білім беру жүйесінің ұлт сапасын жақсартудағы маңызды рөліне тоқталған Президент әрбір оқушының тыңғылықты білім алып, жан-жақты дамуы үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын ұсынғаны есімізде. Осылайша  2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасап, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектептер мәселесін шешуге қадам жасалды.

Балалардың жайлы, жарық білім ошақтарында сапалы білім алғаны жақсы. Президент назар аударған осы мәселеге Алматы қаласының әкімдігі де жіті көңіл бөліп, мектепке қатысты түйткілдерді шешуге барынша тырысып келеді. Расында, қалаға қоныс аударушылар санының көптігі, демографияның өсуі Алматы қаласындағы білім беру, денсаулық сақтау салаларына үлкен ауыртпалық жүктеп келе жатқаны рас. Жастардың көпшілігі болашағын тек қаламен байланыстырады. Ұл-қызының Алматы балабақшаларына барып, қала мектептерінде білім алғанын қалайды. Ал Алматы қаласының әкімшілігі тұрғындар қалауына сай жағдай жасап, балабақша, мектепке байланысты мәселелерді ретімен шешуге күш салуда.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев үнемі қала халқымен  жүздесіп, олардың көкейіндегі сауалдарына жауап беруді, мәселелерді оңтайлы шешу үшін көпшілікпен кеңесіп отыруды әдетке айналдырған. Мәселен Алатау ауданының тұрғындарымен болған кездесуде азаматтар мектептегі бала санының көптігін сөз еткен. Халықтың пікір, лебізін тыңдаған әкім Алатау ауданында 8 мектеп салынатынын айтып, көпшілікке Мемлекет басшысының Жолдауда жүктеген тапсырмалары бойынша атқарылып жатқан іс-шаралардан құлағдар етті.

Әкімнің айтуынша, бүгінде «Саялы-2» шағын ауданында 550 орындық мектеп салынып жатыр. 12 050 орындық тағы 7 мектептің құрылысы осы жылдың 3 тоқсанында басталмақ. Себебі әкімдікке ұсынылған мәліметтер көрсеткендей, аудан мектептерінде шамамен 4600 орын тапшы. Олардың ішінде 550 орындық мектеп «Зерделі» шағын ауданында салынады. «Жайлы мектеп» жобасы аясында «Самғау», «Алғабас», «Қарасу», «Теректі» шағын аудандарында, сонымен бірге, «Әйгерім» шағын ауданында 2000 орындық мектеп бой көтереді.

Бостандық ауданында да 9200 орындық 6 жаңа мектеп және 980 орындық 4 балабақша, сонымен бірге, 400 орындық 8 жекеменшік балабақша салу жоспарланған. Оның ішінде 3 мектеп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтермек. Құрылыс 2023 жылдың қыркүйегінде басталады. Ал «Ақбұлақ» шағын ауданында №154 мектепті бұзып, 1500 орындық мектеп пайда болады. Мектептер келесі жылдың соңына дейін салынады.

          Қаладағы жекелеген аудандардың әкімдері де Президент жолдауына үн қосып, халықпен тікелей байланыс орнатуға, елдің талап-тілегіне сай қызмет атқаруға барын салып келеді. Соның ішінде балалардың сапалы білім алуы тек мектеп салуға, оқу құралдарымен қамтуға байланысты болмаса керек. Мұны кезінде Мемлекет басшысы өз мақаласында атап өтіп: «Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Балаларға қатысты шаралар жалаң ұранмен шектелмеуі керек. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деген болатын.

Ұл-қызымыз Мемлекет басшысы айтқандай әлемді бағындырып, интеллектуалды ұлттың негізін қалауы үшін балалардың спорттағы қабылетін шыңдаудың, тіл үйреніп, жаңа технологияны меңгеруінің маңызы зор.  Мәселен, Медеу ауданы әкімінің аппараты мен «Альфа Академия» білім беру орталығы бірлесіп, тегін ағылшын курсын ашу туралы әлеуметтік жоба қолға алынған. Бұл жоба мектепте алған білімді ұштауға, тіл үйренсем деген балаларды қанаттандыруға айтарлықтай көмек болды. Білім беру орталығының қолдауымен осы уақытқа дейін қаншама бала тіл біліп, біліктілігін жетілдіретін жаңа орта тапты.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың балаларға қамқорлық жасап, қабілетін ұштау бойынша берген тапсырмасына сәйкес, Алматы қаласының әкімдігі тарапынан «Шетсіз қала» деген бағдарламасының да қолға алынғанын айта кеткеніміз жөн. Соған орай тегін тіл курстарын оқыту орындары ретінде аудан орталығынан қашық орналасқан бірнеше мектеп таңдалған болатын. Сонымен бірге  С.Бегалин атындағы балалар кітапханасының жанынан тегін ағылшын курсы жұмыс  жасап, ынтасы бар балалардың арманын орындауға мүмкіндік жасалды.

Алматы қаласының әкімдігі балаларды шығармашылық және спорттық үйірмелер мен секцияларға тегін қабылдауда да көш бастап келеді. Мемлекеттік тапсырысты балалар арасында әділ бөлу үшін Алматы әкімдігі арнайы портал ашып, өтініштерді қабылдауға барынша жан-жақты мүмкіндік туғызып отыр. Бұл білсем, үйренсем, оқысам, білім көкжиегін кеңейтсем деп талаптанған балалардың барлығына мемлекет тарапынан жасалып отырған ерекше қамқорлықтың көрінісі. Балалар өздеріне берілген осындай мол мүмкіндікті тиімді пайдаланып, қабілет-қарымын шыңдай түссе нұр үстіне нұр болмақ. Ал Алматы қаласының әкімдігі алдағы уақытта да жас ұрпақтың жайлы да жарық мектепте сапалы білім алуына барлық жағдайды жасай берері анық.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.