Анатолий Балушкин мен Қазақстан Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің арасындағы текетірес күннен күнге үдеп барады. Бүгін кезекті сот процесінде «Азия Авто» тағы да жеңіліс тапты. Нұр-Сұлтан қаласы азаматтық істер жөніндегі сот коллегиясы 21 қазандағы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың шешімін қолдамады. «Азия Авто» АҚ және «Азия Авто Казақстан» АҚ аппелияциялық шағымын да қанағаттандырусыз қалдырды.
Тараптардың өзара қырғиқабақ болуына Өскемен қаласындағы автомобиль құрастыру кәсіпорнының иесі, «Бипэк Авто» компаниялар тобының құрылтайшысы Анатолий Балушкиннің мемлекет алдындағы өз міндеттемелерін орындамауы себеп болған. Биыл сәуірде компания кезекті рет Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің талаптарын орындамағаны үшін сотқа тартылды. Кемшіліктерді жоюға бір ай уақыт берілгенімен, автомобиль құрастырушы компания жағдайды өзгертуге асықпаған. Министрлік преференция, яғни жеңілдіктер беру туралы келісім шартты сот арқылы бұзуға мәжбүр болды. Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 2017 жылы 7 сәуірде жасалған, кейін 4 қараша 2019 жылғы №1 қосымша келісімдердің күшін жою туралы шешім шығарды.
Яғни сот барысында «Азия Авто» АҚ және «Азия Авто Казақстан» акционерлік қоғамының мемлекет бюджетінен берілген қаражаттарды мақсатсыз жұмсағаны дәлелденді. «Өндірістік көлік құрастыру» үшін берілген қомақты қаржы көлік шанағын дәнекерлеу және бояуға арналған өндірістік орын ашуға емес көрші елден автомобиль бөлшектерін сатып әкелуге жұмсалғаны белгілі болды.
Олигарх Анатолий Балушкин мен салалық министрлік арасындағы келіспеушілік 2020 жылы көктемде басталды. Автомобиль өндіруші жоғарыда айтылған міндеттемелерді орындаудың орнына ерегіскенді жөн деп тапса керек. Министрлік төрт рет мүмкіндік беріп, әліптің артын бақтық. Алайда Балушкин биліктің бишігінен именген жоқ. Керісінше еркінсіп, келісім шарт талаптарын ақыры орындамауға бел буыпты. Біз де қарап қалмаспыз деген Бейбіт Атамқұлов басқаратын ведмоство мәселені заң жолымен шешуге кірісп кетті. Айналып келгенде әңгіме міндеттемелермен шектелмей, осы күнге дейін берілген 173 миллиард теңгені мемлекет қазынасына қайтару күн тәртібіне шықты.
Жаны жанжалға жақын Балушкин «Бипэк Авто – Азия Авто» компаниясы елдегі өзге көлік құрастырушы кәсіпорындардан еш жері кем емес екенін, оның бәсекелестері нарықтан тықсыру үшін өзіне қарсы «майдан бастағанын» айтудан жағы талған жоқ. Кәсіпорын ғимаратына жалданбалы блогерлер мен БАҚ өкілдерін жинап, бірнеше сағаттық брифинг өткізуге арланбады. Қызды-қыздымен мемлекет бюджетінен қаражат алып, бірақ өз міндеттемелерін орындауға неге асықпай жүргенін айтудың орнына, өзіне қоғамның «аяныш сезімін» тудыруға тырысып бақты. Бұқаралық ақпарат құралдарында тараған бейнетүсірілімнен Анатолий Балушкиннің баспасөз мәслихатын өткізген ғимараттың да модернизациядан өтпегенін байқау қиын емес. Ал көп жылдан бері қазығы қағылып, бірақ қаңқасы ғана тұрған көлік шанағын дәнекерлеп және бояу цехы туралы айтудың өзі ұят.
Анатолий Балушкиннің зауыт деп жүрген кәсіпорны сервистік қызмет көрсететін бекеттерден (ТЖО) еш айырмашылығы жоқ. Ол кез-келген дилерлік орталықтарда қосымша жөндеу қызметтерін көрсететін көлік көтергіші бар жөндеу орындарынан артық емес. Ең құрығанда жаңа технологияға сай көлік бөлшектерін дәнекерлеп, артынан бояп шығаратын катафорездік ванна мен өндіріс конвейері де әлі күнге дейін жолға қойылмаған. Оның мемлекет алдындағы міндеттемелеріне сәйкес, құрастырылған көліктердің 50% жергілікті жерде жасалуы тиіс. Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігімен қол қойылған келісім шарт аясындағы инвестиция осы мақсатқа жұмсалуы тиіс еді. Қайта-қайта айтылып жауыр болған зауыттың қадасының қағылғанына да он жыл өткен. Зауыт салу уәдесін 2010 жылы бергенін Балушкиннің өзі де жоққа шығармайтын болар.
Қазақстан үшін бұл маңызды жобаны кейінгі ысырып қойып, Forbes журналының бетін бермейтін байшыкеш немен айналысып жүрді. Ашық дереккөздерінде Анатолий Балушкин иелік ететін «Бипэк Авто» компаниялар тобының жаңадан салынған автомобиль салондары туралы ақпараттар толып жүр. Субсидияға берілген миллиардтаған қаражаттан компания 44 млн АҚШ долларына демалыс аймағын салуға, ал 72 млн АҚШ долларын Ресей Федерациясынан автокөліктер сататын автосалондар сатып алуға жұмсағаны туралы жазылып жатыр.
«Бипэк Автоның» Қазақстанда 20 филиалы жұмыс істейді. Ал Ресей аумағында 12 қалада авомобиль салондары қызмет көрсетеді. Барнауыл, Кемерово, Новосибирск, Тюмень, Омск сияқты оңтүстік аймақтағы облыс орталықтарында ВАЗ автокөліктерін сатумен айналысады. Бұл туралы компанияның өз ресми сайтынан да көруге болады. Балушкин Ресей аумағындағы активтерді ұлғайтуды жалғастырып келеді. Ол қолда бар қаражатқа Қазақстанда баяғыда көлік зауытын қайта жаңғыртатын жобаларды жүзеге асырса болар еді. Өкінішке қарай, субсидия ретінде алынған миллиардтаған теңге қаражат басқа жобаларға және өзге елдің аумағына жұмсалып кеткен. Бұл – тиімсіз менеджмент пен елге деген жанашырлықтың болмауынан. Ертең кәсіпорын өзін банкрот деп жариялап, мыңдаған адам жұмыссыз қалдыра салудан тайынбайды.
Айта кету керек, жақында «Бипек Авто – Азия Авто» холдингінің еңбек ұжымы Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевқа Өскемендегі «Азия Авто» автомобиль құрастыру зауытының жұмысын тоқтатуға жол бермеу туралы өтінішпен жүгінген. Оған Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің биыл сәуір айындағы өнеркәсіптік жинастыру туралы келісімді мерзімінен бұрын бұзуы себеп болса керек. Автоөнеркәсіп қожайыны жақында зауыт жұмысшыларын бетке ұстап, министрлік соттасуды доғармаса, кәсіпорынды тоқтататынын, сөйтіп мыңдаған жұмысшыны еңбекақысыз қалдыратынын мәлімдеді. Бірақ мемлекеттік органдар мұның бос әурешілік екенін ескертіп, осы күнге дейін елдің қазынасынан алған қаржының есебін талап етті.
Анатолий Балушкин соңғы кездері Қазақстан үкіметімен текетірестің қымбатқа түсетінін сезе бастаған сыңайлы. Мемлекет қаржыны алып, өз міндеттемелерін орындамағаны үшін ешкімді басынан сипамасы анық. Инсайдерлік ақпараттарға қарағанда, «Бипэк Авто» қожайыны өзінің компаниядағы 30 пайыздық акциясын кіммен бөлісерін білмей, дал болып жүрсе керек. Салалық министрлікпен қайтадан келісімге келіп, жеңілдіктерді қалпына келтіру туралы келісім шарттарды қайта қарауға аса қатты мүдделі. Ол бұл тығырықтан шығудың қосалқы жолы ретінде таңдаған- БАҚ беттерінде дау көтеру, жұмысшыларды көшеге алып шығу сияқты бастамалардың «оң жамбасқа» келмей тұрғанын түсінеді. Бірақ кеудемсоқтық мінезі жар берер емес.
Ең өкініштісі Балушкин өз ұжымын басына күн туғанда ғана ойлайды. Әйтпесе жақында жариялаған бейнеүндеуінде ол жұмысшыларды «рұқсат етілмеген митингке» шығуға шақырмаймын. Бірақ олар керек болса, зауыт үшін көшеге шығуға дайын дегенін қалай түсінуге болады?! Шындығында Анатолий Михайлович айтқандай бәрінің көшеге шығуы міндетті емес те шығар. Еңбеккерлердің жартысы пикетке шыққанда, қалған жартысы кәсіпорынның ішінде жылынып отыра тұрады. Алғашқы топ жаурағанда, жылы жерде отырғандар олардың орнын ауыстыратын болады.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін «жақсы түсінетін» кәсіпкер балабақшаны сүріп тастағанын ұмытқан жоқ шығарсыз? «Рахмановские ключи» курортын қоршап алып, ол жерге бөтен адамды кіргізбей қойғанын да ұмытпаған боларсыз? Оның Jysan Bank АҚ мен өзге де коммерциялық банктер алдында несиелік берешегін өтемегенін естен шығармаңыз. Осындай әбестіктеріне қарамастан ол Forbes бетінде жүреді және шетелдегі дилерлік орталықтары мен бизнестік құрылымдарына жеке ұшағымен қатынайды.
Десе де қазір ел басшылары мен қоғам Өскемен автомобиль зауытын салуға берілген халықтың қаражаты қайда деген мәселеге алаңдап отыр. Жұртшылық Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігіне сауалды төтесінен қойып отыр: қаражат қазынаға қайтаралуы тиіс. Ендеше Балушкиннің қарсыласының уәжі орынды әрі әділетті. Уәде етілген зауыт салынуы керек, өйтпеген жағдайда жаңа преференция туралы ойлаудың өзі артық. Алайда бұған «Бипэк Автоның» қожайыны дайын ба? Ол жаңа технологиямен зауыт салмақ түгілі өзінің қол астындағы жұмысшылардың санынан шатасып жүр. Балушкин айтқандай, Өскемендегі зауытт 5 мың да емес, тіпті 2 мың да емес, небәрі 638 адам еңбек етеді. Осыған қармастан зауыт жұмысшыларының көбі мәжбүрлі демалыста немесе мүлдем жұмыстан шығып кеткен.
Қазір Анатолий Балушкин одан өзге де келісім-шарттарды тартып алғалы жатыр деген «ертегіні» айта бастаған. Шетелдік контрагенттер кәсіпорын қожайыны өзінің кінәсінен барлық міндеттемелерді орындай алмай отыр. Ол Қазақстан үкіметінен тыс ЕАЭО-тың экономикалық комиссиясының заңды талаптарын орындаған жоқ. Министрлік Балушкиннің контрагенттеріне (халықаралық ірі компаниялар) міндеттемелерді орындамаған «Азия Автомен» келісім шарттар бұзылғанын хабарлады. Бұл компаниялар да Балушкиннің жауапсыздығына таңқалып, Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің позициясын қолдады.
Балушкин өзінің әйгілі бейнеүндеуінде өзінің осындай жағдайға түсуіне бәсекелестерін, экономикалық қиындықтарды, пандемияны кінәлайды. Шын мәнінде бұл дағдарысқа әкелген бір ғана себеп бар. Ол – шетінен бюджет қаражатын сорып,ақырында уәде етілген зауытты 10 жылдан бері салмай қоюы. Шынында коронавирустың кесірі тек оның кәсіпорнына ғана кесірі тиді. Ал өзіне түк те болған жоқ. Сол баяғыдай жеке ұшағымен ары-бері ұшып, қалаған жерінде өмір сүріп жүр. Ол уақтының негізгі бөлігін Өскеменде емес, Сочиде өткізеді. Оған Ресейдің курорттық аймағынан шипажай сатып алуға ешқандай пандемия да, дағдарыс та кедергі келтірген емес.
Қалыптасқан жағдайдан қорытынды жасайтын Балушкин мырзаны көріп тұрған жоқпыз. Олигарх өзіне мына сұрақтарды бір уақыт қойып көрсе, не бүлдіріп жүргенін түсінер ме еді, кім білсін?! Әлеуметтік жауапкершілікті түсінетін кәсіпкер мемлекеттен алып отырған көмекті тәрк етіп, берген уәдесі мен міндеттемесін орындамай қояр ма еді? Ниеті адал болса, жұмысшыларын көшеге шығарып, ереуіл жасауға әдейі итермелер ме еді? Сөйте тұра, өзі жұмсақ креслода шалқайып, жеке ұшақпен шетелдегі қазақстандық ақшаға сатып алынған активтерін аралап жүрер ме еді?
Қорыта айтқанда, біз олигарх пен мемлекеттік органның арасындағы текетіреске амалсыз куә болып отырмыз. Бизнеске қойылған талаптың орындалмауына кімнің кінәлі екенін ел өзі бағамдай жатыр. Кәсіпкердің өз жауапсыздығын сезіне отырып, мемлекетке талап қойып, ақпараттық майдан ашуы ақылға қонымды ма? Ақырында Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігін сотқа жүгінуге итермеледі. Себебі мәселе 173 миллиард теңгеге тіреліп тұр. Бұл тұрғыда Бейбіт Атамқұловтың позициясы табанды болады деп үміттенеміз. Ал өз деңгейін таныс-тамыр және ақшамен ғана өлшейтін олигарх қатесін түсініп, тәубесіне келер деп тілейік. Осы әділетті шешім. Ол жұмыс орындарын сақтап, өндірістік процестерді ілгерілетіп, шетел асырған миллиардтарды қайтаруға міндетті.