20-10-23 |
1570 рет қаралған
Бапи Үкіметке: Ескі Қазақстанның халық алдындағы қарызын неге іздемейсіздер?.
Бапи Үкіметке: Ескі Қазақстанның халық алдындағы қарызын неге іздемейсіздер?

Бүгін «Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржылық сауаттылықты арттыру туралы» деп аталатын парламенттік таыңдауда депутат Ермұрат Бапи «Ескі Қазақстанды» тексеру мәселесін көтерді.

Қарызға белшесінен ғана емес, кеңірдегінен батқан, қымбатшылық қамыты қылқындырған халыққа жанашырлық ретінде көтерілген мұндай Парламенттік бастаманы қошаметтеуге әбден болады. Иә, құрметті үкімет, сіздер халыққа жанашыр болғып, несие алма деп, ақыл айтқыларыңыз келеді. Сіздер қайыршылықтың алдында отырған халықты банктік қарыздан сақтандырғыларың келеді. Жөн! Дұрыс! Халыққа жанашыр болу керек! Бірақ қарыз алма деп, ақыл айтып емес, нақты қамқорлықпен жанашыр болу керек! – деді депутат.

Ол «аш адамға ақыл жүрмейтінін» ашып айтты.

Қымбатшылықтың қамыты қылқындырған халыққа ақыл қонбайды. Үйіндегі үйелмен бала-шағасын суға піскен макаронмен қоректендіруге мәжбүр боп отырған халыққа қандай ақыл айтуға болады? Есіңізде болсын, қарыз ауыртпалығына ел тұрғындарының өзі кінәлі емес, халықты осындай қайырсыз күйге түсірген мемлекет пен оның дәрменсіз үкіметі кінәлі – деді ол.

Сондай-ақ депутат Бас прокуратураға қарата «Ескі Қазақстанды» неге тексермей отырғанын сұрады.

Сіздер ескі Қазақстанның халық алдындағы қарызын неге іздемейсіздер? «Сауықтырамыз» деп, Ұлттық қордан банкілерге берілген триллиондаған қарызды қайтаруды неге талап етпейсіздер? «Сауықтырамыз» деп, мемлекеттен бөлінге триллиондармен бірге «Казкоммерцбанк» қалайша «Халық банкіне» сіңіп кеткенін тексерген үкімет бар ма? Сіздер халықтың қарызын емес, бірнеше банкті біріктіріп, қыруар «сауықтыру» қаржысын бір банкіге жинастырып, оның барлығын сыпырып-сиырып алып кеткен Назарбаевтар мен олигархтарға тиесілі банкілерінің халыққа берешек қарызын неге қайтармасқа? – деді Ермұрат Бапи.

Оның айтуынша, 2008-2020 жылдар аралығында қаржы ұйымдарына (әскерге, мектептерге, медицинаға, т.б. көмектің орнына) халықтың триллиондаған ақшасы құйылды, министрліктер қолайлы баға алу үшін Worldbank сияқты халықаралық ұйымдарды есептерімен алдап кетті. 2022 жылдың қаңтарына дейін ақшаның қайда кеткенін ешкім сұрамады.

Егер сол триллиондар қайтарылатын болса, халықтың банктер алдындағы қарызын үш қайтара жауып тастауға жетер еді. Ал сіздер тіпті ол банктерді неге «сауықтырғандарыңызды», ол банктер неге «сырқат» бола қалғанын білмейсіздер! Білсеңіздер де, ескі Қазақстанның алдында құймышақтың астымен демалып, үндеріңіз шықпайды – деді депутат.

Ол сол қарызды халыққа қайтарайық, әлеуметтік әділеттілікті қалыптастырайық деп, біз ұрланған активтерді қайтару туралы арнайы заң қабылдағандарын айтты.

Қайда сол заңның орындалғаны? Президент Тоқаев мырзаның бұдан бір жыл бұрынғы бастамасы мемлекеттік маңызды науқан ретінде дүркіреп жүріп кеткен жоқ. Дүркіремек түгілі, президенттің активтерді қайтару саясатына саботаж жасалып жатыр деп, жауапкершілікпен айта аламын. Біріншіден, активтерді елге қайтарумен айналысуы тиіс уәкілетті органның құрылғаны жөніндегі хабарды ақпарат агенттіктерінен ғана естіп отырмыз. Оның құрамы ел президенті тапсырғандай, 130 адам ба, жоқ қаншасы қырқылып қалды – бұл жөнінде бейхабармыз – деді депутат.

Депутат өзіне жеткен ақпаратқа қарағанда, оның құрамы 30-40 адамнан аспайтынын атап өтті.

Бұл дегеніңіз бір министрліктің бір департаментінен немесе бір аудандық әкімдіктің штаттық құрамынан аспайтын аппарат. Мүдделі ведомстволар – Бас прокуратура, «антикор» мен АФМ «ескі Қазақстанның» сыбырлауымен ел президентінің бастамасын су аяғы құрдымға жіберу үшін, осындай қол-аяғы қырқылған құрылым құрған деп білем. Сіздер халықты қарыз салудан сақтандырғыларыңыз келеді, бірақ ұрланған активтерді қайтару мәселесімен айналысуы керек Комитеттің құрылымы жөніндегі ақпаратты депутаттардан және клептократтар ұрлап әкеткен капиталдың қайтуын күтіп отырған халықтан неге жасырып отырсыздар? Активтерді қайтару жөнінде қоғамға таратылуы тиіс ақпарат неге мардымсыз? – деді депутат.

Ол үкіметке, бүкіл әлемнің қуыс-қуысына, офшорлар мен шетелдік банктердің түкпір-түкпірі түгілі, өз еліміздің ішінде түрлі қитұрқы схемалармен тығылған орасан зор активтерді қайтару ісімен Комитеттің осы отыз адамдық кесілген құрамы толық мүмкіндікпен айналыса алады деп ойлайсыздар ма? – деген сұрақты төтесінен қойды.

Екіншіден, активтерді елге қайтару жөніндегі комиссияның құрамы жалпақ жұртқа неге жарияланбады? «Мы засекретили состав комисси, чтобы на ее членов не озавывались давление извне» деп міңгірлейді үкімет. Бесіктегі бала сенбейтін былжырақпен халықты алдарқытқыларыңыз келе ме? Кем дегенде екі жыл ішінде дивиденд төлеу сылтауымен Қазақстаннан қомақты сомалар шығарылып, шетелде қалды, кейбір сомалар Батыс банктерінде, мысалы, Люксембург Князьдігінде, Бангладеш Республикасындағы банк шоттарына аударылған кезде тоқтатылды. Біз жуықта сол Бангладешпен және офшорлы Сейшел аралдарымен визасыз режим жөнінде келісім жасастық. Қарызға батқан қай қазақ Бангладешке немесе Сейшел аралдарына барады? Баратындар – Қазақстанды тонап, қаржысын осы елдердегі офшорларға тыққан Назарбаевтың олигархтары – деді Ермұрат Бапи.

Ол әлі күнге дейін Біріккен Араб Әмірліктеріне ақша аударылымдары жасалып жатқанын айтты.

Халықты қарыздан сақтандырғаннан бұрын, сол аударылымдардың тарихын тексеру керек! Осылайша, Үкімет ПРЕЗИДЕНТ ТОҚАЕВТЫҢ ЖАРЛЫҒЫНА ЖӘНЕ ҚАЗАҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТОҚТАЛҒАН АКТИВТЕРДІ ҚАЙТАРУ ЖӨНІНДЕГІ ЗАҢЫНА САБОТ ЖАСАДЫ деп есептеймін – деді депутат.

Arasha.kz

ФОТО: forbes.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.