Президент мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарында қажырлы қызмет атқарып келе жатқан бірнеше азаматты баспанамен қамтамасыз етуді тапсырды.
Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Мемлекет басшысының атынан Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңында 65 пәтердің кілтін табыстадым. Марапатталғандардың қатарында журналистер, режиссерлер, монтажерлар, операторлар және басқа да мамандық иелері бар. Пәтерлер «Дара» Президент бастамаларының қоры атынан берілді. Келе жатқан мереке құтты болсын, әріптестер! – деп жазды ол.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Qazaqstan» РТРК» АҚ, «Хабар» агенттігі» АҚ, ҚР Президентінің Телерадиокешені, «Qazcontent» АҚ және «Қазақ газеттері» ЖШС қызметкерлеріне пәтер кілтін Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай тапсырды.
Естеріңізге сала кетейік, БАҚ саласының қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз ету, олардың әлеуметтік мәртебесін анықтау еліміздегі басты мәселелердің бірі.
Arasha.kz
ФОТО: Әлеуметтік желіден