Жыл сайын елімізде отбасы күні атап өтіледі. Қазақстан күнтізбесіне енгізілген бұл мереке отбасы мүшелерін бір-біріне жақындататын, туыстар арасындағы ынтымақты нығайтатын, ыстық ұяның қадірі мен орнын бағалайтын күн. Мұндай арнайы мерекеде әулеттің үлкендеріне алғыс айтып, ақылын тыңдап, отбасылық дәстүрді нығайту маңызды. Атаулы күннің мәнін арттырып, мерекелеу форматын кеңейтуге әр мекеме өз тарапынан қомақты үлесін қосуда. Соның ішінде кітап дүкендері мен кітапханалардың орны ерекше.
Айталық еліміздің барлық кітапханасында отбасы күнінде кітап көрмесін ұйымдастыру ізгі дәстүрге айналып келеді. Осы күні мамандар отбасы құндылығын дәріптейтін, шаңырақтың бірегей болмысын көрсететін, бақытты жанұя болудың өзіндік формуласымен таныстыратын кітаптарды жинақтап, көрмеге қояды. Мысалы биыл Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасында қыркүйектің екінші жексенбісінде «Қазақстан халқының отбасылық құндылықтары» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырманға мақтаулы жанұя болудың маңызын ұқтыратын кітаптар ұсынылды.
Бір қуанарлығы, соңғы жылдары отбасының адам өміріндегі орнын көрсететін, неке берік болуы үшін ненің қажет екенін, бала тәрбиесінде ұлттық салт-дәстүрді басшылыққа алудың артықшылығын айтатын заманауи кітаптар көбейген. Әлеуметтік желілердегі психолог, тренер, танымал блогерлердің де ең көп қозғайтын тақырыбы, ең көп адам қатысатын дәрістері отбасы тақырыбына арналды. Яғни, еліміздің тұрғындары үшін өз отбасын сақтау, шаңырағын берік ету, отағасының бабын жасау, туыстармен сыйластықты сақтау, бала тәрбиесіне қатысты ақыл-кеңестер алу аса өзекті болып тұр. Мұндай ақылы дәрістердің құны қаншалықты жоғары болғанымен, оған қатысамын, отбасылық құндылықтарды үйренуге ынталымын деушілер саны ешқашан кеміген емес. Бұл әрине қуантпай қоймайды.
Кітапханалар көрмелерде осындай отбасын бағалайтын оқырманға мазмұнды, сапалы кітаптарды ұсынып, көкірек-көзін ашуға қадам жасауда. Ал Рымбек Байсейітов атындағы Семей қаржы-экономикалық колледжінің кітапханашылары көрме ғана өткізумен шектелмей, «отбасы күн» мерекесінің тарихы, отбасының адам үшін де, мемлекет үшін де маңызы туралы айтып, оқылуға тиіс кітаптар мен басылым материалдарының тізбесін ұсынған. Оқырман қауымға Қазақстан аумағында тұратын халықтардың салт-дәстүрі мен отбасылық ұстанымдары туралы мәлімет жинақталған энциклопедиялар мен анықтамалықтарды, отбасылық психология, құқық және тәрбие туралы кітаптарды оқудың берері мол. Осы ретте Серік Кенжеахметұлының «Қазақ халқының салт-дәстүрлері», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя», Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпан», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар», И. Тургеневтің «Әкелер мен балалар», Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» кітаптары әдемі отбасылық қарым-қатынастың үлгісі болуға лайық шығармалар екені даусыз.
Осы кітаптардың қай-қайсысын алсаңыз да бір шаңырақ астандыға адамдардың бір-біріне деген ыстық ықыласына, жанашырлығына, қамқорлығына тәнті боласыз. Отбасының әкенің орны, ананың мейірімі, ағаның қолдауы мен қарындастың ізеті, әпкенің сүйіспеншілігі мен інінің елгезектігіне таңданасыз. Әр шығарманы оқи отырып «Әкесі тұрып ұлы сөйлегеннен без», «Аға алдында пейіліңді көрсет, іні алдында мейіріңді көрсет», «Аға әдепті болса, іні әдепті, Апа әдепті болса, сіңлі әдепті» деген мақалдар жақын жандар арасындағы жарасымдылықты кейінгі буынға үлгі етеді.
Кітап көрмесіне келген Анар Омарованың айтуынша, қазір балаларға оқып беретін ертегілерді табудың өзі қиын. «Дүкен сөрелеріндегі қазақша кітаптардың сапасын анықтау қиын. Әсіресе, баланы ұлттық дәстүрімізге сай тәрбиелеуге үндейтін ертегі кітаптарды таба алмай жүр едім. Бүгінгі ертегілерді ашып қалсаң, кейіпкерлерді кілең жаңа заманның адамдары. Оқиғалары да ойлауға ауыр. Шығарманың желісін қиындатып жіберген соң оны бала тұрмақ, өзіміз түсінбей жатамыз. Егер ертегінің өзін қарапайым отбасылық өмірмен байланыстырып, әке мен ананың қадірін ұқтыратындай, бауыр мен туыстың жанашырлығын дәріптейтіндей оқиғалармен түйіндесе, балаларға берер үлгі, өнегесі мол болар еді. Қазақ жазушылары осы назымызға құлақ түрсе» деген ұсынысын жеткізді.
Расында, баланың танымы мен тіл байлығы оқыған ертегісіне қарай қалыптасып, дамиды. Бала өміріндегі алғашқы кітап саналатын ертегілер жинағын құрастырғанда балалардың өз ұлтына деген махаббатын нығайтатын элементтерді көбірек қолданғаннан ұтарымыз көп. Қазақтың салт-дәстүрін кішкентайынан құлағына құйып өскен баланың еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі, адалдығы мықты болады. «Туған жерге туын тігетін», «Әкесіне қамқор ұл, анасына мейірімді бала» саны көбейеді. Ұрпақтар арасындағы сабақтастықты үзбеу үшін де отбасылық құндылықты дәріптеудің, қазақы салт-сананы үнемі насихаттап отырудың маңызы зор.
Бақытты отбасы болудың «рецептерімен» бөлісетін кітаптардың таралуына «ÓNEGE» жобасының мамандары көп еңбек сіңіріп жүр. қазақстандық отбасылардың құндылық бағдарлары. Отбасын кешенді қолдау орталығы саналатын бұл орталықта бүгінге дейін қазақтың байырғы отбасылық әдет-ғұрпын, туыстар арасындағы байланысты, ұлттық дәстүрге негізделген отбасы тәрбиесін насихаттауға бағытталған көптеген еңбектер басылып, оқырманға жол тартқан.
Осы орталық таяуда «Қазақстан отбасыларының құндылық негіздері. Некелік одақ түсінігі» деген кітапты көпшілікке таныстырды. Бізде «Отбасылық академия» деп аталатын отбасын қолдаудың кешенді орталығы барын көзіқарақты жандар білетін болар. Осы орталықтың мұрындық болуымен дайындалған жинақта қазақстандық 90 отбасының өмірі, тұрмыс-тіршілігі, өздеріне тән құндылықтары жазылған. Бұл кітапты отбасын берік етудің нұсқаулығы деп бағалауға да болады. Себебі, үш бөлімнен тұратын кітапта әулеттегі дәстүр жалғастығын сақтау құпиясы, ата-ана мен туыстар арасындағы қарым-қатынас, жанұя жарасымдылығын сақтаудың жұмбағы, алтын тойға жеткен берік отбасы мүшелерінің өмірлік тәжірибесі, жас жұбайларға арналған ақыл-кеңестер топтастырылған.
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024