arasha.kz

Баспасөз хатшылары әлеуметтік желілерде жұртшылықпен қарым-қатынас жасауды оқып-үйренуде

Мемлекеттік секторда әлеуметтік желілерді пайдаланудың озық тәжірибесін Қазақстанның орталық мемлекеттік органдар баспасөз қызметтері басшылары зерделеуде. Сәуір айының 20-21 күндері Астана Мемлекеттік қызмет хабы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесе отырып «Әлеуметтік желілер – мемлекеттік органдар мен жұртшылық арасын байланыстырушы тиімді платформа» атты семинар өткізуде.

Семинарды ашқан Хабтың Басқарушы комитет төрағасы Алихан Байменов: «Әлеуметтік желілер – үкіметтен бір тиын сұрамайтын қоғаммен байланыс құралы», – деп атап өтті. «Шешімдерді ұғынықты тілде бұқараға жеткізу – сенім қалыптастырудың бір тағаны. Бұл өз кезегінде келесі батыл да уақытылы шешімдерге арқау болады. Сондықтан да қазір баспасөз хатшыларының тиісті шешімдерді халыққа жеткізуде әлеуметтік желілерді шебер пайдалануы қажет», – деді Байменов.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитеті төрағасы Қанат Ысқақов «қазіргі мемлекеттік қызмет тәжірибесі сұрақтарға жауап беріп қана қоймай, азаматтардың пікіріне құлақ асып, олар ұсынған жобаларды жүзеге асыратын келесі – проактивті кезеңге өтуде», – деді. Сонымен бірге ол  келесі жылдан бастап, мемлекеттік қызметкерлерді бағалау парағына әлеуметтік желімен жұмыс істеу қосылатынын айтты.

Грузиялық сарапшылар Ани Сирбиладзе мен Иракли Джинианидзе мемлекеттік органдарды әлеуметтік медиада ілгерілету бойынша әлемдегі және аймақтағы цифрлық үрдістер туралы баяндады. Сонымен қатар олар мемлекеттік дағдарыстар кезіндегі әлеуметтік желілер рөліне тоқталып, осы орайда COVID-19 пандемиясы барысындағы баспасөз қызметтер жұмысының озық үлгілерін ұсынды.

Семинар барысында қатысушылар әр-түрлі кейстерді талдап, халықпен тиімді байланыс орнату мақсатында контенттің түрлерін пайдалану мен цифрлық қарым-қатынас жолдарын талқылады. Олар сонымен бірге негізгі онлайн платформаларды және олардың алгоритмдерін, пайдаланушылар мінез-құлық реакцияларын қарастырып, талдау жасап, қандай сынақтар болуы мүмкін екендігін сараптады, әлеуметтік желілерде жоспарлауды, визуализация әдістерін үйренді. Қатысушылар тәжірибе алмасып, соңғы жылдары болған мемлекеттік дағдарыс кезіндегі сынақтарды және олардан шығу жолдарын бірге талқылады.

Семинар жұмысына онлайн және оффлайн форматта Қазақстанның орталық мемлекеттік органдарының отызға жуық баспасөз хатшысы, ресми өкілдері және SMM менеджерлері қатысуда.

Exit mobile version