Қазақстанда мерзімді басылымдардың саны жыл өткен сайын толықпаса, азайып отырған жоқ. Мәселен, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитеті сайтында 8 қазанда «Мерзімді баспасөз басылымдарының, ақпараттық агенттіктердің және желілік басылымдардың тізбесі» деп аталатын құжат жарияланды. Онда 1857 газет, 1284 журнал, 349 ақпарат агенттігі мен 214 желілік басылымның аты жазылған. Осыдан 1 ғасыр уақыт бұрын елімізде саны 30-ға да жетпейтін еді.
Бұл туралы Тұрар Рысқұл 1926 жылы 5 мамырдағы баспасөз күніне арналған жиналыста сөйлеген сөзінде: «осы күні жалпы Қазақстанда 29 газет бар. Бұлардың 12-сі қазақ, 16-сы орыс газеттері, біреуі ұйғыр тілінде шығарылады» деген болатын. Яғни мерзімді басылымдардың қазіргі күнгі санын айтқан кезде, бір жағынан көз қуантып, көңіл сүйінткенімен олар өздеріне артылған сенімді қаншалықты ақтап жүр деген сауалға жауап беруде еріксіз ойлануға мәжбүр боламыз. Өйткені баспасөздің алдында қойған мақсат-міндеті тұрғысынан қарайтын болсақ, мерзімді басылымдардың таралымына қатысты түйткілді жағдай айтарлықтай өзгере қойған жоқ. Шығарушылар әлі күнге дейін кәсіпкерлер мен түрлі деңгейдегі жергілікті атқару органдарының қолдауына арқа сүйеп отыр. Жазылушылар арасында жүргізілетін ұтыс ойындары да оқырман тартуда айта қаларлықтай нәтиже беріп отырған жоқ. Оның басты себебі кейбіреулер айтып жүргендей халықтың сауаттылық деңгейіне немесе тұрмыс жағдайына байланысты емес.
Бұл туралы Алаш арыстары өткен ғасырдың басында-ақ айтып кеткен. Мәселен, Ахмет Байтұрсын «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек». Міржақып Дулат «қай елдің баспасөзі мықты, сол елдің болашағы зор». Әлихан Бөкейхан «Кітап жазып, газет-журналға мақала шығарып, Алашқа қызмет қылмасақ, басқа жол бөгеулі». «Қазына – газетаның сырты, жабуы, қалам, мақала – жаны». «Газетаны күйлеп, жаратып, бәйгеге қосуға өз алдына шебер, білгіш, жүйрік керек. Газетаға басшы болу – кім болса соның қолынан келмейді» деп жазған екен. Ал 1924 жылы «Еңбекшіл қазақ» газетінің №201 «Ж.А. деген қолтаңбамен жарық көрген «Ел газетке не жазбақ?» деп аталатын материалда: «Ағаш көркі – жапырақ» дегендейін, «газет көркі – ел хабары деуге болады. Ол аз. Газет қалың бұқаранікі болу үшін елмен қоян-қолтық айқасу керек. Қайткенде газет елмен айқасады? Әрине, елдің өз тұрмысын өзіне, айнаға түсіргендей ашық көрсеткенде. … Жоғарыдан шыққан дерексіз терең сөз, терең саясат, қарапайым ел қазағына жат нәрседей көрініп, әрі ұғымсыз, әрі жалықтырғыш болуында сөз жоқ.
Газетке елдің селқос қарауының бір себебі. Өз мүддесімін сөйлейтін, қышыған жеріне дөп келетін сөздердің аз басылуынан деп жоруға болады. Бұған кім жазалы? Газетші ме, хабаршы ма? … Ел: «жазбасам – маған серт, баспасаң – саған серт!» деген жолға түссе, сонда газет елдікі болады. Сонда жұрт газетті қызығып оқитын болады, – деп жазылған. Сондай-ақ елдің газетке жазылатын хабарлары ретінде: шаруа жайы; әкімшілік, сот жайы; әйел теңдігі, жастар тұрмысы; оқу жайы; жұмысшылар тұрмысы аталған екен. Егер тереңірек үңілетін болсақ бұл тақырыптар бүгін де өз маңызын жойған жоқ. Демек мәселенің бәрі қолындағы қуатты қаруды өз мақсатына дұрыс пайдалана алмай отырған шығарушы мен оның қызметін реттеп отырған мемлекеттік органға келіп тіреледі.
Ақпарат кеңістігінде радио мен телеарна ғана емес, интернет пайда болған кезде де біраз жұрт газет пен журналдың күні бітті, енді олар бұл жаңа қуатты қарудың алдында дәрменсіз күйге түседі деп болжам жасаған. Алайда сәуегейлердің айтқаны болған жоқ. Ақпарат кеңістігінде олардың әрқайсысы өз орнын тауып, әлі күнге дейін бірін-бірі толықтыруда. Кеңеситік дәуірде бұқаралық ақпарат құралдарының қожайыны бағыт-бағдарына қарай билік органдары мен түрлі деңгейдегі салалық ұйымдар болып келген еді. Тәуелсіздік жылдары олардың қатарына меншік иесі жеке немесе белгілі бір заңды тұлғалар болып табылатын ақпарат құралдары қосылды. Алайда көпшілік күткендей бәсекелестік айтарлықтай өз нәтижесін берген жоқ. Өздерін тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралы деп жариялағандардың да белгілі бір уақыттан кейін арыны басылып, қатардағы көп басылымының біріне айнала бастады. Яғни олар халықтың емес, ат төбеліндей белгілі бір топтың не шығарушының басылымына айналғандықтан оқырман сенімін ақтай алмады. Соның нәтижесінде меншік иесі әртүрлі болғанына қарамастан бүгінде барлық мерзімдік басылымдар мемлекеттік органдардың жариялаған тендріне қатысып, олар бөлетін қаражатқа ғана арқа сүйейтін жағдайға жетті.
Ал республикалық деген мәртебесі барының өзі әлдеқандай бір жағдаймен оған қолы жетпеген кезде бірден таралымы азайып, ол 2-3 мыңға дейін түсіп кететіні бүгінде ешкімге жасырын нәрсе емес. Тіпті олардың тапсырыс үшін өзінің нақты таралымын көрсетуден қашып, ұлғайтып жазатынын да барлық жұрт сезіп, біле бастады. Сондықтан баспасөз өзіне артылған жүкті қиналмай көтеріп, жетер жеріне толық жеткізіп, халық сеніміне ие болу үшін бұл салаға үлен өзгеріс қажет. Біздің пайымдауымызша, бірінші өзгеріс мемлекеттік қолдаудың жүйесі мен тәртібінде жасалу керек. Әкімшіліктің сірескен ресми, қатаң тілдегі стратегия, бағдарлама, жоспарларын қарапайым халыққа барынша ұғынықты етіп жеткізіп, талдап, түсіндіру басты назарға алынса тендр үшін ғана жазылған алайда оны өзге түгіл, өзі де түсінбейтін материалдарды ешкім жарияламас еді. Шығарушылар санға емес, сапаға мән беріп қызықты, тартымды, оқылымды материалдар жариялауға күш салар еді. Екінші, баспасөзге жетекшілік ететін адамға қойылатын талап да өзгеруі тиіс.
Саланың ұңғыл-шұңғылын білетін, өзгелерге үлгі-өнеге бола алатын, заманауи озық технологияны меңгерген және газетке оқырманды қызықтырып, сата алатын кәсіби мамандар тартылған жағдайда ғана баспасөздің еркіндігі, бәсекеге қабілеттігі артады. Үшінші, тілшілерді көптеп тартып, жақсы қаламақымен оларды ынталандыру жағын қолға алмаған басылым ешқашан өміршең бола алмайтынын уақыттың өзі дәлелдеп берді. Төртінші, халықты қараңғы, газетке жазылуға ақшасын қимайтын сараң, мәдениеті төмен тобыр деп ойлайтын қате пікірден арылмаған адамның оған ақыл айтып, көсемсуіне жол бермеу керек. Бесінші, БАҚ қожайындары өзіне қажетті маманды әзірлеуге атсалысып, олардың білімі мен біліктілігін артыруына қаржы жұмсамай жоғары нәтижеге қол жеткізе алмайды. Сондықтан бағыт-бағдары бір, салалық мамандануы ұқсас басылымдар қауымдасып, күш біріктірмей халыққа сөзінің өтімді болуы екіталай.
Р.Мәлікұлы
-
16.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024