Мәдениеттанушы Әсия Бағдәулет қазақ қыздары бәсекеге қабілетті болмағандықтан алашордалықтар орыстан әйел алды деген журналист Майя Бекбаеваға жауап қатты.
Майя Бекбаеваның қазақ әйелдеріне қатысты айтқаны жайлы. Қазақ әйелін білімсіз, төмен етекті шүйкебас деп көрсету бүгін басталған жоқ. Совет идеологтары қашан да қазақ әйелін бағынышты, білімсіз, жергілікті дәстүрдің құрбаны етіп көрсетуге мүдделі болған. Өйткені барлық отаршылдар сияқты, соның арқасында, Спивак айтпақшы, «қоңыр тәнді әйелді қоңыр тәнді еркектен құтқарған ақ нәсілді адам» ретінде орыс бейнелі Совет үкіметін алға тартты.
1930-60 жж. қазақ киносында қазақ әйелін (Райхан, Ботагөз, Ән қанатында, тб) сипаттауда қашан да ақ нәсілді құтқарушы келіп қазақ қызының көзін ашатын сюжетті талап еткен. Талап еткені туралы дерек жеткілікті. Солайша, осы сипаттама бәрінің санасына шегеленді. Кейінгі совет дәуірі мен әлі күнге дейін сол нарративке сеніп жүргендер баршылық, мысалы Бекбаева ханым.
Тарихи тұрғыда қарасақ, ұзатылған қыздардың жасауына Абайдың өлеңдер жинағы, қолдан тігілген дәптер күйінде қосылып берілетіні дәстүрге айналғаны жиі айтылады (Тұрсынбайұлы 2016). Міржақып Дулатовтың «Оян қазағы» да ұзатылған қыздардың ең қымбат қазынасы қатарында жасауында болғаны айтылады (Дулатов 2004: 295). қымбат қазына ретінде кітап алатын қыздар, Абай мен Міржақыпты оқитын қыздар қалайша білімсіз болады?
Мұндай деректер төңкеріске дейінгі қазақ әйелі туралы кеңестік түсінікпен үйлеспеді, идеологиясына қолайлы болмады. Қоғамда әртүрлі әйелдер бар екенін мойындамай, қазақ қызын жаппай тек қана совет одағы келіп оқытты, білім беріп, адам қатарына қосты деген ой айту керек болды. Мысалы, Кинематография комитеті «Абай әндері» (1946) фильмін талқылағанда Ажар (Әмина Өмірзақова), Мағыш (Шолпан Жандарбекова), Қарлығаш бейнелеріне қатысты мынандай сын айтты: «бұларда қарапайым халыққа тән …қарапайымдылық жетіспейді, тым білімді көрінеді» (Орталық архив). Өйткені олар білімділікті қазақ қызына қимайды.
Сол сияқты, цензорлар фильмдегі Рахия Қойшыбаева ғажап темпераментпен сомдаған Зейнеп ақынды Абай мен Пушкин поэзиясын насихаттаушы ретінде ғана қабылдап, «Айдардың өлімі сияқты шарықтау сәттерде Зейнеп Абайдың әндерін (Татьянаның әні) айтуы керек» деп ұсынған. Бұл пікірлер кеңестік идеологтардың қазақ әйелдеріне қашан да тәуелді, бағынышты рөл лайық деп есептегенін көрсетеді.
Ал Бекбаева ханым сияқтылар сол совет одағы қазақ қызына жамаған қамытты одан әрі жапсыра түскісі келеді, стереотиптен шыққысы келмейді, өйткені алдымен, айқай ұраннан әрі ізденіс аз. Екіншіден, қазақ қызын кім кемсітпеп еді, тоқпақтай беруге болады деп ойлайтын шығар.
Бұл мәселенің бір қыры ғана, әйтпесе орта, қауіпсіздік, сезім деген жекелеген факторлардан бөлек, Міржақыптың жұбайы Ғайнижамал, Сәкеннің әйелі Гүлбарам сияқты аяулы бейнелер қаншама. Абайламай сөйлеген соң кешірім сұрау айып емес.