Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа ескерту жасады.
Үкімет отырысында Нысанбаев елдегі полигондардың тек 20%-ы экологиялық және санитарлық талаптарға сай екенін мәлімдеді.
«2023 жылдың соңында үкімет өңірлерде 100 жаңа полигон салу бойынша жол картасын бекітті. Қазірдің өзінде жеті полигон салынды және пайдалануға берілді, 23 полигон бойынша жобалау-сметалық құжаттама (ЖСҚ) дайын, тағы 18 полигонда ЖСҚ әзірленуде. Қалған 52 полигонға қаражат бөлу қажет, содан кейін ЖСҚ дайындауға кірісуге болады», – деді министр.
Бірақ Бектенов бұл құрылыс қарқынына қанағаттанбады.
«Қуантатын нәтиже жоқ. Министрлік әкімдіктердің жұмысын ұйымдастыруы керек. Біз бұны әлі байқап отырған жоқпыз», – деді үкімет басшысы.
Елдегі қоқыс мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Қоқыс көлемі ғана емес, оны шығару тарифтері де өсуде. Мәселен, Астанада тариф екі есе қымбаттаған.
Ал Іле өзені жағасында экоактивистер қоқыс үйінділеріне назар аудартуға тырысуда.