Біз
әлеуметтік
желіде
08-05-25 |
90 рет қаралған
Бір Алладан күдер үзбеген ардагер….
Бір Алладан күдер үзбеген ардагер…

Біреуге өмір мандарин сияқты тәтті көрінер, енді біреуге лимон сияқты ащы болғаны жасырын емес. Netflix-тен Оңтүстік Кореяның «Өмір саған мандарин сыйласа…» фильмін қарап шығып, марқұм атамның соғыс пен арпалыстың арасында өткен өмірі еріксіз еске түсті. Өткен ғасырдың ең ащы кезеңі адамзат үшін Екінші Дүниежүзілік соғыспен байланысты шығар… Бұл зұлмат соғыста 55 млн адам қаза тапқан, ең көп адам шығыны КСРО-да болған, 27 млн әскери мен бейбіт тұрғынның опат болғаны белгілі. Германия шығыны – 7 млн адам, басым бөлігі әскерилер, Англия шығыны – 380 мың адам, АҚШ 417 мың адамынан айырылған. Әрине, бұл санның бәрі бос статистика, бірақ әр санның артында бір адамның өмірі жатыр…   

«Алладан басқа пана жоқ!» Атамның ең жиі айтатын сөзі осы еді. Өмірде қанша қиындық көрсе де, ол бір Алладан күдер үзбеген. Нағашы атам Кенжебай Бекетов 1925 жылы Қарақалпақстан республикасының Тақтакөпір қаласында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. 1940 жылы Шымбай педагогикалық училищесін бітіріп, 1942–1943 жылдар аралығында мұғалім болып жұмыс істеді. 1943 жылдан бастап соғысқа аттанады. Атамыз үш ағайынды еді, Есенбай, Сәрсенбай және Кенжебай… Сәрсенбай атамыз соғыстан оралмаған, үйге қара қағаз келген деседі. Артында ұрпақ қалмаған Сәрсенбай атамызды інісі өмірбақи іздеп өтті. Оның қай жерде жерленгені де белгісіз. Бірақ бірде туыстар хабарласып, жаңалықтардан, шамасы, Шығыс Еуропаның бір жерінде латын әліпбиінде Сәрсенбай Бекетов деген аттың қабір басында жазылып қойғанын көргендерін айтты. Содан бастап, күні бойы жаңалықтар қараумен болдық… Бірақ жүрекке үміт отын сыйлаған бұл хабар да сағымға айналды. Қанша бағдарлама қарасақ та, Сәрсенбай атамыз туралы бір үзік хабар ала алмадық.

Кенжебай атамыз 1943 жылдың қыркүйек айынан бастап 1944 жылдың тамызына дейін Екінші беларусь фронтында 331-дивизияның миномет батальонында соғысқан. Бұл атақты маршал Жуковтың қарамағында өткен шайқастар еді. Беларусьтің Орша, Витебск қалалары мен ауылдарын фашистерден азат етуге қатысқан. Сол шайқастың бірінде ауыр жарақат алып, Чита облысының Хилок станциясы госпиталында алты ай бойы емделіп жатқан. Қолы мен аяғына күрделі операциялар жасалған. Жарты жылдан кейін ғана елге аман-есен оралған.

Қан майданнан ауыр жарақаттанып елге оралған атамыз еңбек майданына да бар өмірін арнады. Қажырлы еңбек етті. Самарқандтың сауда институтын 1955 жылы үздік бітірген ол еңбек жолын сауда саласының инспекторы қызметінен бастап, Ауыл шаруашылығы министрлігінің бөлім бастығы қызметіне дейін көтерілген еді. 1966 жылдан бастап сауда бөлімінің басшысы болған. Бірақ Аралдың ар жағында туып-өскен атамның жүрегі қашанда «Қазақстан» деп соғатын. Содан болар, 80-ші жылдардың бас кезінде атам бүкіл отбасымен «елім, жерім» деп Алматы облысына көшіп келді.    

1983 жылы Алматыдағы «Алма-ата» сауда орталығы мен дүкенінің меңгерушісі қызметіне кірісті. 1984-1986 жылдар аралығында «Казглавселезащита» жоспарлау басқармасында бөлім басшысы қызметін атқарды. Ал 1986 жылдың ақпан айында зейнетке шықты. Кенжебай Бекетов соғыстағы ерлігі үшін I дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. Бұдан бөлек «1941-1945 жылдары Германияға қарсы ҰОС-дағы жеңісі үшін» медалімен, «1941-1945 жж. ҰОС жеңісіне 20 жыл», тағы басқа онға таяу медальдарды кеудесіне таққан еді. Атамыз Қарақалпақстан, Өзбекстан мен Қазақстанның білім, ауылшаруашылы мен сауда салаларында қызмет етіп, қоғамдық өмірге белсене араласып, ел дамуына үлес қосқан. Бауырлас түркі халықтарының бірлігіне, ынтымағына сенген.

Алматыда 90-шы жылдардың бас кезінде қазақ мектептері саусақпен санарлық еді. Біз тұратын Алатау совхозында (қазіргі Нұр-Алатау ықшам ауданы) бірнеше мектеп бар-тұғын, бірақ бәрі – орысша еді. Егер атамның «балалар қазақ мектебінде оқиды!» деген кесімді сөзі болмағанда, кім біледі, орыс мектебінде оқып, тіліміз де орысша шығар ма еді… Бірақ Алла қолдап, атамыз өз сөзінен тайынбай, 90-шы жылдары мектепке баратын қазақ балаларының ата-аналарымен бірлесіп, сол кездегі Калинин ауданының (қазіргі Бостандық ауданы) әкімдігіне өтініш хаттар жолдап, №70 орыс мектебінің бүйірінен арнайы қазақ класының ашылуына атсалысты. Әлі есімде, мені 1 класқа жетектеп апарған да атам еді. Қазақ мектебінің ашылғанына қатты қуанып: «Шүкір, Алла беріп жатыр ғой. Енді менің балаларым қазақ мектебінде оқиды!» – дегені әлі есімізде. Сол кезде біз де осындай дана, ұлтжанды қариялардың арқасында қазақ мектебіне аяқ басып жатқанымызды білсек те, мұның қандай бақыт екенін сезінбейтінбіз. Кейін біздің класымыз дербес №88 қазақ орта мектебіне айналды! Біз оның алғашқы түлектері болдық! Сондықтан мен атамды тек Екінші Дүниежүзілік соғыс ардагері ғана емес, тәуелсіздік үшін де, ұлттық ой-сана мен жас ұрпақ үшін де күрескен азамат ретінде жоғары бағалаймын әрі құрметтеймін…

Атамызбен бірге өткізген әрбір күніміз өнеге мен қуанышқа толы еді… Бала күнімізде үйдегі атамыздың соғыста берілген бүкіл медальдарын үлкен қораптан тауып алып, көйлектерімізге таққан едік. Баламыз ғой, бұл марапаттың қандай еңбекпен келгенін сезбейміз де. Сөйтіп жүріп: «Мен де соғысқа қатыстым, медалім бар» деп, ініміз екеуіміз бір-бірімізді қуып жүрсек, кенеттен бөлмеге атамыз кіріп келді. Түсі суық. Қабағын түйіп: «Соғыс, соғыс деп ойнамаңдар! Бұл соғыс оңай болмады. Сендерді Алла соғыстан сақтасын! Біз көргенді сендер көрмеңдер» деп, үн қатты да, медаль, ордендерін жинап, өз бөлмесіне үнсіз кіріп кетті… Соғыс көрген адам үшін әр медальдің құны тым қымбат еді…  

1991 жылы теледидар қарап отырған атам қатты айқайлады. Біз аң-таң болдық. “Азат, Азат, Азат ел болдық! Қазақстан бостандық алды!” — деп қуанды. Баламыз ғой, оның не екенін түсіне алмадық… Бірінен соң бірі телефон шырылдай бастады. Аға-апаларымыз звондап, әулеттің үлкені саналатын атамызды құттықтап жатты. Қанмайданнан қайтқан соң атамыз ұзақ жылдар түбі Қазақстанның тәуелсіз ел боларына сеніп келген. Содан болар бізді үйге жақын орыс мектебіне емес, алыстағы мектептің қазақ класына берген ғой. Себебі ертең балаларының қазақ тілінің арқасында өсіп-өркендейтініне сенген.  

20 жастан аса журналист ретінде алғаш алыс шетелге шыға бастадым. Азия, Еуропа, Кавказ елдерінде болдық. Бірақ атам қонақ келерде басына Стамбұлдан әкеп берген тақияны киіп: “Менің балам Сталиннің отанында болды ғой” деп мақтанып қоятын. Бұдан мен ұялушы едім, қонақтар кеткенде: “Ата-ау, Сталиннің отанында болу мәртебе емес, Сталин жаман адам болған дейді тарихшылар… Оны репрессия мен соғыстың атасы деп жүр… Келесіде қонақтарға “Менің балам Моцарттың отаны – Австрияда, Елизавета патшайымның отаны – Англияда болды” деңіз” — деп еркелейтін едім. “Әә, мақұл, балам” дейтін. Қонақ келгенде қайтадан Стамбұлдан әкелген тақиясын киіп алып: “Менің балам Сталиннің отанында болды” – деп, тұңғыш немересінің жетістіктерін, Грузия, Аджария, Ресей сапарын мақтанышпен айтып отыратын.

Марқұм атам қазақ газеттерінің, оның ішінде менің мақалаларымның тұрақты оқырманы еді. Атамның мұрағатында алғашқы мақалаларым шыққан «Ұлан», «Қазақ үні», «Түркістан» газеттері де сақтаулы болатын. Ол менің бас сыншым әрі қолдаушым еді. Үйге газет әкелмесем, қатты ренжитін. Бірде үйге барсам, ауылдан келген қонақтарға мақалаларымды көрсетіп, мақтанып отыр екен. Мәссаған, арасында менің «қырық жыл бұрын» жазған, қағазы сарғайған газеттерім де жүр?! Әлі есімде, бір күні «Айқын» газетінде 24 сағат, яғни тәулік бойы кезекші редактор болуға тура келді. Астанадан шұғыл материалдарды күтіп, таңғы 6-ға дейін редакцияда отырдық. Сол күні атам көз ілмепті. Түнгі 12-ден кейін көшеге шығып, кішкентай орындығына отырып, далада мені ұзақ уақыт күтіп отырыпты… Үй іші атамыздың денсаулығын ойлап: «Үйге кіріңіз, демалыңыз!» десе, «Тәйт, балам келгесін кіремін» деп кейіп те қояды екен. Атамыз осылай үй ішін түгендеп отыратын. Себебі «Бар байлығым – балаларым» деп санаушы еді.  

Әйтеуір, атамның мақтанып, «Айналайын» деп еркелететін сөзіне ештеңе де жетпеуші еді… Сол кісінің ерлігіне қарап тамсанып, өнегелі өмірінен үлгі алып өсіп келеміз. Атамыз 90-ға қараған шағында Ұзынағашта дүние салды. Қазір Кенжебай атамыздың ұрпағы Алматы облысының Қаскелең қаласы мен Ұзынағаш ауылында тұрады. Біз, немерелері, Астанадамыз. Бір айта кетерлігі, ең алғаш 2006 жылы атамыздың табаны Астанаға тиген еді. Жеңістің 61 жылдығына орай Алматы облысы, Қарасай ауданының сол кездегі әкімі Болатби Құтпановтың ұйымдастыруымен бір топ ардагер Елордаға сапарлаған еді. Бұл сапар туралы «Егемен Қазақстан» газетінде жазылып, атамыздың да суреті жарқ етіп шыққан еді. Шыны керек, о заманда Ардагерлер кеңесі, Ақсақалдар алқасы дегендей құрылымдар мықты еді. Тәуелсіздік жылдарының басынан бастап атамыз зейнетте жүрсе де, ауылымыздың өркендеуіне көп үлес қосқан еді. Алатау совхозында ел құрметтейтін сыйлы ақсақал болды.    

9 мамыр біз үшін мереке ме, әлде еске алу күні ме деген сауалға келсек, сөзсіз, бұл біз үшін ауыр дата. Бұл Сәрсенбай мен Кенжебай аталарымызды еске алу күні, басына не мешітке барып, құран бағыштайтын күн. Екінші Дүниежүзілік соғыс Еуропа үшін 1945 жылдың 8 мамырында, ал Америка үшін 3 қыркүйекте аяқталды. Қалған нәрсенің бәрі саясат… Кейде ойлаймын, егер аталарымыз тірі болса, соңғы жылдары тым саясиланған «Өлмес полк» сияқты ноу-хау нәрселерді қолдамас еді деп… Олар үшін бұл соғыстың құны тым қымбат болды. Енді соғысқа қатысып, шейіт болған ата-бабаларымызды жылы сөзбен еске алып, садақа беріп, құран бағыштаудан артық амал жоқ шығар-ау, сірә…

Кәмшат ТАСБОЛАТ

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.