arasha.kz

Биыл 186 мың оқушы мектептегі оқуын аяқтайды

Бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Оқу-ағарту министрі Ғаини Бейсембаев оқу жылының аяқталуы туралы баяндады.

Оның айтуынша, оқу жылын 3,8 млн оқушы аяқтағалы отыр, оның ішінде бастауыш сыныптарда 374 мың бала, негізгі мектептерде 341 мың оқушы және 186 мың түлек. 7 704 оқушы «Алтын белгі» белгісіне үміткер.

 Сондай-ақ биыл 5-8, 10 сыныптарда алғаш рет қазақ тіліне қатысты аралық емтихандар өткізіледі. Су тасқынына байланысты Атырау, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарынан 3 581 оқушы аралық және қорытынды емтихандардан босатылады. Қорытынды баға жылдық белгілер негізінде қойылады.

«ТЖ аясында қашықтан оқытылған 2 622 мектептің 832 мың оқушысы үшін 27-31 мамыр аралығында жазғы мектептің жұмысы ұйымдастырылады. Оқу жылын «Білімім – Отаныма» бірыңғай сынып сағаттарын өткізумен аяқтау жоспарлануда. 25 мамырда мектеп түлектеріне арналған «Мектебім, саған мың алғыс!» атты іс-шара өткізілмек», – деді министр.

 9 және 11 сынып түлектерінің қорытынды емтихандары 29 мамырдан 11 маусымға дейін өткізіледі. Аттестаттарды тапсыру салтанатты рәсімі 12-15 маусымға белгіленді.

Exit mobile version