20-09-24 |
3930 рет қаралған
Биыл шетелден 205 млн доллар актив қайтарылды.
Биыл шетелден 205 млн доллар актив қайтарылды

Мемлекет басшысы Бас Прокурор Берік Асыловты қабылдады. Президентке еліміздегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің жай-күйі, сондай-ақ қадағалау органының басым бағыттардағы қызметі туралы ақпарат берілді.

Бас Прокурор инвестициялық жобаларды сүйемелдеу туралы баяндады.

Мемлекет басшысына 445 инвесторға (ел экономикасына 8,3 трлн теңге аударуда) құқықтық көмек көрсетілгені, «прокурорлық сүзгі» шеңберінде мемлекеттік органдардың инвесторларға қарсы 500 шешімін бекітуден бас тартылғаны туралы хабарланды. Осы жұмыстың нәтижесінде инвесторлардың мемлекеттік билік институттарына деген сенім деңгейі артады.

Берік Асылов активтерді қайтару бойынша жұмыстың жай-күйі туралы баяндады. Биыл прокуратура органдарымен 262 млрд теңгеге, оның ішінде шетелден 205 млн долларға активтер қайтарылды.

Активтерді басқару компаниясына кәсіпорындардағы 82 млрд сомаға мүлік пен үлестер берілді. 450 млрд теңгеге активтерді қайтару туралы келісімдер бекітілді.

Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында заңсыз берілген және пайдаланылмаған ауыл шаруашылығының алқаптарын қайтару туралы берілген тапсырмасының орындалуына қатысты, соңғы 4 жылда 130 млрд теңгеге 17 миллион гектар (оның ішінде 59 млрд теңгеге 537 мың гектар олигополия жері) мемлекетке қайтарылып, айналымға тартылғаны және жайылым жерлерінің тапшылығы төрт есеге қысқартылғаны (29-дан 8 млн гектарға дейін), 11 мың пайшылардың құқықтарының қалпына келтірілгені жайында баяндалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар атышулы қылмыстық істерді тергеу барысы туралы баяндаманы тыңдады.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысына құқық қорғау және арнайы органдардың есірткі қылмыстылығымен күресу бойынша атқарған жұмыстары туралы ақпарат берілді. Жыл басынан бері есірткі сату фактілері 25%-ға артық (1258-ден 1573-ке дейін) анықталды. 15 тоннадан астам есірткі тәркіленді, оның 1 тоннасы «синтетика» болды. 60-қа жуық есірткі зертханасы жойылды.

13 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды.

Мемлекет басшысы «Әділ Қазақстан» тұжырымдамасында белгіленген «Заң және Тәртіп» негізгі бағдарын күшейту бойынша прокуратура органдарының күш-жігерін жандандыруды, әсіресе кез келген заңсыз әрекеттер үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге баса назар аударуды тапсырды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.