arasha.kz

Блогер журналист бола алмайды

Блогерлердің көбеюі, әлеуметтік желі ықпалының күшеюі журналистиканың беделін түсіргені рас. Қолында әмбебап телефоны бар азаматтардың бәрі өзі куә болған оқиғаны жедел жүктеп, ақпарат таратуға әбден төселген. Осыдан келіп қоғамда «Журналист болу үшін арнайы білім алудың қажеттілігі бар ма?», «Ақпарат таратуға жоғары білім алудың керегі қанша, оны арнайы курстардың көмегімен де меңгеруге болмай да?» деген сауалдардың туындағаны белгілі. Шынында, егер жаңалықпен бөлісу, ақпаратты таныстыру кез келген адамның қолынан келер болса, тілші болу үшін уақыт жоғалтып, білім алу артық емес пе?

Бұл әрине, журналистиканың маңызын, төртінші биліктің мәнін түсінбейтіндер айтатын шикі пікір, қате көзқарас. Себебі, қандай өркениетті елді алсаңыз да бұқаралық ақпарат құралдарына төртінші билік ретінде құрметпен қарайды. Мемлекеттің жғары лауазымды тұлғалары, басқарушы билік кез келген істе журналистердің пікіріне құлақ түреді, тілшілердің сынынан сескенеді, БАҚ өкілдерінің зерттеуінен жасқанады. Содан да болар, оларда күнделікті газет шығару қалыпты үрдіс. Тіпті, таңертең, кешке таратылатын газеттер де үлкен сұранысқа ие. Бұл қағаз басылымдардың да, радио мен теледидардың да қоғамға қажет екенін кқрсетеді. Дамыған елдердегі бұл жағдай «газеттер енді шықпайды, радионы ешкім тыңдамайды, теледидарды интернет алмастырады» деген пікірлердің негізсіз екенін дәлелдейді.

Шын мәнінде бұқаралық ақпарат құралдарына деген сұраныс бұрын да болған, қазір де бар. Блогерлер, әлеуметтік желілер журналистикаға бәсекелес болып, жедел қызметімен бірде алға шығып, бірде кеш қалуы мүмкін. Алайда, журналистиканың сараптамалық, сарабдалдық, талдау тұрғысында жазылған зерттеу, зерделеу бағытындағы басымдығын ешқашан алмастыра алмайды. Журналист қай кезде де мәртебелі мамандық. Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарында да ерекшелік аз емес. Әрі олар блогерлерден әлдеқайда биік, сапалы қызмет етеді. Салыстырмалы түрде алар болсақ журналист пен блоегрелердің арасы жер мен көктей.

Мәселен, блогерлер тек өзі көрген оқиғалар туралы баяндап, аудиторияға ұсынады. Олар үшін көркем жазу, әдемі жетізу маңызды емес. Ең бастысы, елді елең еткізіп, өзіне аудитория жинауды, көпшілік арасында қызу пікірталас тудыруды мақсат етеді.

Ал журналистер болған оқиғаны баяндаумен шектелмейді. Олар оқиғаны қандай формада, қандай көлемде, қандай мазмұнда беру керектігін ойластырады. Тақырып іздеу, маңызды мәселелерді ұсыну – журналистердің басты мақсаты. Сондықтан да олар үнемі ізденіс үстінде, кейіпкер, тақырып таңдаумен жүреді.

Блогерлер ақпараттың шынайылығына, кейіпкердің жеке басына мән бермейді. Оқиғаны сараптап жатпайды. Не көрді, соны көрсетумен, не айтты соны жеткізумен шектеледі. Журналистер міндетті түрде өзі ұсынатын ақпарат күмән туғызбауы үшін тексеріс жүргізеді. Құзырлы орындарға сұрау салып, мәліметті жан-жақты ұсынуға тырысады. Осы тұрғыдан алғанда блогерлерден уақыт жағынан ұтылуы мүмкін. Бірақ, күмінді ақпараттан шынайы ақпарат ұсынған халыққа әлдеқайда пайдалы.

Блогерлерде жауаптылық аз. Ел қызығатын ақпаратты барынша бояуын қанық етіп, көркемдеп беретін олар өзі айтқан мәлімет үшін жауаптылық барына назар аудармайды. Әрі жалған ақпараттың елді адастыратынына да көңіл бөлмейді. Ал журналист өз мамандығына көлеңке түсірмес үшін әр мақаласын жауаптылықпен жазады, әр хабарын ізденіспен дайындайды. Олар тексерілмеген деректің залалын жақсы түсінеді.

Ақпарат таратудағы журналист пен блогердің функциясы да әртүрлі. Журналист қоғамды ақпаратпен қамтамасыз етуші болғандықтан, ол әр жұмыс күні оқиғаның бел ортасында жүреді. Ал блогерде ондай міндеттеме жоқ. Сондықтан қалаған уақытында, көңіліне жағатын мәселелерді насихаттайды.

Журналист үшін тақырып шексіз. Ол кез келген уақытта саяси партиялар өмірін талқылап, экономикалық сараптама жасауы мүмкін. Қажет болса сот залынан репортаж дайындап, аң аулау туралы да қызықты мәлімет ұсына алуы ғажап емес. Блогерлерде мұндай әмбебап қасиет жоқ. Журналистен кем түсетін тағы бір қыры осында.

Блогерлер көңіл-күйдің ырғағымен кететін кез көп. Оларға екпіндеп сөйлеп, күшеніп ой түйгенді тәуір көреді. Сол арқылы халықтың есінде қалуды, аудиторияны жаулауды көздейді. Ал журналистке өз эмоциясын көрсетуге болмайды. Кез келген мәселені жазғанда журналист бейтарап қалуға, мәселенің ақ-қарасын анықтауға күш салады. Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, мәселенің ұңғыл-шұңғылына үңілу журналистке міндет.

Блогерлер үшін сөз арзан. Содан болар, олар әр сөзінің салмағы барын ескере бермейді. Ал журналист сөздің адамы. Тілшілер айтылған сөздің атылған оқ екенін жақсы біледі. Соған орай, олар қай сөзді қолданса да оның батпандай жүгі барын қаперінен шығармайды.

Дегенмен, журналистер мен блогерлердің бір арнаға тоғысып, бір мақсатқа ұйысатын, бір-бірін толықтыратын тұстары аз емес. Бүгінде бұл екі кәсіпті меңгергендер қазақ журналистикасын өркендетуге, ақпараттық кеңістікте шынайы мәселелердің көтеріліп, нақты мәліметтердің берілуіне барынша көмектесіп келеді. Бұқаралық ақпарат құралдарының беделін көтеретін жаңашылдықтардың бәрі қоғамды алға жылжытуға пәрменді екенін осыдан да аңғаруға болады.

Exit mobile version