03-10-24 |
2230 рет қаралған
Блогерлер әкімнің әр қадамын аңдуды әдетке айналдырды – Тоқаев.
Блогерлер әкімнің әр қадамын аңдуды әдетке айналдырды – Тоқаев

Өзін блогер санайтын кейбір адамдар әкімнің әр қадамын аңдуды әдетке айналдырды. Жұмысқа кедергі жасап, тіпті, қоқан-лоқы көрсететіндер бар. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында айтты.

«Қоғамның әкімдерге қоятын талабы қашанда жоғары. Бұл – заңды құбылыс. Әкімнің жұмысына сын көзбен қарау – демократиялық қоғамға тән қалыпты нәрсе. Бірақ сынағанның жөні осы екен деп, тым артық кететін әсіре белсенділер де бар. Өзін блогер санайтын кейбір адамдар әкімнің әр қадамын аңдуды әдетке айналдырды. Жұмысқа кедергі жасап, тіпті, қоқан-лоқы көрсететіндер бар. Әрине, ауыл, аудан немесе қала тұрғындары болсын, барлығы жайлы өмір сүргісі келеді. Азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасау – әкімге де, жергілікті мәслихаттарға да ортақ міндет», – деді президент.

Сонымен қатар ол әрбір әкім азаматтармен диалогқа ашық болуы қажет, сындарлы пікір алмаса білуі керектігін, бірақ жұртты дүрліктіріп, шу шығарып, заңды бұзуға жол берілмейтінін айтты.

«Ешкім заңнан аттамауға тиіс. Мемлекет мүддесі түрлі популистердің жеке мүддесінен жоғары тұруы қажет. Қоғамның сынынан және батыл шешім қабылдап, жауапкершілік алудан қорықпау керек. Кез келген өзекті мәселеге, соның ішінде ақпараттық шабуылдарға дер кезінде назар аудару қажет. Тағы да қайталап айтамын. Әкімдіктер мен мәслихаттардың міндеті – мемлекеттік саясатты қатаң ұстану, оны ел мүддесіне сай жүзеге асыру. Мәслихат депутаттарының жұмысындағы басым бағыттарға қатысты менің пайымым осындай», – деді Тоқаев.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.