28-09-24 |
3800 рет қаралған
БН-350 мамандары: атомнан бөлінетін қалдықтар озон қабатына қауіп төндірмейді.
БН-350 мамандары: атомнан бөлінетін қалдықтар озон қабатына қауіп төндірмейді

Ақтауда 30 жылға жуық БН-350 жылдам нейтронды ядролық реакторы бар МАЭК жұмыс істеді. РУ БН-350 директоры Марат Молдағұловтың айтуынша аталған реактордың жұмыс істеп тұрған кезінде тұрғындар тұрақты энергиямен қамтамасыз етіліп, су тапшылығын сезбеген. Сондай-ақ, ол отын үнемделіп, газ жұмсалмағандығы жайында айтты.

Марат Молдағұлов – 1990 -2000 жылдары ҚР Ұлттық ғылымдар академиясының химиялық ғылымдар институтының аға лаборанты, инженері, кіші ғылыми қызметкері ғылыми қызметкері, аға ғылыми қызметкері лауазымдарында қызмет атқарған. 2000-2002 жылдары – Павлодар химиялық зауытының бас инженері болды. Одан кейін мәслихат депутаты, Ақтау қаласы әкімі орынбасары қызметін атқарды. Ал 2018 жылы РУ БН-350 директоры болып сайланды.

28 қыркүйек күні атом саласы қызметкерлері күні. Мерекеге орай «МАЭК» ЖШС еңбек ардагері Артур Ягудин және РУ БН-350 директоры Марат Молдағұлов атомнан энергия қалай алынатыны туралы айтып, атом электр станцияларының қауіпсіздігін түсіндірді. Сондай-ақ, олар ескі реактор жайындағы естеліктерімен бөлісті.

«Мәселен Ақтаудағы 80-90-шы жылдардағы кадрлады еске түсірейікші. Ол кезде ағаштарды, жолдарды, көліктерді бірінен соң бірін суаратын. Адамдар жасыл аллеяларды аралайтын, балалар субұрқақтарда шомылатын,-дейді Марат Молдағұлов.

Ал еңбек ардагері Артур Ягудин реактор жұмысы тоқтатылғанда, бойын өкініш сезімі кернегенін айтады.

Атом реакторының жұмысын соңғы рет 1998 жыл 15 наурыз күні көрдім. Әрине іштей өкініш сезімі болды. Ол жұмыс істеп тұрғанда реактордың тіпті дыбысы естілмейтін,-деді Артур Ягудин.

Сондай-ақ, Артур Ягудин энергияның атомнан қалай алынатыны жайындағы мәліметтермен бөлісті.

«Энергия уран атомы ядросының бөлінуі арқылы алынады. Бұл жағдайда нейтрондар оттық көзі ретінде саналады. Ядроның бөлінуінен жүретін реакция арқылы үлкен мөлшерде жылу шығады. Ол салқындатқышқа өтеді. Яғни сілтілі металл натрийі қыздырылған кезде жылу алмасу жүйесі жүре бастайды. Жылу алмасу жүйелері арқылы жылу басқа тізбекке беріледі, содан кейін екінші тізбектегі натрий жылуды суға береді. Кейін ол су буға айналып турбиналарға өтеді. Аталған реакцияның өзі өте күрделі процесс. Бұл процесс құрылғылар мен мамандардың бақылауында болады», – дейді Артур Ягудин.

Мамандардың айтуынша, атом ядросының ыдырау процесі кезінде парниктік газдар немесе өзге де зиянды қалдықтар бөлінбейді. Яғни атомнан бөлінетін қалдықтар озон қабатына қауіп төндірмейді.

«Генераторлардан шыққан қалдықтар тек қана бу күйінде болады. Ал реактордың өзінен шығатын қатты және сұйық қалдықтар бақыланып, инертті күйге келтіріледі. Көмір және газ станцияларынан СО2, күкірт газдары, күкіртсутек, азот оксиді шығарылады. Ал атом ядросынан мұндай зиянды заттар бөлінбейді, – деді Марат Молдағұлов.

Мамандардың айтуынша қатты және сұйық радиоактивті қалдықтарды қайта пайдалану технологиялары жақсарып келеді. Яғни болашақта бұл технологиялар қалдықтарды толығымен бейтараптандыруға мүмкіндік береді.

«Біздің станция 25 жыл уақыт ішінде қатты және сұйық радиоактивті қалдықтардың белгілі бір мөлшерін жинады. Утилизация – бұл біртіндеп жүретін процесс. Сондай-ақ, қайта өңдеу барысында қалдық түрлеріне байланысты әртүрлі әдістер қолданылады. Одан кейін қалдықтар ұзақ мерзімде сақталатын қауіпсіз арнайы контейнерлерде жинақталады. Болашақта мамандар бұл материалды толығымен бейтараптандыруға дейін жеткізіп, жоятын тәсілдерді ойлап табатыны сөзсіз», – дейді Артур Ягудин.

Тағы бір маңызды фактор – бұл АЭС жұмысын бақылап-тексеру процесі.

«Аталған жұмыстар көп деңгейлі бақылаудан өтеді. Мысалы, әр қызметкердің тұрақты дозиметрі бар. Тексеру жұмыстары арнайы орындарда және оған іргелес жатқан аумақтарда жүргізіледі. Сонымен қатар ауа, су, жер, жер асты сулары үнемі бақылауда болады. Соңғы 20 жылда телеметрия, цифрлық технологиялар дамыды. Сондықтан барлық параметрлерді қашықтан басқаруға болады. Әр жолы өлшем жасау үшін барып жүрудің қажеті жоқ. Өлшем жасау датчиктер жүйесінің, бақылау-өлшеу аспаптарының көмегі арқылы жүзеге асады», – дейді Марат Молдағұлов.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.