24-09-18 |
25740 рет қаралған
««Болашақ» бағдарламасы адамдардың азаматтық көзқарасын өзгертеді».
««Болашақ» бағдарламасы адамдардың азаматтық көзқарасын өзгертеді»

Нұрмұхамед Байғараев 2016-2017 жылдары Англияның Ланкастер қаласында «Жобаларды басқару» мамандығы бойынша «Болашақ» бағдарламасымен оқыған. Нұрмұхамед қазір Астанада тұрады. Ол күнделікті өмірде, қоғамдық қатынастарда, қоғамдық мәдениетте, адамдардың азаматтық жауапкершілігі мен еркіндігінде Англия мен Қазақстан арасында белгілі бір айырмашылықтар бар деп біледі. Әрі «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген азаматтар білімін жетілдіріп қана келмей, батыстың Қазақстан қоғамына үйлесетін құндылықтарын да өздерімен бірге әкеліп, қоғамның өсуіне ықпал етеді деп ойлайды. Нұрмұхамед сұхбат барысында оқу бағдарламасына қатысты өз ұсыныстарын да айтты.

Нұрмұхаммед Байғараев, саясаттанушы:

– «Болашақ» бағдарламасына 25 жыл толды. Осы уақыт ішінде бағдарлама өзін ақтады ма?

– Ақтады деп ойлаймын. Өйткені «ең ұтымды инвестиция – білімге салынған инвестиция». «Болашақ» бағдарламасының 90жж-дағы алғашқы түлектері қазір де мемлекеттік қызмет сатысымен өсіп, элитаның ортасына кіріп жатыр. Мұны бағдарламаның бір көрсеткіші деп есептесек болады. Екінші көрсеткіш, оқу бітіріп келген жаңа түлек өзімен бірге жаңа білім, құндылық, өзгеріс алып келеді. Және ең бастысы, олар өз білімдерін өз салаларында қолданады. Сондықтан да бағдарлама өзін-өзі ақтап келеді, ақтайды деп ойлаймын.

– «Болашақ» бағдарламасы адамның білімін жетілдіруге бағытталғанмен, шетелдің әсері болады. Мәдени әсері, әлеуметтік-тұрмыстық, қоғамдық әсері және тағы басқа. Осы әсерлер тұрғысынан алғанда «Болашақ» сені өзгерте алды ма?

– Өзгертті деп айта алмаймын. Өйткені мен ол жаққа қалыптасқан азамат ретінде бардым. Көптеген сұрақтарға қатысты өзімнің көзқарастарым қалыптасқан еді. Содан да болар, түбегейлі өзгертті деп айта алмаймын. Бірақ біраз көзқарастарымды, құндылықтарымды жаңартты, толықтырды десем болады. Нақты айтсам, ол жаққа ағылшындар, қытайлар, жалпы батыс әлемі туралы түрлі стеротиптермен барған едім. Ол жақта тұрғанда әлгі стеротиптердің негізсіз екеніне көзім жетті. Айту бір бөлек, оқу бір бөлек. Ал бәрін күнделікті өмірде көру, қарым-қатынасқа түсу – ол мүлдем басқа.

Ливерпуль қаласы
Ливерпуль қаласы

– Англия мен Қазақстанды салыстыруға болмайтын шығар…

– Негізі салыстыруға болады. Тек салыстырсақ, біз өзіміздің кемшілігіміз көрініп қалады деп қорқамыз. Әйтпесе, Қазақстан да Англия секілді ел, өз халқы, өз тарихы бар. Барымызды таразы басына салғанда, көрсеткішіміз оларға жетпейтіндіктен сескенеміз. Ал басқа да дамушы елдермен салыстыруға келгенде, аттың басын жібереміз.

– Бәлкім қоғамдық мәдениет тұрғысынан салыстыруға болар?

– Маған ұнағаны – мәдениет. Қандай обьекті болмасын, адам, жануар, тарихи ескерткіш болсын – соны сыйлау, құрметтеу мәдениеті бар. Екінші бір ұнағаны ол – еркіндік. Өз ойыңды білдіру еркіндігі, балаға таңдау беру еркіндігі, білім алу еркіндігі, саяси процестерге қатысу еркіндігі. Және олар осыны құнттай алады. Өйткені оған жету үшін ағылшындар көп күресті. Сол үшін де оны бағалайды. Үшінші, қоршаған ортаға, тарихқа деген құрметтері. Мәселен, тазалық. Мен Ланкастер деген қалада тұрдым. Шағын ғана қала. Қаланың орталық саябағы бар. Аумағы үлкен. Бес жүз метр сайын қоқыс шелегі бар. Арасы алыс. Бірақ шашылып жатқан пластик не тамақтың қалдығын көрмейсің. Яғни, олар қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарайды.

Осло қаласы

– Алған білімінің бағаланып жатыр ма? Біліміңмен қоғамның дамуына үлесіңді қосып жатқандай сезіне аласың ба?

– Толық сезіне алмаймын. Мен салық төлеушілердің қаражатына оқып келдім. Сондықтан елге оралған бойда «жобаларды басқару – Project Management» дейтін саланың қыр-сырын сол салық төлеушілерге тегін  түсіндіргім келді. Сол мақсатта былтыр күзде бірнеше тегін лекциялар өткіздім, жобаларды басқару бойынша материалдарды ағылшын тілінен қазақшаға аудардым. Бірақ көп адамда бұл салаға қызығушылық жоқ. Мұны ашық айту керек. Дегенмен, Бас прокуратурада, Ауыл шаруашылық министрлігінде жобаларды басқару механизмі енгізіліп, үкімет жанынан арнайы офис ашылғанына қуандым. Бұл – қуанарлық жайт. Өйткені жобаларды басқаруды енгізіп, оны дамыта алсақ, ірі жобаларды тиімді басқарып, шығындарды азайтуға болады. Оны Батыс елдерінің тәжірибесі дәлелдеді. Алдағы уақытта осы сала бойынша жиған ақпаратымды, жүктеп алған ағылшын тіліндегі кітаптарды қазақшаға аударып, жинақтап, арнайы сайт ашып, сол жерге жарияласам деген ниетім бар. Себебі Қазақстанда Project Management бойынша қазақ тіліндегі мәлімет жоқтың қасы деуге болады.

– «Біліммен бөліс» деген жоба бастадың. Оның мақсаты қандай?

– Жоғарыда айтқанымдай, салық төлеушілердің есебінен оқып келдім ғой. Тегін лекциялар өткіздім. «Біліммен бөліс» жобасы сол салық төлеушілер алдындағы  волонтерлік ісімнің жалғасы. Мақсат – шет елде білім алған азаматтар сол АҚШ, Еуропа университеттерінде алған білімін лекция барысында қазақ тілінде қоғаммен тегін бөліседі. Ұсыныспен Астанадағы Тілдерді дамыту басқармасына шыққан едім, олар қолдады. Мұны әрі қарай да жалғастыру жоспарда бар.

Рим қаласы
Рим қаласы

– «Болашақ» бағдарламасы адамдардың азаматтық көзқарасы, ұстанымының өзгеруіне қаншалықты әсер етеді?

– Оқу бітіріп келген «Болашақтықтарда» алғашқы 3-4 айда дағдарыс болады. Мәдени шок. Ол – қоғамдағы дөрекі қарым-қатынас, айналаңды сыйламау, күл-қоқыс тастау. Оны көбінен байқадым. Және көптеген оқып келген азаматтарда «мені неге бағаламайды» деген сауал туады. Сөйіп шамамен алты айдан соң қайтадан Қазақстан қоғамына біртіндеп бейімделіп кетеді. Көпшілігі осы уақыт ішінде Батыста көрген еркіндікті, сыйластықты, мәдениетті көре алмаған соң, не жеке өз ісін бастайды, не жеке секторға кетіп қалады. Сондай-ақ, бағдарлама шартына сәйкес, төрт-бес жылғы міндетті жұмыс істеу шартын бітірген соң, қайтадан шетелге кетем деп жүргендер қаншама. Бұл проблема. Оларды елде қалдыру үшін тек патриотизмге үміт арту жеткіліксіз. Ол үшін сол Батыстағыдай Қазақстанда да еркін азаматтық қоғам құрып, адам еңбегі, маман бағаланатын, табысы жоғары орта, жүйе қалыптастыру керек. Басқа жол жоқ.

– Бірақ Сіз айтып отырған азаматтық қоғамы гүлденген жүйеге жетуге бізге тым алыс емес пе?

– «Қауым өзін өзгертпесе, оларды ешкім өзгертпейді» деген сөз бар ғой. Меніңше, өзгеріс жоғарыдан емес, төменнен басталса ол тұрақты болады. Мысалы, үкімет «ертеңнен бастап мәдениетті болыңдар!» деп бұйрық шығара алмайды. Бәрі де қоғамның өзіне байланысты, өз-өзіне, қарым-қатынасына байлаулы.

«Болашақ» бағдарламасынан бөлек  өз қаражатымен не өзге де бағдарламалармен шетелде оқып жатқан, оқып келген жастарымыз өте көп. Олардың саны «Болашақтықтардан» бірнеше есе көп. Міне, сол азаматтар және «Болашақпен» оқығандар өздерімен бірге мәдениетті, өзге де құндылықтарды, жаңа көзқарастарды алып келіп, біздің қоғамды бірте-бірте өзгертеді, өсіреді деп үміттенемін.

– «Болашақ» бағдарламасына тапсыруға ниетті адамдарға қандай кеңес айтар едің?

– Біріншіден, адам «Болашаққа» не үшін тапсырып жатқанын, Батысқа немесе өзге шетелге не мақсатпен баруға шешім қабылдағанын нақты айқындап алуы  тиіс. Мақсатын белгілесе, ертең сол мақсатына жету жолындағы қиындықтарды еңсеру оңай. Ал егер «жұрттың бәрі түсіп жатыр ғой, мен де қалмайын» деген бұлыңғыр ой болса, онда нәтиже де зор болуы екіталай. Мұраты анық болса, ол уақытын үнемдейді, әрбір күнін тиімді пайдалануға тырысады. Бастысы – бұл стипендияға кандидат ел бюджеті, яғни халықтың салығы есебінен оқуға түскелі жатқанын толық түсіну керек. Осыны түсінген адам, басқаны да айтпай ұғады!

– Мүмкіндік болса, қайтадан шетелге кетер ме едің?

– Әрине. Жұмыс істеп келуге барар едім. Бұл қазіргі жаһандану процесінде қалыпты дүние деп есептеймін. Шамасы келген адам шетелде білім алып, қызмет істеп, білігін арттырып келуге тырысуы керек-ақ. Бірақ түбі айналып елге келуі тиіс. Сөйтіп елді, қоғамды бірге өзгертуге күш салған жақсы. Ал сынап, шыдамай қашып кету – ең оңай тірлік. Қазақтың Қазақстаннан басқа Отаны жоқ. Егер өзіміз, бізден кейінгі ұрпағымыз жақсы мемлекетте тұрсын десек, онда оны өзгертуге үлес қосу керек. Басқа амал жоқ. Осы орайда, «Болашақ» бағдарламасына қатысты бір ұсыныс айтқым келеді. Ол – «Болашақ» студенттерін оқытқан соң, оларға сол оқыған елдерінде бір жылға дейін жұмыс тауып, істеуге көмектесу керек.  Өйткені тек теорияны оқып келіп, оны Қазақстан жағдайында қолданып кету өте қиын. Егер студент Батыс білімімен ғана емес, Батыс жұмыс тәжірбиесімен де оралса, онда студентке бюджеттен салынған қаржы анағұрлым тиімді болар еді деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет, Нұрмұхамед!

Сұхбаттасқан – Өміржан Әбдіхалықұлы  

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.