24-05-19 |
2160 рет қаралған
Болат Жұмағұлов: Ашаршылық күніне қатысты мемлекет тарапынан қандай да бір баға берілуі керек.
Болат Жұмағұлов: Ашаршылық күніне қатысты мемлекет тарапынан қандай да бір баға берілуі керек

Ашаршылық құрбандары күніне қатысты мемлекет тарапынан қандай да бір баға берілуі керек, әйтпесе оның төңірегінде әңгіме көбейе береді. Бұл туралы тарихшы Болат Жұмағұлов Алматыда өткен «Наркескен» – интеллектуалдық-пікір сайыс клубының отырысында айтты, деп хабарлайды Arasha.kz тілшісі.

Тарихшының айтуынша, ашаршылық, қуғын-сүргін қазақтың басынан өткерген тарихы. Оны қалай болған күнде де ұмытуға болмайды.

«Бұл қазақтың басына түскен үлкен қасірет. Оны геноцид дейміз бе, басқа дейміз бе… Бірақ ол халықтың басына түскен нәубет. Оның бірі табиғатпен келетін жұт, қуаңшылық, боран сияқтыдан болатын ашаршылық, ал екеншісі адамдардың бір-біріне деген кесірінен болатын кесапат.  Яғни, Қызылдардың отырықшыландыру, ұжымдастыру науқанын жүргіземіз деп, қолдан жасап алған қасіреті. Осының екеуі де қазақтың басына түсті. 1928 жылғы аштықта қатты боран болған және жазында қуаңшылық болыпты. Міне, осының бәрінен халық аштыққа ұшыраған. Ал 1931-33 жылғы аштық тікелей саясаттың нәтижесінде болған. Өйткені көпшелі қазақты отырықшыландырамыз дегенде олар дәстүрлі өзінің кәсібінен айырылып қалды. Күні-кеше Кеңес үкіметі құлаған кезде дәстүрлі экономикамыздан айырылған 1990 жылдары халық абдырап, босып кете жаздады ғой. Бұл да сол сияқты жағдай, дамып тұрған экономикалық шаруашылықты қиратты әрі оның орнын ештеңемен ауыстырмады. Нәтижесінде халықтың малы қырылды, оның үстіне қолындағысын кәмпескелеп тартып алды. Басқа күн көрісі жоқ халық ашығып, қырылғаны рас», -дейді ол.

Сондай-ақ, тарихшы бұл оқиғалардан сабақ алуымыз қажет деген ойын білдірді.

«Бұған саяси баға бермеді деп жатырмыз. Дегенмен тарихтан сабақ алуымыз керек. Болашақта мұндай нәубетке ұшырамауымыз қажет. Сонымен қатар, осы ашаршылық құрбандары күніне қатысты мемлекет тарапынан қандай да бір баға берілуі керек, әйтпесе оның төңірегінде әңгіме көбейе береді»,-деді Б. Жұмағұлов.

«Қазақ газеттері» ЖШС жанынан құрылған «Наркескен» – интеллектуалдық-пікір сайыс клубы 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Әр уақытта қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, тарихшылар, қоғам қайраткерлері және журналистердің қатысуымен талқылап келеді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.