2025 жылғы 21 мамырда британдық The Telegraph басылымының сайтында Семей ядролық полигонында Кеңес Одағы жүргізген ядролық сынақтардың салдары туралы кең көлемді мақала жарық көрді. Шетелдік журналистер Семей қаласына барып, «бейбіт емес» атомнан өмірі мәңгі өзгерген қазақстандықтардан сұхбат алды.
«60 жыл бұрын, Хиросиманы жойған бомбадан он есе қуатты ядролық бомба Қазақстанның шалғай — бірақ иесіз емес — бір бұрышындағы 178 метрлік шахтаның түбінде жарылды», — деп жазады The Telegraph, Абай облысындағы Шаған көлінің пайда болуын сипаттай отырып.
Семей полигонында термоядролық және сутегі бомбалар 40 жыл бойы — 1949 жылдан 1989 жылға дейін сыналған. Әрбір төртінші атом бомбасы қазіргі Қазақстан аумағында жарылған. Бұл сынақтардың салдары өте ауыр болды: жақын маңдағы қалалар мен ауылдарда өмір сүрген шамамен 1,5 миллион адам радиациялық әсерге ұшырады. Қазір Семей мен Абай облысы тұрғындары арасында қатерлі ісік, жүрек аурулары мен бедеулік ел бойынша орташа деңгейден әлдеқайда жиі кездеседі. Бұрынғы полигон маңында тұратындарда генетикалық мутация мен тұқым қуалайтын аурулардың қаупі орташа деңгейден екі есе жоғары.
«Модельдеу көрсеткендей, Семей полигонындағы 456 сынақтың бәрін басынан өткерген адамдар Хиросима тұрғындарына қарағанда 120 есе артық радиация алған», — деп жазады The Telegraph.
Журналистер The Telegraph басылымына Кеңес үкіметінің ядролық бағдарламасынан тікелей зардап шеккен қазақстандықтармен сөйлескен. Мақалада — кеңестік билік адамзатқа қарсы тәжірибе жүргізгендей әсер қалдыратын, адамдар тағдырын күйреткен қайғылы оқиғалар баяндалады. «Ядролық шлейф» әлі де созылып жатыр: сынақтар әлдеқашан тоқтағанымен, полигон жабылғаннан кейін де көптеген отбасында генетикалық мутациямен туған сәбилер дүниеге келуде. Радиация салдарының ең жиі кездесетін түрлерінің бірі — соқырлық.
Семей полигонындағы ядролық сынақтардың салдары тек ондаған жыл емес, ғасырлар бойы сақталуы мүмкін. Атом бомбалары жиі жарылған орыннан небәрі бірнеше шақырым жердегі тұрғындар кеңестік ядролық бағдарламаны ашық түрде геноцид деп атайды: себебі жақын маңдағы ауылдар мен қалалардан адамдарды көшірмеген, ешкімді эвакуацияламаған.
«Жастығымызда мұнда шөп адам бойындай болып өсетін. Қазір тек шаң. Мен бір жерде оқыдым: бұл жерде шөп қайта шығуы үшін 250 жыл қажет екен», — дейді Саржал ауылының 59 жастағы тұрғыны Акен Құсайынұлы.
Радиация қазақ жерін терең сіңіріп алған. The Telegraph атап өткендей, 340 атом бомбасы ашық аспанда емес, жерасты туннельдерінде жарылған. Ал осы сынақтардан қалған радиоактивті заттар мен бомбаның бөлшектерін залалсыздандыру бағдарламасы 2012 жылы аяқталғаннан кейін ғана құпиясыздандырылды.
«Жергілікті тұрғындар әлі күнге дейін өздерінің тамағы мен суы қауіпсіз бе, жоқ па — білмейді», — деп түйіндейді The Telegraph.