19 ақпан сағат 10:00-де Мәжілістің жалпы отырысы өтеді. Онда депутаттар денсаулық сақтау саласындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша заң жобасын екінші оқылымда қарайды.
Ел азаматтары үшін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында онкоскринингтік тексерулер қолжетімді болады. Ал Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты ғылыми-зерттеу институттары резидентура бағдарламалары бойынша оқытуды өз бетінше жүзеге асыру құқығына ие болады. Заң жобасында басқа да түзетулер қарастырылған.
Сондай-ақ Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ туралы келісімге және Еуразиялық топ бюджетін қалыптастыру және атқару тәртібі туралы ережеге өзгерістер енгізу туралы хаттама, Қазақстан мен Кипр арасындағы сотталған адамдарды беру туралы ратификациялық келісім қаралады.
Бұдан бөлек Мәжіліс комитеттері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін түзетулерді, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске су ресурстарын қорғау және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын, 2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенiн құру туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобаларын жұмысқа қабылдайды.