“Айта-айта Алтайды...” демекші, құқық саласындағы заңсыздықтарды айта беріп, бұрынғы әріптестерге жеккөрінішті боп тындық. Айтпайын десең, әділдік таппай, шырылдаған халық. Сот пен прокуратураның алдында өздерін өртейміз дейтіндерді сол кезде түсінетіндейсің…
Жазда бір келіншек байланысқа шықты. Ақтөбеденмін деп таныстырған Гауһар күйеуінің заңсыз сотталғанын айтып, құқықтық көмек сұрады. Ол кезде адвокаттық қызметті уақытша тоқтата тұруыма байланысты, іспен танысып, ауызша көмек берумен шектелген болатынмын. Осы жерде айта кететін нәрсе, сол кезде үш баласының әкесі, жан жары, азаматы үшін басын тауға да, тасқа да ұрып, әділдік іздеген қайсар келіншектің Бас Прокуратураға үшінші рет келуі екен.
Мән-жай мынадай:
2020 жылдың ақпан айында Ақтөбе облысының Мартук ауданында контрабандалық жолмен өткізбек болған 611 960 қорап акцизсіз темекі (құны шамамен 244 млн.теңге) тәркіленіп, ол бойынша полиция қылмыстық іс қозғайды. Тауар акцизделмеген, яғни құрамы, басқа да белгілері анықталмаған, тексерілмеген. Мұндайда біздің Заң не дейді?
Сотта, тергеуде тәркіленетін заттай (контрабандалық заттар, есірткілер, валюталар, т.с.с) айғақтарды тіркеудің, сақтаудың, өткізудің және жоюдың Үкіметпен бекітілген арнайы Ережесі бар. Атауы – ұзын -сонар. “»Тәркіленген заттарды есепке алу, сақтау, беру және заттай дәлелдемелерді, алынып қойған құжаттарды, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, қылмыстық істер бойынша сот, прокуратура, қылмыстық қудалау және сот сараптамасы » деп аталады) Қысқаша – Ереже дейік.
Қай зат жойылуға жатады, қай айғақ қайтарылуға, қай нәрсені сатуға және одан түскен қаражатты мемлекет кірісіне өндіруге жатады деген құқықтық мәселелер сол Ережеде көрсетілген.
Аталған норманың талабы бойынша, тергеуде тәркіленген заттарды сатуға немесе жоюға шешімді Сот қабылдайды. Яғни, тергеу органы қандай да бір әрекет жасау үшін соттың санкциясы керек.
Қош, аталған заң талабын сақтап, сол кездегі Мартук аудандық полициясының тергеу бөлімі басшысы Айбат Ерғалиев тәркіленген темекілерді сатып, қаражатты мемлекет пайдасына өндіруге рұқсат сұрап, тергеу сотына жүгінеді. Сот кері қайтарады, яғни тергеуші талабын қанағаттандырусыз қалдырады. Сатуға рұқсат етпейді. Өйткені, ҚР “Темекi өнiмдерiнiң өндiрiсi мен айналымын мемлекеттiк реттеу туралы” Заңының 13 бабында “Акцизделмеген темекі өнімдері жойылуға жатады” деп анық көрсетілген.
Сонымен тергеудің басшысы А.Ерғалиев бұл іске нүкте қояды. Заңмен көзделген барлық шараларды жасайды да, контрабандалық жолмен әкелінген акцизсіз темекілерді жою үшін аудан прокурорына шығады. Сол кезде аудан прокурорының м.а. А.Махамбетжан өз өкілеттігін пайдаланып, Мартук аудандық прокуратурасы Ақтөбе облыстық сотына шағымды өзі түсіреді.
Ақтөбе облыстық сотының судьясы Н.Ормаханов 06.08.2020 ж. Қаулысымен тергеу сотының судьясы Нұршарыповтың акцизсіз темекілерді сатуға тиым салған қаулысын бұзады. Сөйтіп, аудан прокурорының талабын қанағаттандырып, тәркіленген 611 960 қорап, құны 244 млн.теңгеге бағаланған темекілерді сатуға рұқсат береді.
Содан тергеудің басшысы А.Ерғалиев не істейді? Соттың шешімін орындамасқа өкілеттігі жоқ. Облыстың соты солай шешім шығарып берсе, сатылу керек. Одан түскен қаражат мемлекетке түсуі керек. Ең жоғарыда көрсетілген ереже талабына сай, тәркіленген заттарды сататын компанияны жергілікті әкімдік табуы керек. Солардың құзырына жатады. Ерғалиев хатпен әкімдікке шығады. Әкімдік «Adele invest» ЖШС-н ұсынады. Ол ЖШС-ның директорын Ерғалиев танымайды, білмейді. Әкімдіктің белгілеген мекемесі болғандықтан, жаңағы қоймада сақталып тұрған 612 мыңға жуық қораптағы темекіні акт жасап, түгел өткізеді. ЖШС – ның директоры Т.ЖАЛҒАСОВ тауарды түгел қабылдап алады.
Қызықтың бәрі осы жерден басталады. Әлгі ЖШС 244 млн-дық затты алып, жоқ боп кетеді. Ерғалиев оны екі жыл іздейді. Себебі мемлекетке тәркіленген тауардан бір тиын түспеген. Шарқ ұрып, іздеп, тауып алады да, ЖШС-ның үстінен іс қозғау үшін прокурорға қаулымен шығады.
Қысқасы, соңында кімнің сотталғанын білесіздер ме?! Мемлекет пайдасын ойлап, пәлен миллиондық тауарды жымқырып, жоқ боп кеткен компанияны жауапқа тартпақ болған А.Ерғалиевтің өзінің үстінен іс қозғап, 5 жарым жылға соттатып жібереді. Бас бостандығынан айырып, қамауға алады. Түкте түсінбеген Айбатқа араша сұрап, шырылдаған әйеліне облыс прокурорының сол кездегі көмекшісі “Күйеуің секіре бермеу керек еді. Білуге тиісті емес нәрсеге мұрнын тығып” дейді…
161 950 қорап (құны – 244 млн.) контрабандалық жолмен әкелінген акцизделмеген темекіні жоқ қып жіберген, (мемлекетке бір тиын құймаған) компанияны жауапқа тартпақ болған Ақтөбе облысы, Мартук ауданы тергеу бөлімінің басшысы Айбат Ерғалиевқа қандай айып тағылды?
Айбат Қылмыстық Кодекстің 362-бабымен (қызметін асыра пайдалану) сотталып отыр. Қазір Семей түрмесінде. Соттың айтуынша, “заңсыз әрекетімен мемлекетке орасан, атап айтқанда 244 млн. шығын келтіріпті”. Айыбы сол екен. Парадокс па? «Adele invest» ЖШС-на контрабандалық тауарды өткізіп, “жеке бас пайдасын көздепті”-міс. Ары қарай ол компанияны іздемепті-міс. Менің алдымда Ерғалиевтің «Adele invest» ЖШС-н іздеп, мемлекетке түсуі тиіс қаражатты іздеп, түрлі мекемелерге(оның ішінде әкімдік, прокуратура бар) жазған 12 хаты тұр. Кәдімгі мекеменің мөрі басылып, қол қойылған ресми хаттар. Ол хаттардың іс материалдарында болмауы мүмкін емес.
Сот актілерін оқып, жыларыңды да, күлеріңді де білмейсің. Бірінен бірі көшіріп жаза берген. Соңғы үміт – Жоғарғы Соттың шешімі еді. Бір сауатты жазса, Жоғарғы Соттың судьялары жазар. Негіздеп, шегелеп тұрып жазар деген ойым да быт-шыт болды… Ет сасыса тұз бар, тұз сасыса, не себеріңді білмейсің ғой.. Дәл сол жағдай..
Алдыңғы постта Ерғалиевтің келіншегі Гауһардың әділдік іздеп, ашпаған есігі, баспаған босағасы қалмағанын, (оның ішінде Бас Прокуратураға үш рет) айтып өттік. Алдыңғы екі рет келгенде, әдептен озбай, сауатты күресіп жүрген келіншектің арызын қазақша айтқанда, ешкім пысқырмаған ғой. Қысқа жауап жазып, қоя салған. Үшінші рет келгенде, өзін өртемесе де, соған жетеқабыл эмоциямен ашынып, Бас Прокуратурада шу шығарған. Бізде шуламаса, шулатпаса, таптап өте салатын, істі қалай болса, солай бұрмалай салатын әдіс бар емес пе? Әділдік барына кәдімгідей сеніп келген, ақырында тауы шағылып, күресуге күш-қуаты да қалмай, сансырап жүрген жандарды көргенде, бәрінен түңіліп кетесің.
Қош, сонымен әбден ашынған адамның жанайқайынан нәтиже шығып, Бас Прокуроратура қызметкерлері істің мән-жайын толық тыңдап, түсінгенде, бастарын шайқап, істі Ақтөбеден алдыртады. Бас Прокуратурада жай мамандар емес, тәжірибелі, білікті заңгерлер істейді. Істі әбден зерттеп, сот шешімдері заңсыз шығарылған, Ерғалиев заңсыз сотталған деген ұйғарымға келеді. Бас Прокурорға баяндайды. Соның нәтижесінде Жоғарғы Сотқа Берік Асыловтың қолы қойылған наразылық дайындалады.
Дұрыс болды ғой, енді тәркіленген заңсыз тауарды өздері шағым түсіріп, облыстық сотқа жазған аудан прокуроры, жойылуға жататын контрабандалық заттарды сатуға шешім шығарған облыстық сот судьясы, қала берді, тауарды сататын ЖШС-ны тауып берген әкімдік қызметкері, бастысы – 244 млн затын қабылдап алып, мемлекеттік бюджетке бір тиын құймаған «Adele invest» ЖШС-сын жауапқа тартатын шығар, өз өкілеттігі шегінде заң талаптарын орындаған тергеу басшысының ісі қайта қаралатын шығар деп үміттенген болатынбыз.
Бірінші сатыдағы сот пен апелляциялық алқаның қаулысында не жазылған, дәл сол ізден, сол негізден ауытқымаған Жоғарғы Сот Қаулысын оқығанда, айтарға сөз қалмады..
Ләззат Ахатова, адвокат
-
06.12.2024
-
06.12.2024
-
06.12.2024
-
06.12.2024
-
06.12.2024
-
06.12.2024
-
06.12.2024
-
06.12.2024
-
06.12.2024