arasha.kz

Дәурен Абаев: Батырлардың есімін естен шығармау парызымыз (видео)

Бүгін Ақтөбе болған террактіге үш жыл толды. Қайғылы оқиғаның үш жылдығына байланысты ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев фейсбук парақшасында арнайы жазба жариялады.

«2016 жылдың 5 маусымы – еліміздің тарихында қайғылы күн ретінде есте қалады. Осыдан тура 3 жыл бұрын бейбіт елдің аспанында оқ атылды, жазықсыз жандар жапа шекті. Ақтөбедегі теракт тұрғындардың тыныштығын бұзды. Теріс діни ағымның жетегіне ерген лаңкестік топтың мүшелері қаладағы екі қару-жарақ дүкенін тонап, әскери бөлімге шабуыл жасады. Олардың қолынан 4 бейбіт тұрғын мен 3 әскери қызметкер қаза тапты:
Андрей Максименко,
Николай Онищенко,
Мерхан Тәжібаев,
Михаил Матросов,
Досбол Сапар,
Даниэль Майлыбаев,
Берік Қалиев.

Құқық қорғаушылар мен арнайы органның қызметкерлері бірқатар лаңкестің көзін жойды. Қолға түскен 7 адам өмір бойы бас бостандықтарынан айырылды, екеуі 20 және 22 жылға сотталды.

Жоғары технологиялар қарқынды дамыған бүгінгі кезеңде, кейде ең маңызды дүниелерді де естен шығарып алып жатамыз. Бейбіт күннің жазықсыз құрбандары мен бейбіт елдің батырларының есімін естен шығармау бәріміздің парызымыз деп ойлаймын.
Күллі мұсылмандар қауымы үшін қасиетті саналатын осы айда, Ақтөбедегі теракт кезінде қаза болған азаматтардың туған-туыстары мен жақындарының қайғысына біз де ортақ екенімізді айтқым келеді. Алла сіздерге сабыр берсін, еңселеріңізді түсірмеңіздер, бекем болыңыздар. Сіздердің әкелеріңіз бен ағаларыңыздың, ұлдарыңыздың есімі ешқашан ұмытылмайды» деп жазады министр.

Осыдан 3 жыл бұрын, 2016 жылдың 5 маусымында радикал дін ағымындағы 40-тан аса ер адам Ақтөбеде теракт жасады. қанды оқиға бойынша сот алдына 29 адам келді. Олардың 9-ына террористік актіге қатысты деген айып тағылды. Қалған 18-іне дайындалып жатқан теракт жайлы хабарламады, ал екеуіне қылмысты жасыру дерегі бойынша айып тағылды. Сот барысында сотталушылар өз ісіне өкініп, өмір бойына бас бостандығынан айырмауды сұраған. Алайда Бақыт Қуанышбаев, Асхат Иманғалиев, Әнуар Садихов, Жаңабай Қуанышбаев, Әлібек Ақпанбетов, Арсен Таңатаров және Асхат Рахметовтердің теракт жасағаны дәлелін тауып, олар өмір бойына бостандығынан айырылды. Ал тағы екі адам 20 және 22 жылға сотталды.

Exit mobile version