Елордада Qazaq радиосының Алтын қорындағы үздік ертегілер, батырлар жыры, әндер мен күйлер, айтыс пен нақыл сөздер енген «Дала фольклорының антологиясы» таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылды.
«Бұл антология біз үшін де, келешек ұрпақ үшін де өте құнды жәдігерге айналатыны белгілі. 100 жылға жуық тарихы бар Қазақ радиосының Алтын қорында сақталған рухани мұрамызды жарыққа шығаруды маңызды әрі елеулі оқиға деп ойлаймын. Ең алдымен, бұл жоба арқылы балалардың санасына бабаларымыздың бай мұрасын сіңіреміз. Ұлы ұлтымыздың фольклорын біліп өскен ұрпақ ешқашан ұтылмайды. Өйткені, біздің ертегілеріміз бен батырлар жырында ұлттың мұраты, бабалар аманаты, даланың кеңдігі, қазақтың дархан да жауынгер болмысы бейнеленген», – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Жинақтың тағы бір ерекшелігі – кітап ішіндегі арнайы дискілерге жазылған әндер алғашқы орындаушылардың үнімен түпнұсқа қалпында еніп отыр.
«Жинақта ХІХ ғасырдағы халық композиторларынан ән үйреніп, олардың біздің заманымызға дейін үзілмей жетуіне үлес қосқан барлық өнерпаз қамтылды. Атап айтқанда, Әміре Қашаубаевтың «Балқадишасы», «Дударайы», «Жалғыз аршасы» мен «Бесқарагері» бар. Кенен Әзірбаевтың «Көк шолағын», «Бозторғайын», «Бұлбұлға» және «Домбырасын» тыңдауға болады. Манарбек Ержанов, Қали Байжанов, Байғабыл Жылқыбаев сынды дауылпаз жыршылардың әні де осы жинақта сақталды. Күйге келсек, Дина Нұрпейісова, Жаппас Қаламбаев, Әбікен Хасенов пен Мағауия Хамзиннің орындауындағы құнды шығармалар топтастырылған», – деді министр.
«Qazaq radiolary» ЖШС директоры Құрманбек Жұмағалидың айтуынша, антология «Ертегілер», «Батырлар жыры», «Әндер», «Күйлер», «Айтыс», «Салт-дәстүр», «Атадан қалған асыл сөз» сынды 7 бөлімнен тұрады. «Қазақ радиосында 1959 жылдан бастап, «Ерден атаның ертегілері», «Зәмзәгүл әженің ертегілері», «Айдос атаның ертегілері» және «Сауық әженің ертегілері» атауымен 350-ден астам хабар дайындалды және оның барлығы жаңа антологияға енді.
Батырлар жырының 50 нұсқасы 2015 жылы қайта үнтаспаға жазылған екен, соның 19 жыры антологияға енді. Күйлерді шертпе күй, төкпе күй, қобыз күйлері, сыбызғы күйлері атауымен топтастырып, 160 күй енгіздік. Және айтыстың 10-ға тарта ең үздік түрлерін іріктеп алдық», – деді Қ. Жұмағали. «Дала фольклорының антологиясы» мың данамен шығарылып, ЖОО, өнер мектептеріне және кітапханаларға таратылады және арнайы сайт пен мобильді қосымшада қазақстандықтар мен шетелдіктерге қолжетімді болады.
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024