Біз
әлеуметтік
желіде
21-05-25 |
5490 рет қаралған
Даудың басы – Кәрімовтің атағы ма?.
Даудың басы – Кәрімовтің атағы ма?

105 жыл бұрын алғаш рет мәдениет саласы өкілдеріне беріле бастаған «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы биыл да тапсырылды. Президент Жарлығымен ұлттық мәдениетті дамытуға және насихаттауға қосқан айрықша үлесі, мәдениет саласындағы аса үздік жетістіктері үшін Қазақстанның Еңбек Ері атағы Қайрат Байбосыновқа берілсе, «Қазақстанның Халық әртісі» атағы Александр Беляков, Айгүл Қосанова мен Әлішер Кәрімовке бұйырды.

Әлеуметтік желіде жас әнші Әлішер Кәрімовке Халық әртісі атағының берілуі екіұдай пікір туғызды. Дәстүрлі әнші, қоғам қайраткері Ерлан Төлеутай Facebook желісінде бұл жаңалықты сынмен қабылдап, «атақ апты фанерщик сарт баласы» десе, ақын Бақыт Беделхан «Әлішер — халық әртісі!…  Мейрамбек, Бекжандар кім, сонда? Еркін, Нұржан, Тілеулестермен таразыға салмай ма? Біздің билікте би жоқ па, би болғанның өзінде оларда ми жоқ па?!

Мейрамбекке халық әртісі емес, Еңбек ерін беру керек! Алты жасынан Алты Алаштың ұрпағын тәрбиелеп, ұлтты рухтандырып келе жатыр ғой» — депті. Желі қолданушылары Халық әртісі атағын билікке жиі сын айтатын Ерлан Төлеутай мен дәстүрлі ән өнерінің майталманы саналатын Сәуле Жанпейісованың биыл да алмағанын сын тезіне алып отыр. 

Ал Мәжіліс депутаты Ринат Зайытовтың өлеңі қоғамда қарсылық туғызды. Депутат өлеңінің астында «Бүгін Қазақ мәдениеті үшін жартылай қайғылы күн деуге болады» деп жазған. Экономист Сабит Рысбаев бұған наразылығын білдіре отырып: «Әрбір нәрсеге өлең шығарып отырсаң, депутаттық мандатыңды тапсыр. Шығармашылықпен айналыс. Айналаның бәрі қымбатшылық. Инфляция деген өсіп жатыр. Теңге күннен күнге әлсірейді. НДС-ті 16%-ға өсіреді. Порогты түсіреді. Халықтың тұтынушылық табысы азаяды. Зейнетақы қорындағы ақша минусқа кетеді. Пайыздар өсіп жатыр» — деп жазған.

Бұл орайда Әлішерді қолдап отырған азаматтар да баршылық. Желі белсендісі Есбол Махисов: «Әлішер Кәрімов – даусы керемет әнші. Еліміздегі музыка саласына қосқан азды-көпті еңбегі бар. Димаш, Данелия Төлешова, Айри шыққанша, Қазақстанды халықаралық ән байқауларында танытып жүрді» деп қолдау білдірген.   

Біз бұл даудан кейін Халық әртісі атағының осы күнге дейін кімдерге берілгенін сараптап көрдік. 1923 жылы Қазақ АКСР Халық әртісі атағы енгізілсе, 1940 Қазақ КСР халық әртісі атағы деп қайта бекітілді. Бұл атақты ең алғаш алған адам музыкант, этнограф, сазгер Александр Затаевич. 1931 жылы театр және кино актері Елубай Өмірзақов пен режиссер, драматург Жұмат Шанин алған.  

Кеңес одағы заманында бұл атақты алғандар қатарында үлкен тарихи тұлғалар Қанабек Байсейітов, Евгений Брусиловский, Қалыбек Қуанышбаев, Серәлі Қожамқұлов, Шара Жиенқұлова, Жүсіпбек Елебеков, Жамал Омарова, Дина Нұрпейісова, Шәкен Айманов, Ғарифолла Құрманғалиев, Роза Бағланова, Кәукен Кенжетайұлы, Сәбира Майқанова, Бибігүл Төлегенова, Әзірбайжан Мәмбетов бар. Сондай-ақ, Асанәлі Әшімов, Әлібек Дінішев те бұл атақты кеңестік заманда алып үлгерген.

1991 жылы бұл атақ Қазақстанның халық Әртісі деп ресми өзгертілді. Тәуелсіздік жылдары бұл құрметті атақты Айман Мұсақожаева, Алтынбек Қоразбаев, Әзірбайжан Мәмбетов, Әмина Өмірзақова, Құдайберген Сұлтанбаев, Мақпал Жүнісова, Нұрғали Нүсіпжанов, Тұңғышбай Жаманқұлов алған. Бірақ 14 жыл бойы бұл атақ берілмеді.

Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов қос бірдей құрметті атақтың берілмегенін өкінішпен қабылдап, тіпті бұл мәселені Үкіметтің селекторлық отырысында көтерген еді. Бұл орайда ол:

— «Мәдениет және өнер адамдары ел арасында беделді боп, халық сүйіcпеншілігіне бөленуі үшін жанын салып қызмет етеді. Олардың бизнесмендер секілді ақшасы мен жиған-тергені жоқ. Әртістің еңбегі жанып, атақ-даңқы еленіп жатса, одан бақытты адам жоқ. Сондықтан осы мемлекеттік құрметті атақтарды бұрынғы жүйемен «Еңбегі сіңген әртіс» және «Халық әртісі» дегенді қайта жаңғыртып, оны өздеріне беру керек» — деген еді.

Бірақ араға оншақты жыл салып президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2023 жылы бұл атақ қайта қалпына келтіріліп, креативті индустрияға еңбек сіңіріп жүрген азаматтар қайта марапаттала бастады. Бұл құрметті марапат Дулыға Ақмолда, Рамазан Стамғазиев, Айгүл Үлкенбаева мен Димаш Құдайбергенге берілген еді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мәдениет саласындағы саясатты жан-жақты ойластырып жүргізу керек. Қазір бұл саланы өркендету үшін жаңа тұжырымдама жасалып жатыр. Бұл құжат еліміздің мәдени мұрасын сақтау, насихаттау және ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде шешуші рөл атқарады деп сенемін. Шығармашыл зиялы қауым көпшіліктің көңілінен шығатын, мемлекеттің мүддесіне сай келетін туындылар ұсынады деп үміттенемін», — деген еді.

Мемлекет басшысының креативті индустрияны дамытуға бағытталған бастамаларын өнерпаздар оң қабылдап, қуанышын жасырмады. Әрине 14 жыл берілмеген атақты Димаш Құдайбергенге бергенде әншілердің ішінде де «әлі жас қой» дегендей әңгімелер айтылған болатын. Бірақ қазірше Димаш жастығына қарамастан бүкіл әлем таныған, посткеңестік аймақта ғана емес, Еуропа, Азия, Кавказ, Оңтүстік және Солтүстік Америка, Австралияда мойындалған жалғыз қазақ әншісі боп тұр.

 Ол 2017 жылы 1,5 млрд халқы бар Қытайдың Singer байқауында екінші орын иеленді. Оның байқауда бірінші күні айтқан әні бір түнде 600 млн рет қаралған. 2019 жылы АҚШ-тың CBS «The Worlds Best» ән байқауында жартылай финалға дейін шығып, бірақ қазақтың салтымен өз жолын жас әнші Данелия Төлешоваға берген еді. Қытайдың Chinese Top Ten Awards байқауында «Азияның ең танымал әншісі» және «Ең танымал шетелдік әнші» атағын жеңіп алды. Димаш Құдайберген көне ұлттық әндерді жаңғыртып, 1916 жылғы тарихи оқиғаларға байланысты шыққан «Самалтау» әнімен қатар, Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін қайта өңдеп, тыңдармандарға ұсына білді. Қазір Сәкеннің әндерін Колумбиядағы жанкүйерлерге дейін қазақша айтып жүр.    

Әлішер Кәрімов өз карьерасында көбіне ресейлік «Славян базары», «Жаңа толқын» (Новая волна) сияқты жобаларға қатысқан. Отандық Super Star.kz жобасының түлегі. Бірер жыл бұрын Ресейдің «Дауыс» (Голос) жобасына қатысып, ақтық сынға дейін жетіп, екінші орын алған еді. 2022 жылы Кремль сарайында кеңестік ескі ән – «Как молоды мы были» туындысын қайта жаңғыртып шырқаған. Әнші қазақ, өзбек және орыс тілдерінде ән айтады.

Кәмшат ТАСБОЛАТ

Фото: Әншінің жеке парақшасынан

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.