arasha.kz

Даукестіктен қалай арыламыз?

Медиация – дауды тиімді шешудің, жанжалды сотқа жеткізбей қараудың, тараптарды әуре-сарсаңға салмаудың кепілі. Медиацияның осындай артықшылықтарына көз жеткізгендіктен болар, Америка құрама штаттарында даулардың 90 пайызға жуығы, Ұлыбританияда 87 пайызы, Словенияда 40 пайызы, Қытайда 30 пайызы өзара келісімге келумен аяқталады екен. Мұндай көрсеткішке медиацияны дамытуға жаңа талап жасап жатқан елдердің бәрі таңдана қарайды. Ал, қазақ тарихында даулардың 100 пайызы дала заңдылығына орай, билердің араласуымен оң шешімін тапты емес пе? Бітімгершілік біздің қанымызда бар. Ендеше, бізге басқа елдердің тәжірибесіне тамсанудың орнына, дала заңын тірілтуге көбірек назар аудару қажет. Өйткені, қазақтың билері бір ауыз сөзбен-ақ қос тарапты мәмілеге келтірудің һас шебері болған. Осыдан кейін ағайын мен ағайынның арасындағы татулыққа сына түсірмеген, ел мен елдің арасын жалғаған билерді мықты демей көр. Ал, тентектерін қапасқа қамамай-ақ тәртіпке салған дала заңының оң тәжірибесін жандандыру, жаңғырту бүгінгі ұрпақ парызы.

Бітімгершілікті қайта қалпына келтіру тек «Медиация туралы» арнайы заң қабылдаумен шешілмейтінін уақыттың өзі көрсетті. Заңның қабылданғаны дұрыс. Бірақ, ол халықтың сұранысына сай болмаса, жүзеге асыру тетіктері толық жасалмаса қозғалыссыз қалады. 2011 жылы қабылданған «Медиация туралы» заңның жеті жыл өткеннен кейін ғана тараптар қолдауына ие болуының негізгі себебін осы тұстан іздеген жөн. Заңның ең басты кемшілігі атының қазақы санамен үйлеспеуінде. Егер әу баста құқықтық құжатты бітімгершілік заңы десек оны халықтың қабылдауы да басқаша болар ма еді? Медиацияның мағынасына бойламағандықтан, бітімгершілікке жан бітіретін медиаторлардың кім екенін, немен айналысатынын, мақсаты қандай екенін халық түсіне қоймады. Мұндай жағдайда медиатор қанша жерден кәсіби болса да мойындалуы қиын.

Дегенмен, Азаматтық процестік кодексте «татуластыру рәсімдері» деген жеке тараудың қосылып, дауды судья-медиатордың, медиаторлардың, адвокаттардың көмегімен бітістіруге нақты қадамның жасалуы ортақ мәмілеге келетіндер қатарын көбейтті. Бұған қоса, Жоғарғы Соттың бастамасымен қолға алынған пилоттық жобаның, құзырлы орындармен медиацияны дамытуға қатысты жасалған меморандумдардың бітімге келетіндердің көбеюіне өз әсерін тигізбей қалмағаны анық. Шынында, қазіргі медиация бойынша қалыптасқан оң өзгерісті насихат жұмысынан бөліп қарай алмаймыз. Судьялар қауымы медиация мен медиаторларды насихаттауда бір кісідей жұмылып жұмыс жүргізді. Бір соттың озық тәжірибесін басқа соттар іліп әкетіп, жақсы істің жалғасы болатынын көрсете білді. Осы жылдар ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақалаларда есеп жоқ. Олардың барлығы медиациямен біткен істерді көпшілікке үлгі етуімен, жаңа бастаманы жүзеге асыруда көлденең тартқан кемшіліктерді ашық көрсете алуымен құнды еді. Соның арқасында бүгінде медиацияны, медиаторды білмейтін азаматтар кемде-кем.

Ендігі жерде осы бітімгершілікті пайдалана отырып сотқа жетпей шешілетін даулардың санын көбейту, ортақ келісімге келетіндердің қатарын арттыру басты міндет болып отыр. Өйткені, былтырғы жылды қорытындылаған жиында Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов 2013 жылы қазақстандық соттар 560 мың азаматтық істі қараса, 2017 жылы бұл сан 900 мыңға жеткенін айтып, жүктемесі төрт есеге көбейген судьядан жоғары сапа талап етудің өзі қиын екенін жеткізді. Расында, жүктемесі өскен судьялардың ізденуге де, әр іске мұқият қарауға да, тәжірибесін шыңдауға да мүмкіндігі жоқ. Ал, біраз уақыт сот әуресімен өткізетін азаматтарға дауласу оңай тиеді деп айта алмаймыз. Соттасудың жүйкеге салмақ түсіріп, ақшалай шығын әкелетінін, уақытта текке кетіретінін айту артық. Осы мәселенің барлығының шешімі біреу. Ол – медиация.

Қазір барлық соттарда арнайы медиация кабинеттері ашылды. Алматы қаласының кәмелетке толмағандар іс жөніндегі мамндандырылған ауданаралық сотында медиация кабинеті жасақталған. Онда тараптардың еркін сөйлесіп, ортақ келісімге келуіне толық мүмкіндік бар. Осындай игі өзгерістердің арқасында 2017 жылдың алғашқы бес айында 28 қылмыстық іс түсіп, оның ішінде 9 адамға қатысты 6 іс медиативтік келісімге келуге байланысты қысқартылған еді. Ал биылғы бес айда сот қоржынына түскен 27 қылмыстық істің 4-уінде медиативтік келісім қолданылды. Сондай-ақ, әкелікті тану, алимент өндіру, ата-ана құқығынан айыру, баланың тұрғылықты жерін анықтау, ата-анасы мен баласының кездесу уақытын белгілеу бойынша 14 істе медиативтік келісім жасалды. 2017 жылы 18 іске тараптар ортақ мәмілеге келген болатын. Көріп отырғанымыздай, сотта медиацияның қолданылуы күн санап өсіп келеді.

Кешегі билер – бүгінгі қазылар. Шешендігімен, көрегендігімен көпшілікті аузына қаратқан би бабалар дәстүрін жалғастыру бүгінгі ұрпағына қиындық келтірмесе керек. Әлем назарында тұрған Сириядағы соғыстың бейбіт шешілуін қалап, тараптарды Астана төріне жинаған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ісі біздің кешірімге жақын, бәтуаны жақсы көретініміздің жарқын көрінісі.

А.Ешеев,

Алматы қаласы кәмелетке толмағандар іс жөніндегі мамндандырылған ауданаралық сотының төрағасы

Exit mobile version